ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕ КӨП. ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН ТАЛҒАР АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 21.02.2022
Оқылды: 1426
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өңір халқының хал-ахуалын біліп қайту үшін елге шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек ӘШІМЖАН іссапарын Талғар қаласындағы «Керуен Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысудан бастады.

Іргесі 2015 жылы қаланған бұл отандық өндіріс орнында жоғары сапалы әрі экологиялық таза пластик құрылыс материалдары, атап айтсақ, есік-терезе жақтаулары мен жылыту және су жүйелеріне құбырлар, фитингтер шығарылады. Соңғы уақытта жаңа бір серия қосылған. Ол өндірістің қуатын 10 пайызға арттырды.

Жалпы аумағы 10 мың шаршыметрді алып жатқан зауыттың басты мақсаты –  сапалы өнім өндіру. Осы мақсатта еуропалық заманауи құрылғылар орнатылып, желілер іске қосылған. Халықаралық сапа стандартына сәйкес өнім өндіретін зауыттың жалпы қуаттылығы 17 мың тоннаны құрайды. Бұл меженің толық жүзеге асуына шикізат жетіспеушілігі ғана қолбайлау. Әйтсе де өткен жылды 11 мың тонна дайын өнім шығарумен аяқтаған. Бұл зауыт қуаттылығының 60 пайызын құрайды.

«Керуен Плюс» ЖШС-нің жоғары сапалы өнімі Қазақстанның түкпір-түкпіріне таратылады. Зауытта 220 адам үш ауысымда еңбек етуде. Олардың жалақылары мен жұмыс орындары тұрақты екендігін тілге тиек еткен «Керуен Плюс» ЖШС-нің атқарушы директоры Айдын Каташев алдағы жылдары осы өңірден тағы бір іргелі зауыт ашу жоспарда барын баяндады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, аудан әкімі Қайдар Әбдіханов зауыт ішін аралап, жұмыс процесімен танысты. Онда Айдын Каташев өндірілетін өнім сапасының әр екі сағат сайын лабораториялық тексерістен өтетінін түсіндірді. Зауыт өнімінің экологиялық тазалығына аса мән берілетіндігі, соған орай қорғасынсыз өндіріске айналдырғандықтарын ашып айтты. Өз кезегінде мәжілісмен Жанарбек Садықанұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша атқарылар жұмыстар мен алдағы жоспарлары жайында пікір алмасты.

Бұдан кейін халық қалаулысы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Депутатпен кездесуге қордаланған мәселелерін арқалап келген ағайын аз болмады. Алғашқы боп сөз алған «Зета» компаниясының директоры Мақсұт Омарбаев мыңдаған адамды еңбекпен қамтып отырған зауыт жұмысын баяндай келе толғақты сауалдарын жолдады. Оның біріншісі экспортқа шығарылған өнімнің 12 пайыздық салығын қайтару болса, екіншісісі тендердегі түсінбестік, үшіншісі банк жұмыстарына қатысты мәселелер екендігін атап өтті.

Талғар қаласында тұратын 12 баланы өмірге әкелген көпбалалы ана Гүлназ Отынбекова үш бөлмелі, жалпы аумағы 72 шаршы метр арендалық пәтердің отбасы мүшелеріне тарлық ететіндігін, оған қоса, күйеуінің 1-топтағы мүгедек болуына орай бесінші қабатқа шығып-түсудің қиындығын айтып, жанарына жас алды. Сол сияқты үш баланың анасы Әйгерім Жүнісбекова да күйеуінің жұмыссыздығын, бір баласының мүгедек екендігін, өздерінің пәтер жалдап тұратындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, үш балаға алатын атаулы әлеуметтік жәрдемақының 20 мыңнан аспайтындығын көлденең тартты. Басында баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ отбасының тұрмысы кедейшіліктің ең төменгі шегінде.

Ал Қайнар ауылдық округіне қарасты Көктал ауылының тұрғыны Әлия Әбілсейіт бүкіл бір ауылдың тартып отырған тауқыметін арқалай кепті. «Айта, айта Алтайды» демекші, әлеуметтік желіде де Еркін ауылымен іргелес жатқан Көкталдың көп проблемасын үзбей жариялап жүретін Әлияның басты сауалы – ауылға қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығы. Соның салдарынан 3,5 шақырым жолда жыл он екі ай жаяу жүруден тұрғындардың табаны тозған. Ауыл арасындағы жолдың жасалмауынан өрт сөндіру машинасының батпаққа батып қалғандығы да ашық айтылды. Бұған қоса көшенің қараңғылығы, газдың жетпеуі сынды мәселелер қаладан таяқ тастам жерде орналасқан көкталдықтардың өркениеттен шеттетіліп отырғандығын айғақтаса керек.

Талғарлықтар үшін тағы бір толғақты мәселе – 1200 орынды жаңа мектептің «аралас мектеп» болып ашылатындығына қарсылығын білдірген Камнұр Тәлімұлы да жуырда ғана бір топ қоғамдық бірлестік жетекшілері атынан облыстық мәслихат депутаттарына жолдаған ұсыныс-хатын көтере келіпті. Ұлт болашағы үшін алаңдаған тіл жанашырының жаңа мектепті қазақ мектебі етіп ашу жөніндегі ұсынысы депутат назарын аударды.

Тұрғындар ұсынысын мұқият тыңдап, қойын дәптеріне түртіп отырған халық қалаулысы Жанарбек Әшімжан барлық ұсыныс-тілектердің шешім табуын және аяқсыз қалмауын қадағалайтындығын атап айтты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты іссапарының екінші жартысында Тұздыбастау, Бесағаш, Белбұлақ ауылдарының тұрғындарымен және бастауыш партия ұйымдары мүшелерімен кездесті.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы