БАҚЫТ ДЕГЕНІМІЗ - БЕЙБІТШІЛІК. ҚАРАТАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 28.03.2022
Оқылды: 1653
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Киелі Қаратал өңірін кіші Маңғыстау десек те жарасады. Өйткені, Талдықорғанның батысымен қапталдасқан қасиетті далада елге сыйлы би-сұлтандар мен ділмар-шешендер, Алашқа аты әйгілі ақылмандар мен данагөйлер өте көп өмір сүрген. Маңғыстау жерін 362 әулиенің мекені деп кие тұтсақ, Қаратал ауданында 19 абыз мәңгілік тыныс тапқан. Көнеден тартқан тарихи тұлғалардың алтын жүлгесі бүгінге дейін үзілген емес. Арысы Жәлменде, Пышан абыздармен, Ескелді, Балпық, Айту билермен, Жолбарыс, Қарымбай әулиемен, берісі Қанабек, Бикен, Кемелдермен жалғасқан ұлылар шоғыры ұлт ертеңі үшін ұлы істер атқарып, кейінгі толқынға тағылымды сөз, өнегелі із қалдырды. Ашық аспан астындағы бабалар музейіндей әсер беретін Қаратал ауданына бүгінде Ерлан ИСАБЕКОВ басшылық етеді. Аудан тізгіні қолына тигелі бір жылдың жүзі аунаған әкімге он шақты сауал қойып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында әңгімеге тартқан едік.

– Ерлан Шойұлы, наурыз айының басында әкімдер есебіне қатысты Президент Жарлығы шықты. Іле-шала Жолдау жарияланып, Жаңа Қазақстанның жаңа даму межесі белгіленді. Жолдауда айтылғандай, алдымызда барлық салада ауқымды реформалар күтіп тұр. Осыған орай жұмыс тәртібіңізге қандай өзгеріс енгіздіңіз? Қандай да бір нақты жоспар құрылды ма?

– Иә, дұрыс айтасыз, алдымызда үлкен реформалар күтіп тұрғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты кезекті Жолдауында 10 бағытта бастама көтеріп, алдағы бағдарымызды айқындап берді. Ендігі біздің міндет – салалар бойынша реформаларды сәтті жүзеге асырып, сапалы орындау. Әрі халық қолмен ұстап, көзбен көретіндей нақты іс-шаралар жоспарын құрып, нәтижесін тайға таңба басқандай айқын көрсетуіміз тиіс. Өйткені, Президентіміз Жолдауда реформа жасап жатырмын деп алаулатып, жалаулатудың қажеті жоқ екенін, қағаз жүзіндегі емес, сапалы нәтижеге құрылған нақты реформа маңызды рөл атқаратынын ескертіп өтті.

Биылғы Жолдаудың мән-маңызы ерекше. Оны бүкіл халық жарыса айтып, әр бастама қызу талқыға түсуде. Жаңа Жолдауда Алматы облысы тұрғындары үшін де жаңалық көп болды. Семей, Ұлытаумен бірге Жетісу облысы құрылатыны айтылды. Талдықорған мен Алматы өңірін екі облыс жасау қай жағынан алсақ та тиімді. Әсіресе, әкімшілік басқару, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, диспропорция мәселесін реттеу жағынан ұтымды шешім деп ойлаймын. Ал Қапшағайға облыс орталығы статусын беру, қаланы Дінмұхамед Қонаевтай ерен тұлғамыздың атымен атау – көптен бері халық көкейінде жүрген арман еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ел-жұрт пікірін назарға алып, талайдан бері орындалмай жүрген бірқатар мәселені шешіп берді, түйінін тарқатты.

Өзіңіз айтып кеткен ҚР Президентінің 7 наурыздағы №826 Жарлығын орындау мақсатында бүгінгі таңда нақты іс-шаралар жоспары құрылып, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Ауданымызда қоғамды одан әрі демократияландыру, жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында халықпен кездесулер өткізу шаралары қолға алынды. Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ауданды әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың жаңа бағыттары жайында ақпараттар берілуде. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан түсетін түрлі салаға қатысты мәселелерді шешудің жолдары түсіндірілуде. Бұл ретте мәселенің шешілу мерзімін айтып, дәл уақытында халық алдындағы уәдені орындай білу маңызды.

Бүгінде барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуін өткізу үшін тұрғындардан қойылатын сұрақтар мен ұсыныстарды жинау жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында 30 шақты адам кірген. Бұдан бөлек, халықпен кездесу өткізу бойынша желілік кесте әзірленді. Бекітілген кесте сәйкес ауылдық округтерде, елді мекендерде көшпелі кездесулер ұйымдастыруды бастап кеттік.

– Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жақсы білесіз. Біздің байқауымызша, сіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Желіде өзіңіз отырасыз ба? Желімен айтылған ұсыныс-тілектерге дер кезінде жауап жазасыз ба? Бүгінге дейін желі арқылы тұрғындардың қандай мәселелері шешілді?

– Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тұрғындармен кері байланыс орнатуды, қойылған сұрақтар мен мәселелерге қатысты дер кезінде жауап беруді міндеттейді. Оның ішінде, әрбір лауазымды қызметкерлің әлеуметтік желіде парақшасы болуы маңызды. Бұл – қазіргі заман талабы.

Әрине, әлеуметтік желідегі парақшамды өзім жүргіземін. Сондай-ақ, интернет желісі арқылы келіп түскен әрбір жеке пікірге, сұрақтарға үнемі жауап қайтарып отырамын. Әлеуметтік желіден бөлек, жеке қабылдауыма келетіндер де өте көп. Мен олардың өтініш-тілектеріне ауызша да, жазбаша да жауап беремін. Алдыма келген әрбір тұрғынға әлеуметтік желі арқылы кез келген сұрақтармен жүгінуге болатынын айтып түсіндіремін.

Әлеуметтік желі маған үлкен көмек десем де болады. Өйткені, желі арқылы тұрғындардың бірқатар мәселесі шешілуде. Оларға дер кезінде жауап жазамын. Мысалға айтар болсам, аудандағы тұрмыс жағдайы төмен, әлеуметтік жағынан осал топтарға көмек көрсету, жұмысқа орналастыру бойынша өтініш көп түседі. Мен оларға дер кезінде көмек көрсетіп, тиісті шараларды енгізу бойынша тапсырма жүктеймін. Сөйтіп, арнайы жиындар өткізбей-ақ, ғаламтордағы белсенділіктің арқасында қыруар шаруа шешімін тауып жатады.

Әлеуметтік желіде өңірге қатысты пост шықса, аудандық әкімдік назар аударуды талап ететін жазбалар болса, міндетті түрде оқымай өтпеймін. Тиісті шаралар қабылдап, мәселенің шешілуіне күш саламын. Мәселен, аудандағы кәріз қақпақтарының ұрлануы, жарық шамдарының зақымдалуы, заңсыз қоқыс тастау, жаңбыр суының жиналуы сияқты түрлі тақырыптарда шағым түсіп жататынын жасырмаймын. Желідегі мұндай актуалды жарияланымдар мен ұсыныс-тілектер дер кезінде бақыланып, тиісті іс-шара қолданылады. Бүгінде ауданымызда тұрғындармен кері байланысты заманға сай одан әрі нығайтудамыз.

– Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімдері есеп беріп жатыр. Есеп беру кезінде ауыл әкімдерінен жаңашылдық байқадыңыз ба және есеп беруге қандай өзгеріс енгізу керек деп ойлайсыз? Халық тарапынан ұсыныстар түсе ме?

– Жоғарыда өзіңіз айтып кеткен Президент Жарлығына сәйкес, ауданымызда ауылдық округ әкімдерінің есеп беруі енді жыл бойы өтетін болады. Әкімдердің ел алдында есебі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмағандарын жедел түрде шешу үшін жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл әкімдердің іскерлігі сыналатын, халықтың шынайы баға беретін кезі. Әрине, ел-жұрт тарапынан өте көп ұсыныс түседі. Біз барлық сұрақ пен ұсыныстарды назардан тыс қалдырмай, келесі жиында ескеріп отырамыз.

Жаңашылдық қашанда қажет дүние әрі талап етіледі. Әкімдер есебі, ең алдымен, халық үшін жасалады. Тұрып жатқан өңірдің азаматтарына атқарып жатқан жұмысыңды баяндау, бір жағы, үлкен жауапкершілік, бір жағы, біліктілігіңді сынайтын сындарлы сәт. Сондықтан, әр әкім өз есебіне тыңғылықты дайындалып, әр сұрақты назарда ұстауы, мәселелерге дер кезінде нақты жауап бере білуі маңызды.

Қазіргі таңда жалпы ауылдық округ әкімдерінің тарапынан 40-қа жуық есептік кездесу өтті. Алдағы уақытта ҚР Президентінің 7 наурыздағы Жарлығына сәйкес, үнемі кездесу өтеді.

– Биылғы жыл үлкен сынақпен басталғаны белгілі. Қаңтар толқуы облыс орталықтары мен үлкен қалаларда ғана емес, аудандарда да байқалды. Соның ішінде Үштөбе де бар. Мұндағы халық қандай талап қойды?

– Иә, Қаңтар оқиғасы ел тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі болды. Хронология бойынша айтсам, 5 қаңтар күні сағат 12.00-13.00 шамасында Үштөбенің орталық алаңына шамамен 60-70 тұрғын жиналып, мемлекетімізде болып жатқан жағдайларға байланысты өз наразылығын білдіріп, жаңаөзендіктерді қолдайтынын жеткізді. Олардың талап-тілегін мұқият тыңдадым. Халықтың алдына шығып, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шерушілер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар бердім. Сағат 14.30-15.25 аралығында орталық алаңға шамамен 100-120 адам қайта жиналды. Жиналған аудан тұрғындары дәрі-дәрмек бағасының өсіп жатқанын, қатты отынның қымбаттағанын айтып, алдын алу шаралары бойынша нақты талаптар қойды. Сонымен бірге, жолдарды жөндеу, ірі мемлекеттік сатып алулар, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімсіздігі мәселесін қозғап, наразылық білдірді. Жұртшылықтың қойған талап-тілегіне толық жауап берілді.

Қаңтар қасіреті енді қайталанбасын деп тілеймін.

– Талдықорғанда, басқа да өңірлерде Үштөбенің балмұздағына, прәндіктеріне, тәттілеріне сұраныс көп. Тіпті, балмұздақ брендке айналып үлгерді. Өңірдің тағы қандай өнімдерін танымал етуге болады? Ауданның өндірісіне тоқталып өтсеңіз.

– Иә, оныңыз рас. Үштөбенің балмұздағы брендке айналған. Прәндігіне де басқа аймақтардан сұраныс көп. "Үштөбе-Айдын" ЖШС қуаттылығы жоғары. Тәулігіне 12-ден 15 тоннаға дейін өнім шығарады. Аталған серіктестіктің сүт, айран, балмұздақ, сары май, сүзбе сияқты бірнеше өнімі ауданды былай қойып, облыс бойынша таратылады. Алматы қаласында да сатылымға шығады. Оған қоса, 2020 жылдың соңында "Үштөбе сүт өнімдері" ЖШС сүт өңдеу және сүт өнімдері өндірісі бойынша жаңа өндіріс іске қосылды. Мұның қуаттылығы тәулігіне 5 тонна сүт өңдейді. 15 жұмыс орны құрылды.

Үштөбе қаласында кондитерлік өнімдерді өндірумен «Лад» жеке кәсіпкерлігі шұғылданады. Мұнда екі цех тоқтаусыз жұмыс істейді. «Ладтың» жартылай фабрикаттарға арналған (тұшпара, манты, чебурек) және кондитерлік нан-тоқаш өнімдерін (торттар, печенье, нан, тоқаш, бәліш, лағман) өндіретін екі цехы бар. Сонымен қатар, «Өсербаева» жеке кәсіпкерлігі нан, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірумен айналысады. Ал «Бәшенов» кәсіпкерлігі алкогольсіз сусындар өндірісін қолға алған. Негізінен бұл компания жазғы уақытта лимонад шығарады.

2021 жылдың желтоқсан айында «Отау Үштөбе» ЖШС базасында жүнді терең өңдеу цехы ашылды. Онда 10 жұмыс орны құрылды. Аталған цех көрпелер мен өзге де заттарды өндіруге арналған өңделген жүн дайындайды.

Ауданда құрылыс материалдарын өндіру бойынша «Прогресс СМ» ЖШС жұмыс істейді. Мұнда негізінен иілген болат профильдер сұранысқа ие. Ал «Қаратал балық» ЖШС балықты қайта өңдеумен айналысады. Аталған кәсіпорындар негізінен экспортқа бағдарланған. Сондай-ақ, Үштөбеде күрішті қайта өңдейтін, пеллет өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеуде.

2021 жылы Қаратал өңірінен экспортқа шығарылған ауыл шаруашылық өнімдері Ресейге, Қырғыз Республикасына және  Қазақстанның басқа облыстары мен ірі қалаларына жіберілді. Әсіресе, Үштөбенің қауын-қарбызы мен пиязы, балық өнімдері экспорт сұранысынан түскен емес. Экспортқа шыққан ауыл шаруашылық тауар өнімдердің барлық сомасы бүгінде 677 млн.784 мың теңгеге жетті. 2020 жылға қарағанда былтыр жоспар 118,2 пайызға артығымен орындалды.

– Әкімдерге қойылып отырған басты талаптың бірі – өңірге инвестиция тарту. Үштөбе өңірінің инвестициялық әлеуеті қай деңгейде? Қандай компаниялар жұмыс істейді? Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы жайлы не айтасыз?

– Аудан экономикасына былтыр 8 млрд.242,6 млн.теңге инвестиция тартылды, бюджеттен тыс инвестиция мөлшері 4 млрд.615,9 млн.теңгеге жетті. Бұл – инвестициядағы үлес 56 пайыз деген сөз.

Ауданда дәл қазіргі таңда бірнеше инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген «Қаратал» селекция-гибридтық орталығы мал өсіру шаруашылығы негізінде ет және шұжық өндіруді қолға алды. Бұл жобаның құны – 5,4 млрд.теңге, шығарылатын өнім 100 пайыз экспортқа бағытталған. Бүгінде 3,3 млрд.теңгеге инвестиция тартылды, 65 жұмыс орын құрылған. Дания мемлекетінен әкелінген асыл тұқымды 335 бас шошқа бүгінгі күні төлімен бірге 6500 басқа жетіп отыр. Мұнда арнайы сою цехтары жасақталған. Сонымен бірге, «Тастөбе Агро Фуд» ЖШС-нің «Сүт өндіріс кешені» жобасы да үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Бұл жерде 70-тен астам жұмыс орын ашылған. Тәулігіне 10 мың литр сүт «JLC» сүт өңдеу зауытына өткізіледі.

Өнеркәсіп алаңында іске асырылып жатқан жобаларға тоқталсақ, ең алдымен, «Алматы Энерго Проджект» ЖШС-нің «Күн электр станциясы» жобасын айтуға болады. Бұл жобаның қуаттылығы күніне 4,95 МВт құрайды. Бүгінде өнеркәсіп алаңшасында 10 гектар көлемінде жер учаскесі жалға берілді. 2020 жылы осы кәсіпорын 1,3 млрд.теңге инвестиция тартты. Нысан осы жылы қосылады деп жоспарлап отыр. 6 жаңа жұмыс орын ашылмақ.

Ауданда 2021-2025 жылдар аралығында өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау тапқан бірнеше инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның бірі – «Инновациялық ферма Qazyna» ЖШС. Бұл жобаның мақсаты – мал азығы өндірісі және қойдың жоғары өнімді мал басын экспортқа шығару. Күтілетін нәтижесі – жоғары өнімді асыл тұқымды қой басын көбейту, ет, жүн алу бағытында өнімді арттыру және өз жемшөбін өндіру. Нәтижесінде, 19 тұрақты және 15 маусымдық жұмыс орнын құрылады. Бүгінгі күні 1000 гектар жер бөлініп, гемпшир тұқымының 300 ұсақ мал басы жеткізілді. 2021 жылы 125,0 млн.теңге инвестиция тартылды. Тағы бір жоба – «Гелиос» ЖШС қазіргі заманға сай форматта автожанармай құю станциясының құрылысын салуды жоспарлап отыр.

Өздеріңіз жуырда ашылуына куә болған, ірі инвесторлар келіп, бірнеше жыл тоқтап тұрған «Kazsilicon» ЖШС-нің кремний өндіру зауыты жайлы атап өткен дұрыс шығар. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауының нәтижесінде осындай жоғары өнімді кремний шығаратын зауыт модернизациядан өтіп, іске қосылды. Бұл кәсіпорында 200-ден астам жұмыс орны құрылды. «Kazsilicon» ЖШС жылына 6 мың тонна кремний өндіріп, әлемнің 20 мемлекетіне экспорттайды. Жобаның құны – 4 млрд.теңге. Алдағы уақытта зауыттың екінші кезеңін іске қосу арқылы 500-дей адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұдан бөлек, 150 орынды тойхана ашу, тағы бір жартылай фабрикат цехын ашу, мұнай базасын жаңғырту, жанармай станциясын салу, жылыжай кешенінің құрылысы және бақша дақылдарын егу сияқты жобалар бар. Бұл жобалардың барлығы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек. Қазіргі таңда Қаратал ауданы тұрғындарының жұмыспен қамтылуы 52,6 пайызды құрайды.

– Сіздің шетелде оқып, тәжірибе жинақтап қайтқаныңызды жақсы білеміз. Өзіңіз оқыған, білім алған университет пен біздің білім жүйесі туралы салыстырмалы түрде қандай пікір білдірер едіңіз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегімін. 2012 жылы «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Вашингтон қаласы, Джорджтаун университетінде оқып, экономика магистрі ғылыми дәрежесін иелендім. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, АҚШ-та білім беру бағдарламасы нақты бір салаға бейімдеп оқытады. Сондықтан, білім алушылар өз саласын жан-жақты игерген, кәсіби маман ретінде танылады.

Қазіргі кезде біздің елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен білім саласына, оның ішінде, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, білімнің сапасы мен оқушылардың тәрбиесіне баса көңіл бөлініп отыр. Бұл салаға бөлініп отырған қаражат көлемі де еселенуде. Біздегі Ұлттық бірыңғай тестілеудің енгізілуі де осы Батыстың білім саласынан алынған тәжірибе. Қалай десек те, білім алуда әр елдің өз әдіснамасы бар. Сондықтан, бір елді жоғары, бір елді төмендетіп салыстыра алмаймын. Білім жинаймын деген адамға кез келген елде мүмкіндік көп. Шетелде алған білімімді, тәжірибемді туған Отаныма әкеліп, кәдеге жарата алсам, одан асқан бақыт жоқ.

– Қызметте әкімсіз, ал үйде әкесіз. Отбасы, ошақ қасында қандайсыз? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Ұрпақ тәрбиелеуде қандай қағиданы басшылыққа аласыз?

– Мемлекеттік қызметте жүргендіктен, бос уақытымыз бола бермейді. Күнделікті жұмыстан қолымыз қалт еткенде спортпен шұғылдануға тырысамын. Спорт – денсаулық кепілі. Дана халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Оның ішінде футбол ойнағанды жақсы көремін. Аптасына екі рет мүмкіндігінше спортпен шұғылданамын.

Отбасымда жолдасым екеуміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараймын. Олармен әртүрлі тақырыпта пікір алмасып, өз ойымызды бір-бірімізге ашық айтуға тырысамыз.

Отбасы – шағын мемлекет. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген керемет сөз бар. Даналарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырған осындай нақыл сөздерін балаларымның санасына сіңіруге көп көңіл бөлемін. Балалардың отансүйгіштік қабілетін арттырып, патриот етіп тәрбиелеу әр ата-ананың борышы деп білемін. Осы қағида менің бала тәрбиесіндегі берік ұстанымым.

– Сөз соңында ел-жұртқа айтар ақ тілек, ұсынысыңыз, арман-мақсат, ой-пікіріңіз, өкшеңізден ерген жастарға, кейінгі ұрпаққа жеткізер ұлағатты сөзіңіз болса, мархабат.

– Иә, сөзімді қорытындылай келе, сіздерді, газеттің мың сан оқырманын жуырда ресми аталып өткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Қазақ халқы Наурызды бір ай бойы тойлаған деп айтылады. Сондықтан, кеш емес деп ойлаймын. Тәуелсіз еліміздің әрбір отбасына молшылық пен амандық, өркендеу, өсіп-өну, өрлеу тілеймін!

Бүгінгі күні тәуелсіздікке қолы жеткен азат елміз. Тәуелсіздікке қолы жеткендер де бар, жетпегендер де бар. Бірлігі жарасқан халық, түрлі ұлт пен ұлыстар тату-тәтті ғұмыр кешсе, бізге керегі сол. Біздің табиғатымыз өте бай. Әсем қала да, көз тартар табиғат та, биік шың, көл мен теңіз де бәрі-бәрі Қазақстанымыздың сарқылмас қазынасы іспетті. Ел ішіндегі татулық пен бірлікті, өзара құрмет пен жарастықты нығайту жолында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін ерекше мақтанышпен айта аламыз. Кім болсын келер күнін тек жақсылықпен тосатыны хақ. Біз бейбіт елдің астында таңымызды атырып, күнімізді батырып жүрміз.

Біз – бақытты елміз. Сол бақытты бағалай білу керек. Осындай киелі шаңырақта өмір сүріп жатқан әрбір жан алтын уақытын тектен-текке емес, тәуелсіздіктің сақталуы жолында жұмсағаны абзал.

Тәуелсіздік отын өшіріп алмай, сақтау жолында алда талай іс күтіп тұр. Бейбіт еліміздің әр күні жаңа жетістіктер мен жағымды жаңалықтарға толы болсын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Қуаныш ТҰНҒАТАР

Қаратал ауданы

Алматы облысы