СЕНБІ САЙЫН СЕНБІЛІК

Уақыты: 09.04.2024
Оқылды: 290
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Таза Қазақстан» акциясы бойынша облыста елді мекендерді санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі айлығы басталды.


Осыған орай Талдықорған қаласында ұйымдастырылған сенбілік жоғары деңгейде өтті. Тазалық шарасына қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен, қолғап және қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етілді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына қоғам назарын аударып, сенбілікке қоғамдық, ардагерлер мен жастар ұйымдары, қалалық кәсіпорындардың қызметкерлері, мектептер мен балабақшалардың, мәдениет және спорт мекемелерінің ұжымдары шықты. Сондай-ақ, қаланың жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, медициналық мекемелер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де  ортақ іске біркісідей атсалысты.

Аталмыш шараға барша қала тұрғындары да қатысып, арық жүйелері, саябақтар, әлеуметтік маңызы бар нысандар, жол жиектері, заңсыз қоқыс төгілетін аймақтар тұрмыстық қоқыс қалдықтарынан тазартылды. 

Сенбілікке шығу тәртіп, жауапкершілік немесе қалалық әкімдіктің тапсырмасын орындау емес. Туған, тұрған қалаға деген жанашырлық. Сондықтан қала тұрғындары сенбі күндері жаппай сенбілікке шығуда. Үлкендер үйлерінің аулаларын тазартса, жастар қаланы абаттандыруға үлес қосуда. Әлі тазаланбаған аула, арық, көше аз емес. Сенбілік деген бір күннің шаруасы болмағандықтан әркім қолы қалт еткенде қала тазалығына үлесін қоса алады. 

«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қа-рау – әрбір азаматтың басты міндеті екенін ұмытпаған  жөн. 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ