Елімізде Еуропалық иммундау апталығы басталды

Уақыты: 19.04.2024
Оқылды: 335
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде сәуір айының 21-27 аралығында Еуропалық иммундау апталығы өтеді. Шара «Вакциналар: өткен, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін денсаулықты қорғау» ұранымен ұйымдастырылады. Апталықтың  мақсаты  – вакциналарға тең және кең қол жетімділіктің маңыздылығын халыққа жеткізу. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының Асхат Чарапиев пен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова мәлімдеді. 


Жыл сайын Еуропалық иммундау апталығын өткізуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағындағы 53 мемлекет қатысады. Тұрғындарды  иммундау Ұлттық күнтізбеге сәйкес 20 жұқпалы ауруға, оның ішінде 11 инфекцияға қарсы және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 9 инфекцияға қарсы ақысыз жүргізілмек.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының ақпаратына сәйкес, өңірде  көкжөтел  бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Атап  айтсақ, жыл басынан бері  37 жағдай тіркелген. Оның 9-ы Кербұлақ, Сарқан аудандарында және Талдықорған қаласында расталды. Науқастардың көпшілігі 1 жасқа дейінгі балалар. 

Жанета Нұрманбетованың айтуынша, облыста жыл сайын 150 мыңға жуық адам екпе алады. Оның ішінде 16 жасқа дейінгі балалар саны 35 мың. Сондай-ақ, биыл адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның Ұлттық күнтізбесіне енгізу жоспарлануда. 

Спикерлердің айтуынша, жаппай вакцинация жүргізу ұлт денсаулығын сақтаудың қажетті шарты. Вакцина арқылы кез-келген аурудың алдын алып, таралуына жол бермеуге болады.

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІ