ТӘТТІ ТҮБІР ЕГУГЕ ДЕН ҚОЙДЫ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 379
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданында биыл 85130 гектар жерге егін егіледі. Оның 500 гектарына қант қызылшасы дақылын себу жоспарланған. Бүгінде өңірдегі 18 шаруа қожалық тәтті түбір себу жұмысын бастап кетті. Аудан әкімі Алмас Абдинов науқандық жұмыстың жай-жапсарын білу мақсатында шаруа қожалықтарын аралап  қайтты.


Аудан әкімі Алмас Сапарғалиұлы Жанама ауылдық округі мен Қарабұлақ ауылындағы «Ақтұма» және «Жексенбек» шаруа қожалықтарында болып, жұмыс барысын тексерді. Қант қызылшасын себуді негізгі кәсіп көзіне айналдырған «Ақтұма» ШҚ 100 гектар, «Жексенбек» ШҚ 30 гектар жерге тәтті түбір тұқымын сеуіп, өнім көлемін молайтуды көздеп отыр.

Аудан басшысы өткен жылы орташа салмағы 6-8 келі болатын тәтті түбір өсіріп, рекорд жасаған Көлбай ауылдық округіндегі шаруа қожалықтарының басшыларымен де кездесіп, жұмыстарына сәттілік тілеп қайтты. Жол бойында орналасқан «Қайрат» шаруа қожалығының мамандары «30 гектар жерден мол өнім аламыз» деп сенім білдірсе, заманауи техникамен толық жабдықталған «Самет Агро» шаруа қожалығы 140 гектар алқапқа қант қызылшасын сепкен. Ырғайты ауылдық округіндегі «Ақсұңқар» шаруа қожалығы  50 гектар егістік алқабына қант қызылшасын сеуіп, күтіп-баптау жұмыстарының қамына кіріскен. 

Мамандардың айтуынша, қант қызылшасы 3 см тереңдіктегі ылғалды топыраққа қоспасымен бірге түсуі керек. Сонда ғана тұқым тез өніп шығады. «Bolat Group LTD» ЖШС-нің басшысы Болат Сейрбаев себу жұмысының осы талап бойынша жүріп жатқанын жеткізді. Биыл 285  гектар жерге тәтті түбір себетін шаруа қожалығы суды үнемдеу, жер құнарын сақтау, өнім көлемін молайту мақсатында бірінші рет тамшылатып суару әдісін қолданбақ. Қазіргі таңда шаруа қожалығының егістік алқабында жер жырту, бұрғыма қазып, тазалау жұмысы қызу атқарылуда.

Расында, алакөлдік диқандардың тамшылатып суару технологиясын қант қызылшасын өсіруге қолдануда кенжелеп қалғанын жасырмаймыз. Көрші елдер бұл әдістің арқасында гектарынан 120-150 тонна қант қызылшасын алып отыр. Алакөлдік шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын тиімді жүргізуі үшін мемлекет тарапынан «Кең дала», «Агро бизнес» бағдарламалары аясында 905 млн. теңге қаражат бөлініп, арзандатылған жанар-жағармай қоры әзірленген.

Шаруалар ендігі жерде ауа райы  қолайлы болып, күзгі жиын-терінде мол өнім алсақ деп отыр.

Қажет АНДАС