АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Уақыты: 22.04.2024
Оқылды: 266
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Талдықорған қаласындағы өнеркәсіп нысандарының жұмысымен танысты. Қала маңындағы шаруа қожалықтарының көктемгі дала жұмыстарына дайындығын көріп, диқандармен тілдесіп, мәселелеріне құлақ түріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.


Аймақ басшысы болашақта жаңбырлатып суаратын қондырғылар шығаратын зауыт құрылысымен танысты. Қыркүйек айында іске қосылатын кәсіпорынның қуаты жылына 1000-ға жуық жаңбырлатқыш машинаны құрауға жетеді. Бұл жыл сайын 30-40 мың гектарды ылғал үнемдейтін технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді. «Жетісу Агро кешені» ЖШС компаниясы іске асыратын бұл жобаның жалпы құны 2 миллиард теңге. Бөлінген жер учаскесінде тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Аймақ басшысына болашақ кәсіпорынның мүмкіндіктері туралы айта келе  компания директорының орынбасары Қайрат Оспанов зауыт жылына 960 бірлік жаңбырлатқыш машина құрауға қауқарлы екенін жеткізді. Өндіріс барысында шикізат ретінде отандық металл, сол сияқты датчиктер, бүріккіштер секілді құрамдас бөліктердің америкалық түрлері пайдаланылады. Дәнекерлеу мен лазерлік жұмыстарды жүргізу үшін өндірістік цехқа орнатылатын станоктар да америкалық болмақ. Сонымен қатар, болашақта трактор құрастыру цехы ашылып, осы техникаға қызмет көрсететін сервистік орталық құрылады. Әзірге 40 жұмыс орнын ашу көзделген. Жобаның іске асырылуының егжей-тегжейіне қызығушылық танытқан Бейбіт Өксікбайұлы қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Жалпы бұл осы күзде іске қосылатын жалғыз кәсіпорын емес. Индустриалды аймақта өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын зауыт салу жұмыстары жалғасып жатыр. 

«ASMA Industrial» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылысты жаздың ортасында аяқтап, қыркүйек айында іске қосу жоспарланған. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 210 мың дана аккумулятор шығаруға жетеді. Жобаға 3,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Компанияның тең құрылтайшысы Серікбай Әжмағанбетовтың сөзіне сүйенсек, кәсіпорында стационарлық- индустриялық батареялар да, яғни күн және жел электр стансыларында, тепловоздарда, жүк тиеу электротехникасында пайдаланылатын өнеркәсіптік аккумуляторлар шығарылады. Мұндай өнімдер, мысалы, «Қазақтелеком», «KEGOC» сияқты компаниялар үшін керек. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік батареялар электр энергиясын үздіксіз берумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдарда қолданылады, яғни олар резервтік электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуде пайдалы. Өндірісті ұйымдастыру үшін жабдықтарды Оңтүстік Кореядан әкелген. 

Жетісу облысының «жасыл энергетиканы» одан әрі дамытуда әлеуеті зор екенін айта келе Бейбіт Исабаев Алакөл ауданында инвесторлар қуаты 1 ГВт болатын ең ірі ЖЭС салуды жоспарлап отырғанын, бұл да «ASMA Industrial» ЖШС өнімдерінің сұранысын арттыратынын еске салды. Айта кетсек, өткен жылы Жетісу облысында электр энергиясының 75%-ы жаңартылған энергия көздерінен өндірілді. Бүгінгі күні өңірде белгіленген қуаттылығы 210,5 МВт болатын 15 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.

Күнбағыс майын өндіретін «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС зауыты тоқтап қалған. Кейінгі кезеңде қайта іске қосуға дайын. Директоры Сенан Мұстафаевтың айтуынша, зауыт техникалық тексеруден өткен. Сынақ режимі аясында күнбағыс тұқымынан 113 тонна май сығылған. Шикізатқа қатысты да проблема жоқ, оны Ресейден жеткізу үшін келісімдер жасалған. Тек теміржол инфрақұрылымының жағдайы, атап айтқанда, шпалдарды жөндеуді немесе ауыстыруды қажет ететін шағын учаскенің мәселесі ғана өзекті болып отыр. Бұл ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаев мәселенің барынша қысқа мерзімде шешілетінін айтып, бұған қатысты жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берді. Бүгінде кәсіпорын жылына 50-60 мың тонна шикізат өңдейді. Болашақта шикізат 100 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, 100 мың тонна күнбағыс тұқымынан шамамен 40 мың тонна өсімдік майын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құстарын азықтандыру үшін кеңінен қолданылатын жом алуға болады. Зауыт темір жол учаскесі қалпына келтірілгеннен кейін 1-2 айдан соң өз жұмысын қайта бастайды деп межеленген. 

Жұмыс сапарының жалғасында Бейбіт Өксікбайұлы керамогранитті плиталар өндіретін «Алмаз-Керамикс» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Белгілі болғандай, кәсіпорында плиталардың 15 түрі шығарылады, 260 жұмыс орны құрылған. Өндірісте отандық шикізат пайдаланылады, ал дайын өнім Қазақстан бойынша да, Ресейде де сатылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 миллион шаршы метр плита шығаруға жетеді.

Талдықорғандағы шаруа қожалықтарының қант қызылшасын себу барысымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы танысты. Талдықорғандағы шаруа қожалықтарының бірі «Самай» ШҚ басшысы Еркінбек Сіләмовтің айтуынша, биыл шаруашылықтың 40 гектардан астам жеріне қант қызылшасы себілуде. Диқанның айтуынша, шаруашылықта 15 трактор және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының заманауи түрі бар. Қолда бар техника жеткілікті, бірақ оны да үнемі жаңартып отыру қажет, олай болмаса жоғары өнімділікке қол жеткізу мүмкін емес. Сонымен қатар фермер ауыспалы егіс принципі қатаң сақталатынын атап өтті. Шаруашылық биылғы жылы қант қызылшасынан басқа 100 гектарға дәнді дақыл, 300 гектарға соя, 60 гектарға жүгері, 50 гектарға көпжылдық шөп екпекші. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығымен қатар «Самай» ШҚ ірі қара мен жылқы малын өсіреді, кәсіпорында 25 адам жұмыс істейді. Фермерлермен әңгімелескен Бейбіт Исабаев қант қызылшасының отандық тұқымын пайдаланудың перспективалары жайлы мәселені олармен бірге талқылап, қызықтырған сұрақтарына жауап берді.

Еске салсақ, биыл Жетісу облысында ауылшаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғайтылып, 524,8 мың гектар болмақ. Бұл ретте егісті әртараптандыру аясында басым дақылдар алқабы, оның ішінде қант қызылшасы, майлы және жемшөптік дақылдар жалпы 18,1 мың гектарға ұлғаяды. Өңірде қант қызылшасы биыл 11,5 мың гектарға себіледі.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Талдықорған қаласындағы нысандарды аралауы түстен кейін де жалғасты. Алдымен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысқан аймақ басшысы орталыққа келушілердің спортпен, музыкамен, қолөнермен, тіл үйренумен шұғылданып жатқанына куә болып, ардагерлермен тілдесті. 

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаевтың айтуынша, орталық келушілерге 15 қызмет түрін тегін көрсетіп, 38 қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Қаржылық және компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі, қазақ тілі, тоқу және тігін курстары, йога, вокал, шахмат-дойбы, үстел теннисі бойынша сабақтар өтеді. Сонымен қатар жүзу үйірмесі ұйымдастырылған, келушілерді орталық бассейнге тасымалдау үшін 16 орынды автобус сатып алынды. Қазір тұрақты келушілердің саны 500-ге жуықтаған. Осы орайда облыс әкімі келушілердің қатары көбейгендіктен ғимараттың жертөлесін де тиімді пайдалану керектігін айтты. Өзара пікір қосудың нәтижесінде ендігі жерде жертөленің бір жағына тұз шахтасы орнатылып, екінші жағына бильярд үстелдерін қою туралы тоқтамға келді. 

Облыс әкімі Ынтымақ ауылындағы №30 мектепке барды. Бұл 1 мың 200 орынға арналған мектепте 700-ге жуық оқушы оқиды. Жаңа оқу жылында оқушылар қатары толығады деп күтілуде. Мектептің ішкі жағдайымен директоры Сәуле Үстенова таныстырды. Облыс әкімі мектептің оқу кабинеттерін, материалдық-техникалық базасын аралап көрді. Мектеп басшысының айтуынша, ауласының аумағы 4,4 гектар. Бұл аумаққа 70 ағаш, 50 раушан гүлі, газон отырғызылған. Облыс басшысы мұндай ауқымды алаңды арнайы техникамен тұрақты суару мәселесінде мектеп әкімшілігіне қолдау керектігін айтып, бұл істі қала әкіміне тапсырды. Осы ретте Бейбіт Исабаев мектептің өз шағын жылыжайы бар екенін де көрді. Мұнда биология пәнін меңгеру кезінде оқушылар көкөністер мен асханалық шөптер өсіреді. 4 жылыжайда оқушылар қияр, қызанақ, руккола, көк бұрыш, ақжелкен, шалғам өсіріп, оларды өздері күтіп-баптауда. Облыс басшысы балаларды адал еңбекке баулитын мұндай бастамаларды қолдайтынын айтты.

Аймақ басшысы орталық стадионда істеліп жатқан құрылыс жұмыстарымен де танысты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т. Бектасовтың айтуынша, жаңғырту жұмыстарына 1,57 миллиард теңге бөлінген. Қазір мұнда 15 жұмысшы, 5 техника тартылған. Стадионның кіреберісі жаңартылып, қақпасы, көрермен мінберінің айналасы, баспалдақтары сырлануда. Қосалқы алаңының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Облыс басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы, уақытылы атқаруға қатысты бірқатар тапсырма бергеннен кейін «Жетісу» ФК бас бапкері Қайрат Нұрдәулетовтен жексенбіде «Жетісу» мен «Шахтер» командаларының арасында болатын ойынға дайындық барысын да сұрап білді.

Сол сияқты, осы күні облыс басшысы желтоқсан құрбандарына арнап орнатылатын монументтің және суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай демеушілердің қолдауымен қойылатын ескерткіштің эскиздерімен танысып, қойылатын орынның абаттандырылуына қатысты қала әкімдігіне тапсырмалар берді.   

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі