Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"СҰСЫНАН ЖЫН-ШАЙТАН ҚАШАДЫ ДЕП СЕНГЕН": БҮРКІТ БАПТАУДЫҢ ҚЫР-СЫРЫ

Уақыты: 08.09.2020
Оқылды: 1651

Ата-бабаларымыз осынау жыртқыш құстың қыр-сырын ерте заманнан-ақ біліп, қолға үйретіп, саятшылыққа баули білген. Бұл құстың төресін қазақтың қай ғасырдан бері қолға үйреткені белгісіз. Анығы, көшпелі өркениетте саятшылық дәстүрі бұдан 8 ғасыр бұрын кең тараған. Бұл талас тудырмайтын тарихи дерек. 1269 жылы Құбылай ханның ордасына келген әйгілі жиһангез Марко Полоның жазбаларында далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар, онымен аң аулайды, саятшылық жасайды, бой сергітеді деп жазылған екен. Отырықшы халық өстіп құсбегілік өнердің сипаттамасын хаттан оқып жатқанда көшпенді жұртта қағаз бетіне түспеген, бірақ қатаң орындалатын шарттар қалыптасқан. Құсбегілік есте жоқ ескі замандардан бері қазақтың салтымен біте қайнасып, сан ғасыр сарқылмай бірге жасасып, бабадан балаға мирас бола отырып бізге жеткен саф өнер.

Бүркіт қасиетті құс болғандықтан ата-бабаларымыз сұсынан жын-шайтан қашады деп сенген. Сырттан келген қонақ үйге кірерде әуелі шаңыраққа, сосын сол үйдің оң жағындағы бүркітке де сәлем берген. Бүркіттің алдын кесіп өтсе, сағы сынады деген ырым бар. Егер амалсыздан бүркіттің алдынан өткен жағдайда бісмілләләп өткен абзал.

Қазақ құсбегілері бүркіттің мекеніне қарай құз құсы, тау құсы немесе ой құсы, қыр құсы деп ажыратады, ал бүркіттің жасына келгенде пікірлер әртүрлі. Жүз жыл жасаған бүркітті көргендер де бар екен. Көнекөз қариялардың айтуынша 33 түлеген құсты көзімен көргендер болыпты. Бірақ қазақ құсбегілері құс жасын ең ұзағында 12 жасқа дейін атай алады.

1 жас балапан; 2 жас қантүбіт; 3 жас тірнек; 4 жас тастүлек; 5 жас мұзбалақ; 6 көк түбіт, 7 жас қана; 8 жас жана; 9 жас май түбіт; 10 жас барқын; 11 жас баршын; 12 жас шөгел деп бүркіттің 12 жасын 12 мүшелге немесе буынға дейін көрсетеді. Бүркіттер шамамен 40 жыл өмір сүрген соң өмірлері түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Тырнақтары қатты өсіп кеткендіктен аң аулауға шамасы келмейді. Олар өз өмірін сақтап қалу үшін тау басына шығып, тырнағын тасқа ұрып түсіреді. Содан соң сынған тырнақтың орнына мықты әрі қатты тырнақ өсіп шығады. Жаңа тырнақтары өскеннен соң олар ауыр қауырсындарынан құтылады. 5 айға жалғасқан осындай ауыр күндерінен өтсе, тағы қиналмай 30 жыл, не одан да көп өмір сүреді.

Тамағы, жемсау, төс сүйек, сан, тобық (тірсек), сирақ, шуда, жіліншік (бау тағар), көбе, орақ, қиғақ, езуін самқау деп атайды. Бүркіт өткір қиғағымен тістегенін қиып түсіреді. Самқау үлкейген сайын бүркіттің қуаты да күшейе береді. Құстың ұшуын тежеп, қонудың қызметін құйрық шалғысы атқарады. Құйрық шалғысы 12-ден кем болса өзі олақ, ісі шолақ, ебедейсіз болады.

Бүркіттің тағы бір қасиеті – оның жанары мен көз аясының ерекшелігінде жатыр. Көз ұясы аумақты, қабағы шалқақ, алды жазыңқы бітуі көздің жан-жаққа қырағы қарауына қолайлылық тудырады. Бүркіттің саусақтарының үстіндегі жүгері дәніне ұқсас домалақ түйір тастарын бүркіт аяғының тасы деп атайды. Қыран тұяғының мықтылығы болаттай, өткірлігі пышақтай болады. Алған аңының ішін жарып жібереді, ондай бүркітті іш жарғыш деп атайды.  Құстың аяғы 4 саусақты келеді, өкше жағындағы саусағын тегеурін, ішкі жағындағы саусағын жембасар, ортаңғысын сығым, шеткі жағындағы шынашағын шеңгел (ілгіш) деп атайды. Құс аяғының күшті болуы ондағы бұлшық ет, тарамыс, сіңірлердің сүйекпен бірге байланыса біткенімен байланысты

Ал осы қыран құсты қолға қалай үйретеді? Қолға үйренбеген асау құстың үстіне, жон арқасына, қанаттарының астына салқын су бүркіп, болмаса сығымдап кесек қар немесе мұз жұтқызып қанын салқындатады, үнемі сылап-сипап бойын үйрету керек, сонда құстың ашу, қытығы жазылады. Түз құсын алғаш тұғырға отырғызарда ортаңғы саусағынан іле ұстап қондырған дұрыс. Тұғыр дегеніміз – құс күтіміне арналған бүркіт отыратын жабдық. Ағаштан жасалатын орындық. Биіктігі құс отырғанда шалғысы жерге тимейтіндей мөлшерде шамамен 30-40 см болады.

Текше табанды тұғырда бүркіттің тұяғы білемдей ұстап, таймай отыратын кемері болады. Құс отыратын құс басар аталатын бөлігінің киізбен қапталуы құс тұяғын мүжілуден сақтайды. Тұғырдан ұшып кетпес үшін қыран құстардың жіліншектеріне тағылатын арнайы бауы болады, оны балақ бау, немесе аяқ бау деп атайды. Балақ бау қыран құстың аяғында үнемі бірге жүреді. Қыран құстарға тағылатын бау жұмсақ иленген тері, былғары, жарғақ немесе қыжымнан құстың жіліншегіне лайық тігіледі. Әдетте бүркітті оң қолға қондырып, сол қолмен томағалайды.

Томаға болса қыран құстардың басына кигізілетін  қап. Қыран құстың томағасын ертеректе асыл тастан әшекейлеп, өте әдемі, сәнді етіп тігіп, оны кәдімгі өнер туындысының деңгейіне дейін көтерген. Дала қыранын жуасыту үшін басына томағасын кигізіп, ырғаққа отырғызып оның ұйқысын алатын болған.

Ырғақ деп екі діңгек ағашқа керіліп байланған арқанды айтады. Оған томағасын кигізіп, асау құсты отырғызады. Арқанды ырғап тербетіп отырады. Сонда көзі байланып, ырғаққа тербетілген құстың ұйқысы қашып, әбден шаршап құлайды, тіпті бұрынғы түздегі өмірін ұмытады. Қолыңа қондырған құсың – түз қыраны әбден жуасып, құсбегіге бауыр басқанына анық көз жеткізген соң барып құсты қолға шақыру басталады. Ол үшін биялайдың алақанына бір кесек ет тастап, кәу-кәу деп жұмсақ үнмен дауыстап шақырып жегізіп үйретеді. Осы дауысқа әбден үйренсе кейін иесінің дауысын жазбай танитын болады.

Биялай – бұл құсбегілер қыран құсты қондырғанда киетін тері қолғап. Сол қолмен тізгін ұстайтын болғандықтан биялайды оң қолға арнап тігеді. Оның  бас бармағы бір бөлек, қалған 4 саусақ киілетін тұсы бір бөлек тігіледі. Құсбегілердің тәжірибесіне қарағанда үш аптаның ішінде түз бүркіті жуасиды, қолға үйренеді. Құсты қолға толық үйрету үшін атқа алып жүру керек. Егерде көнбей қырсықтық танытса, құсты балдаққа мінгізіп, атпен шапқылайды. Аттың шабысы шаршатқан құс өзінен-өзі жуасиды.

Әбден бабы келіскен қыран құс саятшылықта құсбегіге таптырмас серік болады. Құсбегілер қыран құсты ешқашан сатпаған, құсбегілік өнерді үйретіп, атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған. Көп уақыт өмір сүріп, қартайып өлген кезінде құсты құрметтеп жерлеген. Денесін ақ шүберекке орап, мекен еткен жерінің биік төбесіне, ұясының қасына жерлеген. Естелік үшін басын кесіп алып, іліп те қойған.

Бабаларымыз кие тұтқан аспан падишасы бүгінде тәуелсіздігіміздің, еркіндігіміздің символына айналып, қасиетті туымыздан орын алған.

Салтанат КҮЛДІБАЙҚЫЗЫ,

М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

Сурет ғаламтордан алынды