МҰРАҒАТЫМ – МҰҒДАРЫМ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 287
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жетісу» телеарнасында 10 жылдан аса уақыт аралығында қызмет етіп келемін. Алғаш рет Бейсен Құранбек ағамыздың ізін басып жұмысқа орналасып, біраз жыл бойы барша жұртқа белгілі тұлғаның администратор-менеджері қызметін атқардым. Сол аралықта тұлғаның ұстанымын, қағидасын бойға сіңіруге тырыстым.


Кейіннен мұрағат редакторы қызметіне ауысып, күні бүгінге дейін осынау қызметті жалғастырып келемін. Жұмысымның мақсаты  – эфирден күнделікті өтетін бағдарламаны реттеп, әртүрлі фильмді көшіріп, өңдеп отыру. Сондай-ақ, жаңалықтар мен бағдарламаларды мұрағат қорына жинақтап, сақтау. Арнамыздың қызметкерлеріне, жалпы, көрерменге қажеттілік болған жағдайда  мұрағат қорындағы материалдарды ұсынамын.

Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп өзінің жарқ еткен тұсын, баласы мен немересінің телеарна таспасына басылған бейнесін көшіріп алуға кей адамның мүмкіндігі болмайды. Ғасырлар қойнауын ақтарған зерттеу материалдарын да ел дер кезінде таспалап ала алмай жатады. Кейіннен керек еткенде бізге келіп, өтініш білдіріп жатады. Ширек ғасырлық дүниелер сақталған мұрағатты қопарып отырып әлгі келген адамның өтінішін қанағаттандырудың өзі ерекше сезім сыйлайды. Халыққа қызмет етіп жатқаныңды айқын сезінесің. Жүрегің тыншиды, көңілің көтеріледі. Осы орайда айдынды арнаның бір бөлшегі, негізгі жады болған мұрағат бөлімінде істегеніме айрықша қуанамын. Телеарнамыздың туы ғасыр бойы желбіресін. Әріптестерімді мерейтойымызбен құттықтаймын!

Гүлжанат Атабаева, 
Мұрағат  редакторы