БІР ЖАСҚА ТОЛҒАН КҮН

Уақыты: 21.03.2019
Оқылды: 1618
Бөлім: ТҮПСАНА

Бір күні біздің үйде абыр-сабыр тағы басталды. Даладағы жер ошаққа қазан асылып, шешейдің қыс бойы сақтаған соғымының кәрі жілігі қазанға салынды. Үлкен ағаш астауға құрт езіліп, әпкелеріміз келімен тары ақтап жатты. Көрші үйде тұратын жеңгеміз үйінен әкелген бидайды қайнатып, кептіріп, оны да келіге түйіп, желге ұшырып, тазалап жатты.

Төрт көршіміз әкелген жылқының майлы еті қазанның төрт құлағына қойылып, басқалар әкелген сыйлы сүйегін «Аруақтардың сыбағасы» деп қазанға салып жатты. Басында  «Бір ғана кәрі жіліктің азғантай еті кімге жетеді» деп ойлап едім. Енді, міне, жан-жақтан жиналып, бір қазан ет болды. Түйілген тары мен бидай сорпаға бықтырылып, епті жеңгелеріміз қамыр илеп, таудай қылып бауырсақ пісіріп тастады. Бала-шағаның  міндеті – отын теріп, қазанға от жағу. Сол кездегі бір үйдің қуанышы мен қайғысын жұрт болып көтеріп әкететін кеңпейілдікке риза боламын да, қазіргі жұмысы болмаса көршісінің есігін қақпайтын суықтыққа жаным жүдейді. 

Төргі үйге жайылған дастарқан басына жайғасқан ауылдың үлкендері өткен-кеткеннің талай қызықты оқиғалары мен әзіл-қалжыңын айтып, бізді үйіріп алатын. 

Сол жолы әкем көпшілікке Наурыз мерекесінің шығуы туралы қызықты аңызды айтып берді. Оның ұзын-ырғасы былай өрілетін:

...Осыдан бес мың жылдың алдында  тау басына қоныстанып, малмен тіршілігін қамдап отырған бір тайпа ел болыпты. Сол тайпаны аузына қаратқан Наурыз атты әже болған екен. Бір жылы қатты жұт болып, мал қырылып, тайпа адамдары қытымыр қыстан көктемге үздігіп әрең шығады. Көктем келіп, тоң жібіп, малдың аузы көкке ілінген бір күні Наурыз әже тірі қалғандарды жинап, ортаға үлкен тайқазанды қойдырып, кеңес құрып:

– Ертең әркім үйіндегі соғымнан қалған етін, бар тамағын әкеліп осы қазанға салатын болсын, – деп бұйырыпты.

Үлкеннің айтқанынан шықпайтын ежелгі әдет бойынша әркім үйінде қалған тамағын тайқазанға салады. Оны санап көрсе 7 түрлі дәмнен тұрыпты. Соның ішіндегі көзге көріктісі Наурыз әженің қысқы соғымынан асып қалған жылқының кәрі жілігі мен айналасындағы төрт көршісінің үйінен келген төр кесек майлы ет болыпты. 

Ол кезде қазанда құлақ болмайды екен. Сол күні Наурыз әже шеберлерді шақырып, тайқазанға төрт құлақ соқтырыпты. Қазанның құлағының төртеу болатыны осыдан қалған екен. Сонымен жұрт жиылып кәрі жілік пен жеті түрлі дәмді қазанға салып, төрт жапырақ майлы етті қазанның төрт құлағына қойып, көже жасапты. Оны көпшілік «Наурыз апаның көжесі» деп атапты. Наурызкөже атауы осыдан шығыпты. Бір қызығы, бір қазан көжені тайпадағылар бір ай ішіп, ал кәрі жіліктің етін бір ай жеп тауыса алмапты. Наурызкөже жасағанда асылатын кәрі жіліктің еті отыз күн бойы бұзылмай тұратыны, оны үйге келген әр адам тегіс дәм тататыны осыдан қалған. Сондай-ақ, отыз күннің әр күнінде бір-біріне ұқсамайтын той-думан ұйымдастырылып, қол күрестіру, ат жарыстыру, палуан сайыс, қыз қуу, көкпар, теңге ілу, тағы басқа 30 түрлі ойын ойналыпты. Қазақтың ұлттық спортының түрі отыз түрмен тоқтайтыны да осыдан қалса керек. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» дегендегі отыз күн ойын осы Наурыз мерекесіне қаратылған. Отыз күнде наурызкөжені ішіп болған жұрт үйді-үйіне тарапты.

Ертесі ғайыптың құдіретімен тайқазан толы көже тағы да пісіп тұр дейді. Сол күні бүкіл тайпа жиылып, наурызкөжені бір күнде ішіп тастапты. Сол күннен бастап осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Отыз күннің ішінде даладағы мал қоңданып, төлдеп, адамдар аққа жарып, қыстайғы қиындық артта қалыпты. Тіпті, сол жылы ел ырысы шалқып, қойлар егізден қозылап, жылқының басы өсіпті. Ырымшыл жұрт осыдан былай жұрт жылдың басын ырымдап, наурызкөжемен бастайтын болыпты. Бұл ырысты Наурыз әже бастағандықтан мерекені әз Наурыз деп кәрі жілікті берекенің, қазанның төрт құлағына қоятын төрт майлы етті көрші-қолаңның татулық белгісі санап, жеті дәмнен тұратын көжені наурызкөже деп атап кетіпті. Бұл тайпадағы берекелі тірлікті көрген көрші тайпалар да уақыт өте  Наурыз әженің жолын ұстап, Наурыз мерекесін тойлайтын болыпты», – деп түсіндірді.

Әкем өмір бойы туған күнін тойлаған жоқ. Кейін бір реті келгенде оның себебін сұрап едім:

– Қазақ туған ай-күнін айтып мақтанбайды. Сондықтан, ата-бабамыз туған күнді жылдың әр күнінде емес, жылдың бір-ақ күнінде Наурыз мерекесімен орайластырып тойлауды салтқа айналдырған. Әз Наурыз кіріп, наурызкөжеден дәм татқан күні барлық қазақ баласы бір жасқа шықты деп саналады, –  деп  жауап берді.

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өмірін бір-ақ күнге сыйғызған мұндай берекелі ел әлемде жоқ шығар.

Қажет АНДАС