ӘДЕП КОДЕКСІ – МІНСІЗ ҚЫЗМЕТ КЕПІЛІ

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 332
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мейлі қай дәуірде, төрткүл дүниенің қандай елінде болсын өзінің мемлекеттік басқару жүйесіне көңілі толған ризашыл қоғам болған емес. Өйткені уақыт озып, заман жаңарып, қоғамдық формациялар ауысқан сайын халықтың талғамы да солғұрлым өзгеріп, үздіксіз жоғарлап отырады. Мұндай жағдайда мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту мен жетілдіру кезек күттірмейтін басты мәселе ретінде алға шығады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды осындай қажеттіліктен туындаған қадам деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде мемлекеттік аппараттың қызметі халықтың сұраныстарын, маңызды талап-тілектерін дер кезінде толықтай қанағаттандыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға, сондай-ақ азаматтардың конституцияда белгiленген құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталуда.

Панфилов ауданы әкімінің аппараты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдарының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын орындау бойынша тиісті шараларды тұрақты жүргізіп келеді. 2024 жылдың I тоқсанында аудан әкімдігінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының этикалық нормалары мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптарын сақтау және мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында 4 семинар-кеңес өткізілді. Семинар-кеңес отырыстарына аудан әкімінің орынбасарлары, қала және ауылдық округтердің әкімдері мен мамандары, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қызметшілері қатысты. Жиын барысында ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, еңбек заңнамасының сақталуы, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері қаралып, баяндамалар жасалды. Сонымен қатар аудан әкімі аппаратында және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардағы барлық мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен аппараттық оқу өткізіліп, әдеп нормалары бойынша лекциялар оқылды. Аппараттық оқуға қатысушыларға мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық актілердің нормалары, жүктелген қызметтер мен функционалдық міндеттердің сапалы орындалуы, тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын шаралар жөнінде жан-жақты түсіндірілді. Тыңдаушылар тарапынан қойылған сүбелі сұрақтарға жүйелі жауаптар беріліп, әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетілді.  

Жыл басынан бері аудан әкімі аппараты Әдеп жөніндегі уәкілінің жеке кестесіне сәйкес 12 азаматпен жеке қабылдау өткізілді, олардың 4-і мемлекеттік қызметші, 8-ы жеке тұлға. Қабылдау барысында азаматтар мемлекеттік қызметке кіру, жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы және өзге де жеке мәселелері бойынша көкейдегі сұрақтарын қойып, заңнама аясында тиісті жауаптар алды. Мемлекеттік қызметшілер мен жеке және заңды тұлғалар тарапынан Әдеп жөніндегі уәкілдің атына жазбаша өтініш пен арыз-шағымдар келіп түскен жоқ. Аудан әкімі аппараты, Жаркент қаласы мен ауылдық округ әкімдіктерінің аппараты, ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері арасында қолданыстағы заңнама нормаларын, әдеп кодексінің талаптарын бұзу фактілері тіркелмеді.

Ағымдағы жылдың наурыз айында қызметтік әдеп нормаларының сақталуына және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін зерделеп, талдау жасау мақсатында ауданның мемлекеттік қызметшілері арасында бекітілген нысан бойынша анонимді сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес оң жауаптар ауқымы 92%-ден 98% аралығында болып, мемлекеттік қызметшілердің аудан, қала және ауылдық округ әкімдіктерінің ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалға қанағаттанатынын көрсетті.

Жалпы қоғамда және мемлекеттік органдарда этикалық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Бекітілген кестеге сәйкес 2024 жылдың ақпан, наурыз айлары аралығында Әдеп жөніндегі уәкілдің қатысуымен Жаркент қаласы, Атамекен, Басқұншы, Сарыбел ауылдық округтерінде әкімдік қызметкерлерінің және тұрғындардың жаппай қатысуымен қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру бойынша кездесулер өткізілді. Кездесу барысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңдарының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптары мен нормаларын мүлтіксіз сақтау мәселелері қаралып, жұртшылықтың ой-пікірлері мен ұсыныс-ескертпелері назарға алынды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде атап көрсетілгендей Әдеп жөніндегі уәкілдің алдында тұрған ең негізгі міндет – ол мемлекеттік органдарда қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама нормаларын, Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру.
Жазиралы Жаркент өңірінің мемлекеттік қызметшілерінің жоғары моральдық-этикалық бейнесін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар кешенді жоспар шеңберінде тұрақты негізде жалғасатын болады.

Ербол Сқақов
Панфилов ауданы әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл
Фото: gov.kz