УНИВЕРСИТЕТКЕ ШАҚЫРТУ АЛДЫ

Уақыты: 21.04.2024
Оқылды: 310
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Назгүл Сәкенова Гарвардта докторлық диссертациясын қорғады. 


Назгүл – жас ғалым. Германиядағы Гейдельберг университетінде докторантурадағы оқуын аяқтайды. Ол медицинадағы ең маңызды мәселелердің бірі – бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін зерттеумен айналысады. Назгүл NIS-ті 2013 жылы үздік бітіріп, содан кейін Назарбаев университетіне биология мамандығы бойынша оқуға түсті. Нью-Йорк және Бостон университеті сияқты бірнеше америкалық университеттерге шақырту алғаннан кейін Париж-Сакле Француз ғылыми-зерттеу университетінде магистратураны таңдап, бірден 2-курсқа өтті. 

Жетістіктер қоржынында 5 ғылыми жария- ланым бар. Қытайдың Сямэнь университеті мен Жапонияның Окинава ғылым және технологиялар институтында 4 халықаралық ғылыми тағылымдамадан өтіп, Испаниядағы ғылыми конференцияларға 4 рет қатысқаны бар. Бүгінде ол медицина ғылымдарының докторы. Германияның «European Molecular Biology Laboratory» -де ғылыми қызметпен айналысады. Бес жыл бойы антибиотиктерге төзімділік саласында ғылыми жұмыс жүргізіп келеді. Докторлық диссертация аяқталды. Назгүл өзінің зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

– Соңғы 30 жылда жаңа антибиотиктердің ашылуы күрт төмендеді. Нәтижесінде 2019 жылы антибиотиктердің әлсіздігінен 1 миллионнан аса адам қайтыс болды. Бұдан басқа, бактериялардың бір антибиотикке төзімділігі басқа антибиотиктерге жоғары төзімділікке әкеледі, бұл проблеманы одан сайын қиындатады, – дейді Назгүл. 

Жас ғалым химиялық генетика әдісін ұсынады. Ғалымның айтуынша, ол өте жүйелі әрі жылдам және ауқымды.

– Біз бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі мен сезімталдығын генетикалық түрде анықтадық. Сөйтіп, тетіктерін растап, әдіспен жаңаларын аштық. Жаңа анықталған SS антибиотик жұптары бактериялардың антибиотиктерге төзімділігінің дамуына жол бермейді. Бұл антибиотиктер бір күні клиникалық жағдайда адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін, – дейді ол.

Сондай-ақ, Назгүл мұндай керемет жетістік пен мақсатқа мектептегі білімінің арқасында жеткенін айтады. Ал ғылымға құштарлығы мен қабілетін ашқан ұстаздарына деген алғысы шексіз. Сөйтіп, өмірдегі жолын адаспай тапқан ол бұрын медициналық дәрігер болуды армандаса, қазір ғалым, медицина ғылымдарының докторы болуға лайықты.

Назгүл Сәкенова Гарвардта докторлық диссертациясын наурыз айында қорғады. Оның жұмысы ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырды. Қазіргі уақытта ол Ivy League университетіне жұмысқа шақырту алды.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы