Имамдар мен банк қызметкерлері ағаш екті

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 305
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл апталық» шарасы аясында облыстық дін істері басқармасы мен «Отбасы банк» Жетісу облыстық филиалының қызметкерлері 200 түп ағаш егіп, өнегелі істері арқылы өзгелерге үлгі көрсетті. Шараға 20-дан астам мешіт имамы мен 30-ға жуық банк қызметкері қатысты.

Балапанов және Бәйкен Әшімов көшесінің қиылысына егілген жас өскіндер біраз жылда жүргіншілердің саялайтын жеріне айналатыны анық. 

– Қаламыздың өсіп-өнуі, көгеріп-көктеуіне облыстағы мешіт имам-ұстаздары атсалысуда. Ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды. Таза ауа қашанда бәрімізге керек. Осындай мақсатпен игілікті істі қолға алдық. Бүгін Талдықорған қаласындағы 9 мешіттің имамдары мен ұстаздары қатысып отырмыз. Бұл жұмыс бұған дейін де атқарылып келеді. Мешіттердің айналасын абаттандыру ісін үнемі қадағалап отырамыз. Былтыр 4064 көшет отырғызғанбыз. Бәрі көктеп, көгеріп тұр. Биыл 5 мың түпке жуық көшет отырғызу жоспарымызда бар, – дейді облыстың бас имамы Керімбек Дәуітов.

Жалпы, табиғатты қорғау – барлығымызға ортақ іс. «Бір жылдығын ойлаған адам егін ексін, он жылдығын ойлаған адам көшет отырғызсын, жүз жылдығын ойлаған адам ұрпақ тәрбиелесін» деген аталы сөз бар. Осынау  ата-баба қағидасын берік ұстанған дін өкілдері аймағымыздың көріктенуіне осылай үлес қосып келеді. Шараға қатысқан банк қызметкерлері де осындай ойда екендігін білдірді. 

Қажет АНДАС
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ