Тегі жоқ тибеттіктер

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 288
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тибет – әлемдегі ең жұмбақ елдің бірі. Жалпы тибеттіктердің тағдыры қиын. Орталық Азияның бұл аймағының Қытай Халық Республикасына күштеп қосылғаны белгілі. Болған оқиға оларға ауыр тигені рас. Алайда, бұл халық өздерінің ежелгі ерекше мәдениетін бүгінге дейін сақтай алды.


Көптеген елде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару тибет халқына жат емес, себебі, олар бір-бірін көргенде тілдерін шығарып амандасады. Бұл рәсім  ІХ ғасырда бастау алған. Сол замандағы Тибет елінің көсемі Ландарманың тілі қара болған деседі. Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында бір-бірін көрген кезде тілдерін шығара бастайды. Бұл дәстүр өз жалғасын әлі күнге дейін табуда.

Тибет халқының тегі жоқ. Яғни есімдерімен бірге лақап атын немесе ұлтын қолданады. Жалпы есімдері бар, бірақ отбасына зұлым күштердің залалы тимеуі үшін күнделікті өмірде қолданбайды. Ал олардың өздеріне қойып алған лақап аты өмір бойы бірнеше рет өзгеруі мүмкін. 

Аталмыш елдің кейбір өңірлерінде бірнеше ағайынды бір әйелге үйленген деседі. Мұндай жүйе асыраушысы қайтыс болған жағдайда ұрпақты жоқшылықтан қорғап қалуға үлкен сеп. Ондай әйелдер қанша күйеуі болса, басына сонша мүйізі бар баскиім киюге міндетті. 

15-16 жасқа толғанда қыздың ересек өмірге  қадам басуы үшін арнайы рәсім болады. Ол үшін әке-шешесі бойжеткеннің шашын ондаған өрімге өріп қояды. Бұл оның ересек өмірге дайындығын және өзіне жар табу мүмкіндігін білдіреді. Ал қалыңдық үйлену көйлегін киер алдында оны сүтпен, тұзбен және сірке суымен жуады. Мұндай ырым сәттіліктен айырылып қалмас үшін жасалады.

Тибетте жерлеу рәсімдерінің көп түрі бар. Бірақ мұндағы басты идея – адам денесін табиғи ортаға қайтару. Алдымен марқұмның денесі ерекше түрде орналастырылып, далай лама (буддизм ізбасарларының рухани жетекшісі) өлгендер кітабынан дұға оқиды. Үш күн өткеннен кейін денені жерлеу орнына жатқызып, құстарға жеуге қалдырады. Егер тазқара, құзғын мәйітті толығымен жеп қойса, онда адам күнәсіз әрі лайықты өмір сүрді деп есептейді. Сондай-ақ, оның қайта тірілуіне сенеді. Жергілікті халық дененің табиғатқа оралуы адамның одан әрі қайта туылуын жеңілдетеді деп санайды. 

Міне, тибеттіктердің қарапайым өмірі осындай. Бұл олардың ерекше әлемінің, оғаш және жұмбақ дәстүрлерінің бір бөлігі ғана. Ал, қақтығыс пен соғыстан аман қалған ежелгі мәдениетін біздің заманымызға дейін сақтап қалуы – тибеттіктердің басты жеңісі. 

Айғаным АЙТМҰХАН