ТҮСТІ МЕТАЛДЫҢ ОТАНЫ - ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 70 ЖЫЛ ТОЛДЫ

Уақыты: 12.02.2022
Оқылды: 1286
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биыл Текелі қаласының құрылғанына 70 жыл толып отыр. 1952 жылдың 29 қаңтарында ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығы бойынша Талдықорған облысы Талдықорған ауданындағы Текелі жұмысшы поселкесі облыстық бағыныстағы қала болып өзгертілді. Содан бері шағын қала өндіріспен қуаттанып, өркендеу мен өрлеудің жолына да түсті, тұрғын үйлер, ғимараттар бой көтерді, әлеуметтік нысандар ашылды, күрделі кезеңдердің қыспағынан да өтті, уақыттың жалына жабысып, жетпісінші белесіне жетті.

Жетісудың жерұйық мекені Текелі ежелден мал мен жанға жайлы, сулы, нулы жер. Тау қойнауындағы қазба байлығы ХІ ғасырдың өзінде көшпенділердің тұрмыс қажетіне жараған. Заман өркениетке қадам басқан сайын таудың ен байлығы көзден таса қала ма, 1840 жылдары Жоңғар Алатауын зерттей бастаған орыс ғалымдары осында із салып кетті. Кейін геолог А.П.Казанскийдің еңбектерінде Текелі түсті металл кен орны туралы айтылды. Қыстаудан жайлауға еркін көшіп, көктеу мен күзеу орындарын да өздері жайлаған жергілікті халықтың ортасына сырттан геолог, зерттеуші, түрлі мамандар келіп қоныстанып, 1911 жылы қорғасын кен орындарында алғашқы үйлердің құрылысы басталды. Сөйтіп, пайдалы қазбаларды зерттеп-зерделеуге ден қойылып, 1927 жылы Текелі елдімекеніне кент мәртебесі берілді. 1937 жылы Текелі кен орны өнеркәсіптің өрісін кеңейтетін ірі нысан ретінде анықталып, кәсіпорынның жоспарлы құрылысы басталды. 1942 жылдың 22 тамызында КСРО ХК-ның Текелі қорғасын-мырыш комбинатын құру туралы қаулысы шығып, ірі кәсіпорынның қуатты қадамы басталды. Иә, Текелі қаласының тіршілік ұйытқысы, әлеуметтік-экономикалық дамуының өзегі болған өндіріс кешенінің құрылғанына биыл 80 жыл толады.

Осыдан 10 жыл бұрын қаланың да, Текелі кенді қайта өңдеу кешенінің де мерейтойы өз дәрежесінде аталып өтті. Сол мерейтойдың үлкен бір олжасы –   «Текелі – құтты мекенім!» атты кітап екені даусыз. Қаланың не болмаса бір мекеменің тарихы туралы сөз қозғалғанда, көп адамның, маманның осы кітапқа сүйеніп ой сабақтағанын естіп, көріп, көңілің аспандайды. Той тойлаудың мәні мен маңызының өзі даңғаза, дабыра көтеру емес, соңына байыпты ой, бедерлі із қалдыру болса керек. Қала ретінде жетпісінші қадамын жасап отырған Текелінің арғы-бергі тарихында біздің назардан тыс қалып жүрген естеліктерді, деректерді, белгілі бір себептермен айтылмай қалған не ағат кеткен жайттарды, осы топырақта ізі қалған, еңбегі сіңген тұлғалар туралы білетін ағайын болса, шағын ғана шырайлы қаламыздың биылғы мерейтойында үнсіз қалмай, өткенімізді бірге жаңғыртайық, тарихымызды таниық. Кешегі мен бүгінгіні сабақтастырып, келешек ұрпаққа жол сілтер жарық сәуле сыйласақ деймін.

Қаламен құрдас Текелі қалалық соты, білім бөлімі, коммуналдық қызмет бөлімі және «Текелі тынысы» газетіне де биыл – 70 жыл. Мерейлі жылымыз жемісті болғай!

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

Текелі қаласы

Алматы облысы