Жойқын жер сілкінісі бола ма немесе ғылыми болжамдар не дейді?

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 296
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соңғы кездері Алматы маңында жер сілкінісінің жиілеп кетуіне байланысты түрлі болжам айтушылар, өздерінше сәуегейлік танытып «пәлен айдың пәленінші күні пәлен сағатта жойқын жер сілкінісі болады екен...» дегендей қаңқу сөздерді таратушылар, сол сөздерге еріп үрей тудырушылар көбейіп кетті. Көңілдегі алаңды қарғалардың топтасып ұшып, тынбай қарқылдағанының өзі арттыра түсті.


Бірқатар білгіштер аймақтағы жер сілкінісін Қытай аумағында бұрғыланып жатқан 15 шақырымдық ұңғымамен байланыстырады. Ондайлар «Мұның бәрі әдейі істелініп жатқан шаруа. Әйтпесе бұған дейін тыныштықта болып келген жер қойнауы неге тосын мінез таныта бастады?» деп  өзеурегенде «Бұл тұжырымға да негіз бар ма?» деген күмән ойыңа оралмай қоймайды. 

«Алматы маңында 9-10 баллға дейінгі жойқын жер сілкінісі жүз жылда бір рет қайталанып тұрады. Сол мерзім таяп қалды...» деген әңгіме де кең таралған болжамдардың қатарына жатады. Көп айтылып, қайталана бергеннен кейін бұл тұжырым да ғылыми жағынан дәлелденген ақиқаттардың қатарына еніп кеткендей. Содан кейін де шығар, эколог Мэлс Елеусізов те осы болжамды қуаттап: «100 жылда бір болатын қатты жер сілкінісі қайталануы мүмкін, қазір уақыты да келіп тұр», – деген пікірін білдірген.   

Ал енді аймақ тұрғындарын өзгеше толғандырып отырған осынау мәселелер жайында ғалымдар, мамандар не дейді деген мәселеге келетін болсақ, оқырмандар назарына ұсынуға тұрарлық бірқатар жайттардың бар екенін көреміз. 

Жүз жыл сайын қайталана ма?

Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков Halyq Uni.kz-ке берген сұхбатында «Алматыда жойқын жер сілкінісінің 100 жыл сайын қайталанатыны дәлелденбеген», –  деп тұжырымдайды. Маманның айтуынша, өңірде мұндай жер сілкінісі бір рет қана орын алды. Геологиялық уақытпен алғанда Верный мен Шелек, Кемин жер сілкіністері бір мезетте болған. Бұдан басқа дерек жоқ. 100 жыл сайын  қайталанады деп айту үшін «1800, 1700, 1600 жылдары осындай жер сілкіністері болды ма?» деген сұраққа жауап табу керек. Ондай дерек жоқ. 2000 жыл келгенімен мұндай жер сілкінісінің болмағаны да осы тұжырымды қуаттай түседі. Сондықтан бұл орайдағы әңгімелердің бәрі болжамдардың қатарына жатады.

Мәселе аса маңызды болғандықтан маманның биылғы 23 қаңтар мен 4 наурызда болған жер сілкінісінің ошағы жайындағы пікірін де толықтай келтіре кетейік. «Олар Алматыда болып жатқан жоқ. 23 қаңтарда Алматыдан 270 шақырым жерде Қытай мен Қырғызстан шегарасында болды. Алматыда 5 балл болып сезілді. 4 наурыздағы жер сілкінісі Алматыдан 31 шақырым жерде Қырғызстан мен Қазақстан шегарасында болды.Алматыда 5 балл болып тіркелді. 6 наурызда сезілген жер сілкінісінің ошағы Қытайда орналасқан. Ол – ілеспе дүмпу. Оған байланысты сейсмикалық процестер жүріп жатыр. Ол ошаққа алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі ол жерде болатын күшті жер сілкінісі Алматыға қауіп төндірмейді», – дейді маман. 

Қырғызстанның бас сейсмологы Қанат Әбдірахматов та марқұм қырғыз ғалымы, профессор Е. Мамыровтың зерттеулеріне сүйене отырып Алматыдағы белсенді жер сілкінісі кезеңінің аяқталғалы тұрғанын болжаған екен. Білдей бір республика бас маманының мұндай оң болжамына «аузыңа май, астыңа тай» дей отырып оның пікірлерін де келтіре кетейік.

Профессор Е. Мамыровтың Тянь-Шань тауларындағы сейсмикалық кезеңдерді сипаттайтын бұл зерттеуінің Алматы облысына да тікелей қатысы бар. Қанат Әбдірахматовтың сол еңбекке сүйене отырып тұжырымдауынша, аталған облыс 1900  жылдан бері үш сейсмикалық кезеңді бастан өткерген. Ал төртінші кезең 2008 жылдан басталады. 

Әр кезеңнің басталатын және аяқталатын уақыты болатындығына орай бұл кезең де 2026 жылы аяқталады деген болжам бар. Ең бір үміттендіретіні – әрбір осындай кезеңнен кейін сейсмикалық белсенділік деңгейі төмендейді екен.

«Мамыровтың есептеулері бойынша, осы белсенді кезеңде жер сілкінісінің күші 5-6 балдан аспауы керек еді. Әзірге бұл болжам дұрыс болып шықты. Болжағаннан асып кеткені – 23 қаңтардағы Қытайдағы жер сілкінісі», – дейді сейсмолог.

Біржақты болып кетпеу үшін бұған қарама-қарсы пікірлердің де бар екенін айта кетейік. Мәселен, тәуелсіз сейсмолог Мұхтар Хайдаров жер сілкінісінің ошағы Алматыға жақындап келеді деген пікірде. «...шегарада (қырғыз бауырлармен – Н. Ә.) Кемин деген үлкен жарық бар, жер сілкінісі тура соның ортасында болды. 130 жыл бұрын, 1887, 1889 және 1911 жылдары, қатты қысымның салдарынан қатты жер сілкінген еді. Қуатты жер сілкінісінен үйлер құлады. Сол жер сілкінісімен байланыс көрініп тұр. Демек, Алматыда қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін», – деп тұжырымдайды ол. 

Мұндайда көңілге «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген мәтелмен қатар «Сақтансаң сақтайды...» деген ескертпе қатар оралады. Әбдірахматов айтқандай, жойқын жер сілкінісі болмай-ақ қойсын, бірақ қауіпті аймақта орналасқандықтан сақтық шарасын қай кезде де естен шығаруға болмайды. Бұл тұжырым мегаполис аумағына жеке тұрғын үй салушыларға да қатысты. Құрылысты арзанға түсіремін деп қолда бар материалдан ілдәлдалай салудың, беріктік шарттарын сақтамаудың соңы үлкен өкініштерге ұрындырып жүрмесін.

Қытайдағы ұңғыманың қатысы жоқ

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейбір замандастарымыз кейінгі кезде жиілеп кеткен жер сілкіністерінің, басқа да апаттардың себебін өзге бір жайттармен байланыстырып, тіпті басқа бір мемлекеттердің қастық әрекеттері деп қарастыруға да дайын. Ондай азаматтар табиғат қолайсыздықтарының өзін «Бізге климаттық қару қолданылып жатыр» деп дәлелдегілері келеді. 

Осы орайда бірнеше жыл бұрын бәрімізді алаңдатқан, бір ғана елді емес, бүкіл әлемді дүрліктірген «ковид» індетінің тұсындағы дүрлігіс, жалпы көпшіліктің тұла бойын жайлаған үрей ойға оралмай қоймайды. Ол кезде де «Аурудың қоздырғышын ауыл-ауылдың үстіне ұшақпен шашып жүр екен. Дәлел керек болса, міне...» дегендей қаңқу сөздердің таралып кеткені белгілі. «Аурудың микроскоппен ғана көрінетін қоздырғышын әр ауылдың үстіне ұшақпен бұрқыратып шашатындай мөлшерде қандай лаборатория жасап шығарды екен, оны шегарадан қалай өткізген, вирусты ұшаққа тиеп, шашатын ұшқыштардың өздерінің сол ауылда тұратын әке-шешелері мен туыс-туғандары жоқ па екен?..» дегендей күмән көп ешкімнің көңілінде туындаған жоқ. 

Сол айтқандай «Зілзалаға Қытайда бұрғыланып жатқан аса терең ұңғыманың әсері бар екен, бәрін әдейі істеп жатыр...» деген қаңқудың таралғанына да біршама уақыт болды. Ондай қызыл сөзге ергендер «Ол жақта бұрғыланып жатқан ұңғыма зілзалаға қалай әсер етеді, көршілес елде жер сілкінісін әдейі жасауға ғылымның шамасы келіп қалды ма?» дегендей мәселелерге бас ауырта қойған жоқ. Профессор Әлқуат Нұрмағамбетов Massaget.kz басылымына берген сұхбатында осы орайдағы сұрақтардың жауабын нақтылаған екен. 

«Қытай жерінде (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында) бұрғыланып жатқан аса терең ұңғыманың жер сілкінісіне ешбір қатысы жоқ. Өйткені жер сілкінісін қоздыру үшін сол аймақтағы жер қойнауына ауқымды әсер ету керек. Ал тереңдігі 10 шақырымға жеткен, әлі де бұрғыланып жатқан ұңғыма болса, пілге адамның екпесін егумен бірдей», – деп есептейді ғалым.

Осы жерде адам қолымен жасалынатын «техногендік жер сілкіністері» жайына да тоқталып өтпей болмайды. Ғалымның айтуынша, ондай жер сілкіністері жерасты ядролық жарылыстары жасалған кезде немесе эпицентрге жақын аумақта жерасты байлықтарын қарқынды игеру кезінде болуы ықтимал. Әлқуат Нұрмағамбетов атап өткендей «...Мәселен техногендік жер сілкіністері еліміздің мұнайлы аймақтарында (Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Орал) және қатты пайдалы қазбаларға бай Орталық және Шығыс Қазақстан жерлерінде кездеседі. Бұл – айрықша мәселе».

Қытайдағы ұңғыманың зілзалаға әсерін жоққа шығарған ғалым сөз соңында басқа бір қауіптің болу мүмкіндігін де атай кетіпті. Оның бұл орайдағы тұжырымын да сөзбе-сөз келтіре кеткен болсақ профессор сөзін былай деп қорытындылайды: «4 наурызда болған жер сілкінісінің эпицентрі, шындығында, 1911 жылғы 4 қаңтарда болған Кемин атаулы 10 балдық зілзала апаты эпицентріне жақын орналасқан. Оның ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 55-60 шақырым қашықта, геологиялық тұрғыдан бұл саладағы мамандарға белгілі, Іле Алатауы мен Күнгей Алатауының ортасынан батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Шу-Кемин атаулы жарылымында орналасқан. Сондықтан да 4 қаңтардағы жер сілкінісі осы жарылымға әсер етіп, оның қауіптілігін жоғарылатуы ықтимал деген сөздің жаны бар. Дегенмен табиғаттың ашылмаған құпиялары әлі де көп, оны нақты айту мүмкін емес».

Қарғалар неге қарқылдайды?

«Бәрін білетін» әлеуметтік желі біраз уақыт бұрын Алматының аспанында қарғалардың топтанып ұшып, қарқылдап жүрген бейнебаянын жариялады. Іле-шала дәл осындай басқа да көріністерді көзіміз шала бастады. Өз кезегінде «Бұл бекер емес, жуық арада болатын жер сілкінісін сезіп жүр», «Зілзала болмаса жарар еді...», «Тыныштық болғай...» деген алаңдаушылықтар да байқалды. Арасында мұны көктемнің келгенімен байланыстырып жақсылыққа жорығандар да болды. Ең бастысы, қуанышқа орай, бұл көріністен кейін ешқандай қатерлі құбылыс байқала қоймады. 

Шындығында құстар зілзаланы алдын ала сезе ала ма? Әлеуметтік желіде бұл сұраққа орнитолог ғалым Николай Валентинович жауап беріпті. 

«Негізі, Кеңес заманында Шамалғандағы сейсмологиялық бекетте жер сілкінісін болжау үшін жануардың түр-түрін ұстаған. Құстың тотықұсынан бастап қарғасына дейін, бірақ құстардың жерасты дүмпулерін алдын ала сезетіні туралы ақпарат расталмады. Бұдан бөлек, менің өзімнің үйімде де қаншама үй жануарлары мен құстар бар. Қаңтар мен наурыздың басындағы жер сілкінісі кезінде үйімдегі тотықұс, ит, мысық, сурикат, бәрі жай ғана ұйықтап жатты. Үкі ғана көзін жыпылықтатып отырды», – деген орнитолог видеодағы құстардың мазасыздануына олардың күшті боран болардың алдында орын іздеп, тапқан орынға таласуы себеп болған шығар деп тұжырымдайды. Сөйте тұра ол зілзала болатынын алдын ала жылан сезінуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. 

Бұл жерде біз «Алматы облысында, жалпы Жетісу жерінде жойқын жер сілкінісі болмайды» деп жұртшылықты тыныштандыруды мақсат етіп отырмағанымызды айта кетейік. Түптеп келгенде ондай қауіптің бар екені баршаға белгілі. Әйтсе де ешқандай негізі жоқ түрлі қаңқу сөздерге көз жұма сеніп, әдеттегі табиғи құбылыстардың өзін жаманға жорый бермейік, бір мезгілде сақтық шараларын да естен шығармайық дегіміз келеді. 

Түрлі сәуегейлер мен көріпкелдерден бұрын осы саланы зерттеп көз майын тауысып жүрген мамандардың сөздеріне, көп ретте сол мамандардың пікірлерін назарға алып, соған орай әрекет жасайтын ресми органдардың хабарламасына құлақ асқанымыз жөн болар.  

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист