БАСПАНА БАРШАНЫҢ АРМАНЫ

Уақыты: 24.04.2024
Оқылды: 209
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әуелгі әңгімені жер тақырыбында қозғайықшы. Жер еміп тірлік кешкен қазақ үшін тоқымдай аумақтың өзі алтынмен тең уақытта иеленіп, иегеріп жүрген пұшпақтай жеріңнің басқа біреудің пайдасына шешіліп кетуі жан ауыртып, жүйкеге салмақ салатыны рас қой.

Ал бастапқы құжатта белгілі мөлшердегі жердің орташа үлесі бары «тайға таңба басқандай» жазылып, кейіннен (2006 жыл) жасалған ресми құжаттан аты-жөнің түсіп қалса, шаруа қожалықтың пайшы-мүшелерінің  санатынан сызылсаң сан соқпағанда қайтесің?

Саялы Сарқан ауданына қарасты Қарабөгет ауылынан келген Шора Каниева заңгерімен бірге облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа осынау мәселені жыр етті. Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың қабылдауында болған, дұрыс нұсқау алған, соның нәтижесінде архивте жатқан құпия құжатқа қол жеткізген Шора апай: «істі құзыретті, жауапты мекемелер бір-біріне сілтейді, ортақ шешім шықпайды» – деген уәж айтады. Мәселенің мәнін жіті зерделеген аймақ басшысы облыстық ішкі істер департаментіне, облыстық прокуратура мамандарына және құзырлы басқармалардың басшыларына тапсырма жүктеп, сот арқылы кейіннен жасалған құжаттың заңды-заңсыз екенін анықтауды, мәселені түбіне дейін тексеріп, оң нәтиже шығаруды тапсырды.

Одан кейін облыс әкімінің қабылдауына кірген Күлжан Жолдинова, Мағира Чакалиева, Айзада Адырбаева, Сәуле Исаевалар баспана бақытына бөленгісі келеді. Бірі әлеуметтік осал топқа, бірі көп балалы ана санатына жататынын айтса, енді бірі зейнетте екенін,    70-тен асқан шағында пәтер жалдап күн кешіп жүргенін жеткізді. Ел мұңына құлақ тоса білген аймақ басшысы әр азаматтың баспана бақытына бөленуі қажет екенін, оны бір адамдай қалайтынын, алайда заңнан, құқықтық шеңберден аттауға болмайтынын ескертті. Әр адам баспана кезегі бойынша пәтерге ие болатынын айшықтады.

Айта кету керек, соңғы кезде әкімнің қабылдауына жазылған тұрғындардың көпшілігі баспана мәселесін жиі қозғап жүр. Кейбір жан мемлекет бекіткен заңды, азаматтық құқықты түптеп танымай жатады. Қарапайым ғана бір мысалын айтсақ, баспана кезегі цифрлық жүйеге ауысқан шақта кейбір азаматтың кезекке тұрған уақыты (саны) өзгерді. Техникалық қателік немесе жауапты маманның кемшілігі нәтижесінде кезек уақыты ауысып кеткендер тікелей сот арқылы өзгерген уақытты (жылын, айын, күнін) қайта қалпына келтіре алады. Алайда сотқа жүгінуге енжарланған кей азамат тікелей әкімдікке алақан жаяды, медет күтеді. Заңды түрде шағымын түсіріп, басқарма басшыларымен-ақ шешер шаруаны  облыс әкімінің ықпалымен тез бітіруді қалайды. Мұндай жайтты ескерген, қабылдауға жазылған әрбір азаматты мұқият тыңдаған Бейбіт Өксікбайұлы заң елге ортақ екенін жеткізіп, кейбір мәселеге байланысты тапсырмаларды жауапты мекеме басшыларына жүктеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ