ӨМІР СҮРУ САПАСЫ ЖАҚСАРАДЫ

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 264
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл облыстық әкімдіктің жоспары негізінде «2024 жылға Жетісу облысының өңірлік жұмыспен қамту картасы» әзірленді. Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 33542 жұмыс орны құрылады. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыруға 10,5 млрд. теңге бөлінді.  Қысқамерзімді оқытумен 800 адамды қамту, «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде 1845 адамды оқыту көзделген. Сондай-ақ,  8172 адамды субсидияланған жұмыс орындарына жолдау қарастырылуда.


Әлеуметтік көмек және мүгедектермен жұмыс жүргізу оң шешімін табуда.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы  Жолдауында мүгедектігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың бірі – мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту.  

Облысымызда 19321 мүгедектігі бар адам тұрады. Бұл облыс халқының 2,8%-ын құрайды: 
I топ мүгедектері – 1702;
II топ мүгедектері – 7574;
III топтағы мүгедектер – 6671;
18 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 3374 адам.
Біздің  мақсатымыз – оларды қоғам өміріне тарту. 2024 жылы мүгедектерді оңалтуға 4,7 млрд. теңге бөлінді. 

Нысандарға бейімдеу жұмыстарының жүргізілуі туралы «AMANAT» партиясы  облыстың сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының 84, 85-тармақтарына сәйкес ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету шеңберінде 5 жылға 1118 объектіні бейімдеу жоспарланған.  Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын отбасылардың балаларына, жан басына шаққандағы орташа табысы 70 пайыздық шектен аспайтын, облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста облыс аймағында бірыңғай ай сайын 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1642 балаға 363,7 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылды. Бұл орайда бұрын бас бостандығынан айырылған азаматтарды қоғамға тарту мәселесі де назардан тыс қалмаған.  Пробация қызметі бөлімінде қоғамның оқшаулаусыз жазасын өтеушілер мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отырып, біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Облыс бойынша аталған әлеуметтік көмек көрсету  үшін  125 азаматқа 6,9  млн. теңге қарастырылды.

Сонымен қатар, облыс бойынша 2024 жылдан жаңадан қосымша 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар үшін 6 АЕК мөлшерінде (әр балаға 22157 теңгеден) 2110  балаға 46,7 млн. теңге біржолғы материалдық көмек көрсету жоспарлануда.  Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Талдықорған қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орынды оңалту орталығының құрылысы басталады.  Орталықта еңбек терапиясы, сурет салу, скандинавиялық серуендеу, үстел теннисі, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, тігін, йога, фитнес, би, ән студиясы, ағылшын және қазақ тілдерін оқыту бойынша сабақтар ұйымдастырылып, компьютерлік, қаржылық сауаттылық курстары өткізілетін болады. 

Орталық жұмысының нәтижесінде зейнет жасындағы адамдар достар табады, белсенді уақыт өткізеді, физикалық және моральдық-психологиялық денсаулығын жақсартады. қаңтар айында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 18 жастан асқан азаматтар үшін жартылай стационар жағдайында 30 орынды күндізгі болу орталығы ашылды.

«Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында стационар жағдайында 50 орынды бөлімше республика бойынша бірінші болып өз жұмысын бастады.  Биыл  «Сенім» Сарқан күндізгі болу орталығының қосымша ғимаратын  және «Шуақ» Алакөл арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша әкімшілік-шаруашылық ғимаратының құрылысын салу жоспарлануда.

Мүгедектігі бар азаматтарға сапалы қызмет көрсету мақсатында жылына 300-ден астам адамды қамту үшін  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 100 млн. теңге қарастырылған.

Сондай-ақ,  жазғы шомылу маусымында Алакөл көлінің жағалауында орналасқан «Жансая» жазғы сауықтыру лагерінің жұмысы жалғасатын болады. Жылдың 2-жартыжылдығында Алакөл, Кербұлақ, Қаратал аудандарында 15 орынды отбасын қолдау орталықтарын ашу жоспарлануда. Орталықтарда арнаулы әлеуметтік қызмет, оның ішінде әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық қызметтер көрсетіледі.

Қандас мәртебесін беру бойынша мемлекеттік қызмет қазіргі уақытта «Құтты мекен» АЖ-дағы мобильдік қосымша немесе Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемесі арқылы беріледі. Оңайлатылған тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мақсатында қандас мәртебесін ұзарту «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылады.

Әлеуметтің әлеуетін жақсарту  Үкіметтің алға қойып отырған мәселелерінің бірі. Бұл орайда жұмыстар жан-жақты жүргізіледі. Әсіресе, мүгедектігі бар, көпбалалы,  медициналық жағынан көмек көрсетуді қажет ететін адамдар қолдауға ие болады. Қолдауға мұқтаж әр адам назардан тыс қалмайды. 

      Сәния НАУРЫЗБАЕВА, 
облыстық жұмыспен 
қамтуды үйлестіру және 
әлеуметтік бағдарламалар 
басқармасы 
басшысының орынбасары