Жастың ойы өр, әкенің орны төр

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 226
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Оқушылардың ойлы азамат болып өсуіне қоршаған ортаның  тигізер ықпалы ерекше. Олардың дұрыс досты таңдауына есті ересектердің әрқайсысы мүдделі. Ел ертеңі жастардың бой түзеуіне облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен аймақ көлемінде жүргізіліп жатқан «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының әсері мол екенін бүгінгі жұрт жақсы біледі.


Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің 10-сынып оқушылары облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Әбибековпен кездесті. Еркін форматта ұйымдастырылған жиында оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Емен-жарқын өткен кездесуде  басқарма басшысы  өмір жолынан естеліктер айтып, жас буынның қоғамдағы орнына тоқталды.

– Біз әрдайым ұлттық құндылықтарымызды алға оздырып, дәріптеп отыруымыз керек. Жастар білім алуға келгенде кенжелеп қалмағаны дұрыс. «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының да көздегені осы. Жас буынды үнемі жігерлендіріп, оларға дұрыс бағыт көрсетіп отыруға міндеттіміз. Оқушылар бүгінгі кездесуден  көкейлеріне бірдеңе түйсе, болашағы үшін алдына жоспар құра білсе, көздеген мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Бауыржан Әбибеков.

Кездесуде жастар басқарма басшысынан «Қоғамдағы әкенің орнына тоқталып өтуін» сұрады. Ел келешегі жөнінде қандай пікірде екеніне құлақ қойды.
– Мектебімізге қонаққа келген адамға бірнеше сұрағым болды. Бәріне дұрыс жауап алдым деп ойлаймын. Қандай қоғам болмасын әкенің орны қашанда төр екенін ұқтым. Оның берген тәрбиесін 100 мектептің бере алмайтынын түсіндім. Ел келешегі жастардың қолында екені айқын, олай болғанда қатарластарымның  оң іс істеуіне мен де жауапты екенімді білдім, – деп 10-сынып оқушысы  Салтанат Шалқар ой өрбітті. 

Айта кетейік, жоба бойынша биылғы оқу жылына арналған жұмыс жоспары және жол картасы құрылған болатын. Соған сәйкес Жетісу облысының басшылығы, ҚР Үкіметі, ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, РЖҚБ жетекшілері қонақ дәрістері барысында өз тәжірибелерімен бөлісіп, жас ұрпаққа кеңес айтып, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап береді. Жоба бағыттары бойынша республикалық дәріскерлер пулының оқушылармен кездесуі жоспарланған. Сондай-ақ, мектеп парламентін, оқырмандар клубын, пікірсайыс қозғалысын құру, IT, стартаптар, оқу, КВН бойынша қалалық конкурстарды, спорттық турнирлерді, ұлттық, зияткерлік ойындарын өткізу және басқарма жобаларына қатыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар кәсіптік бағдарлау жұмыстары мақсатында еліміздің үздік жоғары оқу орындарына қонақ сапарлар мен экскурсиялар өткізіледі.

Медет ЖҰМАБАЙ