ОНЛАЙН-ӨМІР ОПЫНДЫРМАСЫН

Уақыты: 22.04.2024
Оқылды: 278
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жұлдызы жарық адам баласының бойындағы әрбір қасиет ғаламның сырымен ұштасып жатыр. Жаратушы иеміз дүние әлемді жаратқанда оған мұрагер етіп тілі, танымы, терең сезімі, ақыл-парасаты бар адамды тағайындады. Өзінің хақ жолымен жүрсін, жердің жүзін манатқа малындырсын, гүлдендірсін, сәруар дүниенің саламатын татып, тылсымның салауатына шомсын деді. Алайда, жылдар өткен сайын құндылық құлдырап бара жатқаны жасырын емес.


Жетісу облысы әкімінің ұйытқы болуымен қолға алынған менторлық жоба аясында Талдықорған қаласындағы бірқатар мектепке барып, оқушылармен кездесуіміздің мәні де сол құлдырап бара жатқан құндылықты қайта нықтау. Құрдымға құлдырау үстіндегі құндылық кемесінің жақтауын бүтіндеп, желкенін тұғырға қондыру. 

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда мектеп оқушылары арасында элек-тронды темекіні тұтынушылардың саны артты. Екінің бірі әуестенген бұл заттың зияны қаншалықты екенін жас тұрмақ, жасамыстардың өзі дұрыс салмақтай алмай жүр. «Одноразка» аталатын темекі адам тәнінің шіруіне алып баратын ең қатерлі зат. Аталған темекіні көп тұтынған адамның жілік майы (тоқ майы) кеуіп кетеді екен. Сөйтіп санаулы уақыт ішінде тоқ майы түгесіледі, сүйектері, аяқ-қолының саусақтары шіріп, үгітіліп түседі. Оған қоса адамда ер-әйел демей жерік пайда болады. Өмірі өзі татып, пайдаланып көрмеген заттар – психотропты дәрілерге, синтетикалық есірткілерге, қорқорға деген құмарлығы қозады. Мұның бәрі ақырында адам ғұмырын жалмайды немесе сал ауруына шалдықтырады.
Әлемде психотропты-синтетикалық есірткілерді пайдалану көрсеткіші бойынша алдыңғы 10 елдің көшінде жүрміз. «Көшінде жүрміз» дегенде көрпемізге кең көсіліп, күлбілтелеп сөйлеп, күпсектеп жыр қылатын дүние емес қой. Ұлт болашағын ойлаған кез келген азаматтың жаны ауырады. Дүниежүзі бойынша аталған  есірткі шегу бойынша нақтылы 8-орынға жайғасқан мемлекетіміздің жастары одноразка, электронды темекі тұтынады, қорқор пайдаланады. Бұл сұмдық статистикаға қарап-ақ тәрбиенің ақсап, тәлімнің жүрекке сіңбей жатқанын пайымдауға болатындай. Осы жайлы әр кездесуде ашып айтып, жастарымыздың мұндай кеселден аулақ болуын үндеп келеміз. 

Одан кейінгі толғанатын тақырыптың бірі – лудомания. Бұл қоғамның іріңі іркілдеп тұрған індеті. Қазақ халқының бойында Абай бабамыз айшықтаған кемшілік жетерлік. Соның бірі – еліктеушілік. Бүгінгі жас буын тез байығысы, жағдайын түзеп, тұрмысын жақсартқысы келеді. Барымен шалқыған, байлығымен дәурендеген адамдарға еліктейді. Адал еңбекпен мал табудың орнына, маңдай терімен жеткен қаржысын бәске тігеді. Соның нәтижесінде лудомания дертіне шалдығады. Телефон, букмекерлік кеңселер, онлайн казинолар арқылы ұтыс тігіп, сол «бәс» арқылы дәурендегісі келеді. Осы бағытта жүргізілген сараптамаға зер салсақ, кез келген адамның, мейлі данышпан, IQ жоғары жан болса да ұтыс ойынынан байып кеткені жоқ. Бәрі түбінде үлкен жеңіліске ұшырайды. Тігерге соқыр тиын таппайды. Отбасынан айырылады. Бала-шағасын қаңғыртып, қу тізесін құшақтап қалады. Бұл орайда қазақ қоғамында да осы дерт арқылы отбасы, бала-шағасы, тапқан-таянғанынан айырылып, ақырында өзіне қол салып жатқан дерек баршылық. Аналар жесір, балалар жетім қалуда. Ата-енелер шарасыздықтан жылап жүр.

Министрлік тарапынан казинолар мен букмекерлік кеңселерді жаппайтыны туралы ашық айтылды. Өйткені, өткен жылдың өзінде мемлекетке 90 миллиард теңге салық төлеген. Яғни, мұндай мөлшерде салық төлеген ұтыс ойынының ордасы жабылмайды деген сөз. Осындайда Қазақстанда нашақорларды емдейтін орын бар, лудоманияны емдейтін бірде-бір мекеме жоқтығы еске түседі. Тіпті, жер бетінде аталған құмарлықтан айықтыратын, дертті тамырымен ой-санадан жұлып тастайтын, адамды бастапқы қалпына келтіретін орын табыла қоймас. Сондықтан да қоғамның ең бір асқынған дерті деп айшықтауға негіз бар.

Өз кезегінде адам тәрбиесіне, тағылымына, танымына тікелей әсер етіп жатқан дерт ретінде цифроманияны айтамыз. Бүгінгі жастар телефоннан тәлім, смартфоннан сабақ алуда. Адаммен, қоғаммен байланыс орнатудан алшақтап барады. Күні-түні телефонға тәуелді болып, экраннан көз алмайтындар көбейіп келеді. Онлайн өмір арқасында білім сапасы нашарлауда. Міне, осы аталған дүниелердің бәрі бүгінгі күн тәртібінде қызылмен жазылып, үлкен әріппен айшықталған. Менторлық жоба аясында аталған мәселелердің қаншалықты зиян екенін жас ұрпаққа жеткізудеміз. Тамырына тағылым, өзегіне өмірлік дүние сіңген жас ұрпақпен жиі сөйлесудің, әрбір келелі, кесірлі дүниелерді ажыратып берудің де маңызы мол. Сол себепті қоғам болып ояну, ұрпақ қамын ойлауға міндеттіміз.

Қанат МҮТЕБАЕВ,
психолог, теолог