АС МӘЗІРІНЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 21.04.2024
Оқылды: 230
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Толыққанды және үйлесімді тағамбала ағзасының дұрыс қалыптасуының негізі. Мектеп асханасында тағамның құнарына баса мән беру керек. Сапалық тұрғыдан физиологиялық және гигиеналық талаптарға жауап беретін мәзірді әзірлеудің маңызы зор.


Мәзір «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын  «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттары», «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына  сәйкес әзірленеді.

Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылардың жалпы білім беру мекемесінде қай мезгілде тамақтанатыны ескеріледі. Жас ерекшеліктері, балалардың физикалық жүктемелері, тағамның мөлшері, энергетикалық құндылығы, негізгі дәрумендер мен микроэлементтерге тәуліктік қажеттіліктің сай болуы ескеріледі.  Ұйымда маусымдық (жаз – күз, қыс – көктемге арналған) екі апталық мәзір жасалады. Оның негізінде күн сайын тарату мәзірі жасалып, онда тамақ алатын адамдардың саны, тағамның салмағын граммен көрсете отырып, әрбір тамақ ішуге арналған тағамдардың тізбесі, сондай-ақ,  тағамның шығымы көрсетілу қажет. Күн сайын ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және бидай наны, көкөністер мен қант қосылу қажет.  Ал балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс еті аптасына бір рет берілуі тиіс.  Бір рет тамақтануды ұйымдастыру кезінде рационға етті және сүтті қосу балықты және құс етін күнтізбелік жеті күнде бір реттен сиретпей қосуды есепке ала отырып жүзеге асырады. Мәзірде  бірдей тағамдарды 1 күн ішінде және келесі күнтізбелік 2 күнде қайталауға жол берілмейді.

Тамақтану мезгіліне қарай  таңғы ас ыстық тағам және ыстық сусын, жұмыртқа, сары май немесе ірімшік қосылған бутербродтан тұрады. Екінші таңғы асқа шырын, жемістер көзделеді. Түскі асқа салат, бірінші, екінші тағам  ет, балық немесе гарнирі бар құс етінен жасалады.  Үшінші тағамға компот, кисель, шай және шырындар кіреді. Бесін аста тоқашпен немесе кремі жоқ кондитерлік өнімдермен бірге сусын, сүт, сүт қышқылы өнімі, кисель, шырындар енгізіледі. Кешкі ас көкөніс, сүзбе  немесе ботқа, ет, балық немесе гарнирі бар құс еті, шай, шырын, кисельден тұрады. Қосымша екінші кешкі ас ретінде жемістер немесе сүт қышқылы өнімі, тоқаш немесе кремі жоқ кондитерлік өнімдер енгізіледі. Балалар мектепте тәулік бойы болатын болса бес рет тамақтанады. Сонымен қатар, білім беру мекемелеріндегі балаларға беруге болмайтын тағамдардың да тізімі бар.

Жас өскіннің ағзасын дұрыс қалыптастыру  және қауіпсіз тамақтануды қамтамасыз ету баршамыздың басты міндетіміз болып табылады. Бұл орайда білім беру мекемелерінің асханасының жұмысы әрқашан назарда. 

Дария Шәріпқызы, 
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық  бақылау департаментінің білім беру және
тәрбиелеу объектілерін бақылау және
қадағалау бөлімінің басшысы