Құрылыс нысанын аралады

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 305
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы С.Ахметжанов  «Талдықорған қаласының суару желілерін қайта жаңарту» проблемалық құрылыс нысандарының біріне барды.

Көшпелі мониторингке Жетісу облысы құрылыс басқармасының бөлім басшысы, «МОНОЛИТ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы, техникалық және авторлық қадағалау өкілдері, сондай-ақ "Қазсушар"РМК Жетісу филиалының өкілдері қатысты.

Құрылыс басқармасының өкілі хабарлағандай, «Талдықорған қаласының суару желілерін қайта жаңарту» жобасы пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді қалпына келтіруге арналған. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйым құрылыс-монтаждау жұмыстарын 67 пайызға орындады.

Ағымдағы жылдың сәуір айында кестеден артта қалуға, сондай-ақ міндеттемелерді орындамауға әкеп соқтырған бұзушылықтарға байланысты Басқарма мердігерлік ұйыммен шартты біржақты бұзу туралы хабарлама жолдады. Бұдан басқа, облыстың Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен тапсырыс берушінің мемлекет кірісіне 126,7 млн. теңге мөлшерінде дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы талап арызы қанағаттандырылды.

Қазіргі уақытта конкурс өткізу туралы мемлекеттік сатып алу порталында одан әрі орналастыра отырып, жоба бойынша қалдық жұмыстарды қайта есептеу жүргізілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша бекітілген бюджет шеңберінде жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ете отырып, белгіленген кестеге сәйкес құрылысты аяқтау үшін шұғыл шаралар қабылдау ұсынылды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында қайта құру және құрылыс жұмыстарына бөлінген бюджет қаражатын тиімді жұмсау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты бақылауында.

 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Жетісу облысы бойынша департаменті