ШИРЕК ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 298
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Қара да беріш қаталдықтың» қағидасын ұлт мұраты жолында ұстанған кешегілердің руханият саласындағы жемісті еңбегінің арқасында телегей туындылар тізбектеліп сөреде тұр. Қатталған басылымдардың өзі сонау ғасырлар өтіндегі өткелектің өзегін, оқиғалардың негізін айрықша айшықтағанын дерек іздей барғанда көрдік. Ата басылымның журналисі ретінде газет-журналдың «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болғанын қуаттай мойындаймыз. Ал, «қазақ телевизиясының ұлт руханияты жолындағы сүрлеу-сүрдегі қандай?» деген сауалға да ерекше тебіреніспен жауап беруге болады.


Бүгінде бұқараның айнасына айналған, жетісулық жайсаң жұрттың көзқуанышы саналған «Жетісу» телеарнасының 25 жылдық тарихына зер салсақ, жоғарыдағы сауалға лайықты жауап бере аламыз. 

«Жетісу» телеарнасының іргетасы Алматы қаласында сол кездегі облыс әкімі Заманбек Нұрқаділовтың 1999 жылғы 28 сәуірдегі №4-127 шешімімен қаланды. Әуелгіде ұжымда тек 5-6 қызметкер еңбек етіп, хабар таратты. Лайықты жеке арнасы жоқ болғандықтан телеөнімдер «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирі арқылы аптасына бір рет, бір сағаттан көрсетілген. 

Облыс орталығы Талдықорғанға көшуіне байланысты 2000 жылдардың басында Алматыдағы телеарна Жетісудың орталығына көшті. Нақтырақ айтсақ, 2001 жылы. Бұл сын сағаты іспетті оқиға еді. Тозған Талдықорғанның түлеуіне құрылғанына 2 жыл болған телерна ғана емес, бүгінде 106 жасқа жеткен «Jetіsý» газеті де айтарлықтай ықпал етті. Білікті журналистер облыстың әр жаңалығын көрермен мен оқырманға ақжолтайлады. Татымды, жілікті дүниелер ұсынды. 
Телеарнаның ширек ғасырлық тарихына зер салсақ,  қазақ көрерменіне телегей дүние ұсынды. Жан тебірентер, тарихтан сыр шертер, құндылықты дәріптер ток-шоу, бағдарламалар көрерменге жан азығын берді. «Болмыс», «Ел мен Жер», «Ән шырқайық»,  қоғамдағы өзекті ойды қозғайтын «Арнайы репортаж», әдеби хабар  «Парасат», «Құтты қонақ», спорттағы майталмандарды дәріптейтін «Спорт-тайм, «Тыңдашы, айналайын», «Туржорық», «Оқырман», «Әдебиет пен адамзат» секілді жобалар ел сүйсініп көретін бағдарлама есебінде телеарнада үздіксіз беріліп отырды. 

2015 жылы жаңа ғимаратқа орналасып, материалдық-техникалық базасы жабдықталды. Техникалық мүмкіндігі республикалық арналармен теңеcті. Заманауи үлгідегі 600 шаршы метрлік үлкен студия, 80 шаршылық виртуалды студия, жаңалықтар, дубляж  студиясы бар.  Бүгінде тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Хабарды  «ОTAU  TV» спутниктік желісі арқылы еліміздің барлық аймағы, сонымен қатар алыс-жақын Ресей, Түркия, Иран, Пәкістан, Моңғолия, Қытайдың батыс бөлігі, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері көре алады. 

Ширек ғасыр шежіре түзген арнаның мұрағатында шығармашылық ұжыммен жасалған 100-ге тарта бағдарлама бар. Қазіргі таңда эфирде танымдық, ақпараттық, ойын-сауықтық, әр салаға арналған түрлі форматтағы 40-қа жуық бағдарлама көрерменге жол тартса, қазақ және орыс тілдерінде ақпарат жаңалық 3 уақыт таратылады. 

– Биылғы наурызда телеарна атауы «Жетісу» телерадиокомпаниясы» болып өзгерді. Телеарна, радио өз бағытымен жұмысын жалғастырса, кино өндірісін дамытуға да заңды түрде құқылы болдық. Яғни, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне иеміз. Ошақтың үш бұтындай телеарна, радио, кино арқылы елді ақпараттық, рухани дүниелермен сусындатамыз. Алдағы уақытта арнаның төл телеөнімдерін жарыққа шығарамыз, – дейді тыңға құлаш ұрған телеарна директоры Думан Алтынбекұлы.

25 жылдық тарих белесін енді бағындырды демесе, қазақтың сонау ғасырлардағы ұлы мұраларын тірілтіп, Орбұлақ, Ақтабан шұбырынды секілді ұлы шайқастарын, батырлары мен бағландарын таспалаған, ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңдеріне арнап телетуынды жасаған, «Бір уыс бидай» секілді деректі фильмдерді ел руханиятына қотарған телеарнаның тынысы кең. Кино өндірісін дамытуға лицензия алған телеарна жуырда ғана Бейсен Құранбек пен жары Гүлмира Зербай екеуінің сценарийіне негізделіп жазылған «Ұстаз» фильмінің түсірілімін бастады. Оған қоса, «Жетісу» радиосы көпшіліктің сүйіп тыңдар желісіне айналып үлгерді. Облыс аумағын толықтай қамту үшін  радиоқабылдағыш жабдықтарын сатып алуға, орнатуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 40 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне баса назар аударылып отыр. Себебі, жұмыс нәтижелі болуы үшін маманның жәй-күйі аса маңызды. Облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың әрдайым қолдау көрсетуге, телеарна жұмысын жандандыруға қатысты игі бастамалардан аянып қалмайтындығын баса айтқанын телеарна директоры Думан Алтынбек айрықша атап өтті.

 Тағы бір айта кететін дүние, ширек ғасырлық тойға байланысты біраз қуаныш та орын алған. Соның бірі – облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының тікелей қолдауымен іссапарға төленетін қаржы көлемі екі есеге артқан. Еңбек демалысына шыққанда соңғы он жылдықта болмаған бір жалақы көлеміндегі сауықтыру төлемі төленеді. Бұрындары жұмыс істеуге ниетті жастар тәжірибеден өту барысында бірнеше ай штат босауын күтіп, ақысыз еңбек ететін болса, бұл мәселеге қатысты өткен жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесер «Мансап» орталығымен бірлескен жұмыс басталған. Нәтижесінде 10-нан астам адам «Жастар практикасы» бағдарламасымен қызмет ете бастаған. 

Телеарнада соңғы жылдары жаңашыл идеялар іске асып жатқанын көріп-біліп жүрміз. Оның бірі бартерлік жүйеге басымдық берілуі екенін айрықша атап өткен жөн. Шығармашылық еркіндік те бар. Жастар жағы жанын салып жайнақ дүниелер ұсынса, алдыңғы буын салмақты бағдарламалар арқылы салиқалы көрермен қалыптастыруда. 

«Жетісу» телеарнасы 25 жыл уақыт аралығында отандық телеиндустрия нарығында өзіндік бағытын айқындаған, қолтаңбасы қалыптасқан арнаға айналды. Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда  хабар тарату аумағы кеңейіп, тың бастамалардың жаршысы болып көрермен қошеметіне бөленді. Мерейлі мереке аясында қайырымдылық концерті, ардагерлерді еске алу фильмдері, сюжеттер сериясы мен БАҚ өкілдері арасында Тұрсынбек Айтбек пен Рубикжан Яхинді еске алуға арналған волейбол жарысы, Наталья Борсенко атындағы үстел теннисінен турнир  өтеді. Сонымен қатар қоғамдық даму басқармасының мұрындық болуымен жылдағы дәстүрге сай Бейсен Құранбекке арналған халықаралық шағын футбол бәсекесі ұйымдастырылмақ. Осындай жетістікпен, жеңіспен жеткен ширек ғасырлық мерейтой ғасырға ұлассын дегіміз келеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ