СҰРАНЫСҚА САЙ МАМАН ДАЙЫНДАЙМЫЗ

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 258
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі отандық өндіріс орындары маманға зәру. Әсіресе ауылшаруашылығында кәсіби біліктілігі жоғары механизаторлар мен әмбебеп темір жонушы, газбен, электр қуатымен дәнекерлеуші, машина-трактор жөндеуші, құрылыс шебері, тігінші, аспаз сияқты мамандықтарды жетік меңгергендер таптырмайды. Бұған мал шаруашылығы саласындағы орта буын мамандарды да қосуға болады. 


Осы орайда өндіріске өрелі мамандар дайындап жүрген байырғы білім ошақтарының бірі Жаркент қаласындағы көпсалалы колледждің бүгінгі тыныс-тіршілігін зерттедік. 

– Заманның талабына қарай жұмысшы мамандығына деген қоғамдық көзқарас өзгеруде. Негізгі бағытымыз ауылшаруашылық өндірісіне мамандар даярлау болғандықтан  саладағы сұранысқа жете мән беріп, тіпті шаруа қожалықтармен, басқа да кәсіпорындармен тығыз байланыстамыз. Бізден алған мамандық көптеген өңір жастарының күнкөріс көзіне айналды, – дейді  Жаркент көпсалалы колледжінің директоры Байұзақ Бажиев (жоғары суретте).

 Сырт көзге бірден байқалып тұрған жақсылықтарды баяндаған колледж директорының орынбасарлары Ақжол Құрманғалиұлы мен Нұрлан Дәуітақынұлы өткен ғасырдың соңғы жылдарында өздерінің ешкімге керек болмай, қаңыраған оқу корпусы мен жатақхана, шеберханаларын күзетіп қалған мүшкіл халдерін де еске алды. Жалпы бұл оқу орнының училище болып құрылу тарихы өткен ғасырдың орта шенінен бастау алады. Қазіргі атшаптырым аумақты алып жатқан жаңа типті кешенді қалашық 1978 жылы пайдалануға беріліпті. Қалашықта 600 оқушыға арналған көпқабатты оқу корпусы, 150 орынды асхана, спортзал, 410 орынды жатақхана, ашық алаңдағы стадион, өндірістік тәжірибе өткізетін шеберханалар, ауылшаруашылық техникалары қойылатын арнайы тұрағы бар.

Мекеме мүлкін талан-таражға бермей, тоздырмай сақтап қалу үшін 1997-2001 жылдар аралығында ұжым шаруашылық есеппен тіршілік етті. Қазір бұл оқу орнының жағдайы жыл санап жақсарып келеді. Оқу корпусы мен жатақханасының жылу жүйелері 2002 жылы толық ауыстырылып, сұйық отынмен жылытатын қазандықтар қойылды. 2008 жылы оқу корпусына толық, 2009 жылы жатақханаға жартылай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2010 жылы материалдық жағдайын жақсартуға 15 миллион теңге бөлінді. 2014 жылы тағы 25 миллион теңгеге «Беларусь» тракторын, экскаватор, «Газ-53» жүк көлігін, шөп шабатын трактор, 10 компьютер берілген.

Қазір мекеме меншігінде оқу-өндірістік тәжірибеге пайдаланылатын екі «Беларусь» тракторы, екі «Газ-53» жүк көлігі, бір экскаватор, екі шөп тайлағыш, екі сеялка, екі картоп тұқымын себетін және қазып алатын, тағы басқа да ауылшаруашылық техникалары бар. Бұлар аудандағы науқандық жұмыстарға қатысып, шәкірттерінің өндірісте тікелей тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік беріп келеді. 

Оқу орнында қазіргі таңда 449 студент білім алады. Олардың орта мектепті тамамдап келгендері үш жылда ауылшаруашылығын механикаландыру, тігін өндірісі және үлгілеу, тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу ісі, техникалық қызмет көрсету сынды 8 түрлі мамандық, 11 біліктілік бойынша білім алады. 
Қазіргі оқу бітіріп, өндіріске барған жас маманға қойылар басты талап – өз ісін бірден біліктілікпен атқару. Яғни, жас маман білімін өзі оқыған орыннан тыңғылықты тәжірибемен шыңдап шығуы шарт. Оқушыларының алған білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға көпсалалы кәсіптік колледжде мүмкіндік мол. Колледждің 2-3-курсында оқитындарға тікелей өндіріс орындарында тәжірибеден өтуге жағдай жасалған. 

Дуалды білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі – болашақ мамандардың алған тәжірибелік дағдылары мен кәсіби біліктіліктерін өндіріс орындарында қолданатын түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысуы және жұмыспен қамту. Қазіргі таңда дуалды оқыту бойынша колледж бен әлеуметтік серіктестіктер арасында үшжақты келісімшарт жасалған. Олардың қатарында «Жаркент-Арасан» шипажайы, Жаркент крахмал-сірне зауыты, «ТАТЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Жалпы дуалды оқыту жүйесі бойынша 253 білім алушы қамтылған.

Тиянақты білім алып, тыңғылықты тәжірибеден өткен жастар әртүрлі жарыстарда жеңімпаз атанып, кәсіптік колледж абыройын асқақтатып жүр. Өткен жылы 132 білім алушыға диплом тапсырылған. Биылғы колледжден 148 жас орта арнаулы кәсіби мамандық алып шықпақ. Өткен оқу жылында әскер қатарына шақырылғандар мен тұрмыс құруына байланысты демалысқа шыққандарды қоспағанда колледж тамамдаған жастардың 72 пайызы жұмысқа орналасқан.
– Уақыт талабы ұшқыр, – дейді колледж директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақжол Қожаханов. – Біз мүмкіндігіне қарай уақыт талабы мен жергілікті өндіріс орындарының сұранысына сай келетін жаңа мамандық түрлерін оқу жүйесіне енгізуді де ойластырып келеміз. Айталық, жоғарғы орындарға сұраныс хат жазып, болашақта газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін қарастыру және пайдалану, жиһаз өндірісі, жүк көтеретін машиналар мен транспортерді басқару шеберлері сияқты мамандар дайындауды да қолға алмақпыз.

Көпсалалы колледж студенттерінің әлеуметтік мәселелері де заңға сәйкес оңды шешімін тапқан. Оқу орнында әлеуметтік жағынан төмен топтағы білім алушыларға ерекше назар аударылады, олардың ішінде жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі студенттер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көпбалалы отбасының түлектері ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысы негізінде белгіленген көмектің барлық түрін пайдаланады. Атап айтқанда, олар жатақханамен, ыстық тамақпен және киім-кешекпен бірінші кезекте қамтылып, әрқайсына ай сайын 32681 теңге шәкіртақы төленеді. Колледж студенттерінің шәкіртақысы алдағы уақытта тағы 50 пайыз көбейеді деген жақсы хабар жетті. 

Мұнда мекеменің мерейін арттырып жүрген білімді, білікті, тәжірибелі ұстаздар да аз емес. Колледжде жалпы 52 оқытушы, 22 оқу-өндіріс шебері жастарға білім береді. Айталық, жас ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері ұжымның ұйытқысы іспетті. Олар өз мамандықтары бойынша шәкірттеріне тиянақты тәрбие, терең білім берумен қатар  қоғамдық-саяси істерге де белсене атсалысады. 

Жылдан-жылға кәсіптік колледжге оқуға келуші жастардың саны артып, білім сапасы жоғарылай түсуде. Осындай міндеттер мен мақсаттар жастарға кәсіптік білім беретін ұстаздарға салмақты жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі кәсіптік мектепте білім алатындар – отандық өндірістің болашағы, елдің келешегі.  

Мырзағали НҰРСЕЙІТ