ҮШАУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕРДІ ҚАЛАЙ АЗАЙТАМЫЗ? ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 11.08.2021
Оқылды: 1026
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен онлайн режимде «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысы өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Жиында қазақстандық тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемін арттыру, мәдениет объектілері мен мектептер салу мәселелері қаралды.

Штаб отырысы барысында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев, Ауылшаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов сөз алып, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың шикізаттық емес экспортының көлемін 2025 жылға қарай екі есеге арттыру жөніндегі міндетті іске асыру бойынша баяндама жасады.

Өз кезегінде сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2021–2025 жылдар аралығында елімізде 800 жаңа мектеп пайдалануға берілетінін айтты. Биыл 200 мектеп салу жоспарлануда. Сонымен қатар, елімізде 89 мәдениет нысанының құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде 9-ы облысымызға тиесілі.

Осыған орай жиында Амандық Ғаббасұлы мектеп құрылысының кестесін іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен тарқатты.

– «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасы бойынша 2021–2025 жылдар аралығында 84 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде облыста 49 үшауысымды мектеп бар. Өйткені, жыл сайын мектеп бітірушілердің санынан  білім ошағының табалдырығын аттаған балалардың саны екі есеге көбеюде. Әрине, қарқынды жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 28 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 19-ы үшауысымды мектептің орнын толықтырады, – деген аймақ басшысы «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының 2021–2025 жылға арналған Жол картасы толықтай орындалатынын айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы