САРҚАНДА ТАУ ТУРИЗМІ ӨРКЕНДЕЙДІ. ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫҢ КЕЗЕКТІ ІССАПАРЫ

Уақыты: 22.04.2022
Оқылды: 1193
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жұмыс сапарымен Сарқан ауданына келіп, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен аудандағы 994 га жері бар «Самал» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, көктемгі дала жұмыстарының жүру барысын бақылады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Шаруа қожалығының басшысы Ермек Қалиевтің айтуынша, 50 га қант қызылшасы, 65 га көп жылдық шөп, 80 га жүгері, 100 га күздік бидай, 150 га қытай бұршағы, 156 га жаздық арпа егілуде. «40 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 240 мың теңге. Бұл – былтырғы көрсеткіш, биыл тағы қосамыз. Минералды тыңайтқыштардың бағасы шешілді. Басында өте қымбат еді. Арзандатылған жанаржағармай алдық. Көктемгі дала жұмыстарын аяқтап қалдық. Күздік егін ойдағыдай шықты. Жерде ылғал бар. Жақсы өнім күтеміз», – деген Ермек Сағындықұлы биыл су мөлшері жеткілікті болып, өнім көлемін арттыруды көздеп отырғанын айтты.

Келесі кезекте аймақ басшысы 12 спорт түрінен 37 жаттықтырушысы бар, 243 бала дайындалып жатқан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметімен танысты. Мұнда жаңадан салынатын спорттық-сауықтыру кешені мен орталық футбол алаңының жобасы да талқыланды. Сондай-ақ, мектептің ішін аралап, дайындалып жатқан спортшылармен әңгімелесті. Әрмен қарай Қанат Алдабергенұлы аудандық орталық ауруханының күрделі жөндеу жұмыстарын көріп, аудандық Мәдениет үйінде туризм саласы бойынша Балқаш көлі жағалауын дамытуға арналған жобалармен танысты. Аудан әкімі Талғат Қайнарбеков тұрғын үй құрылысының жоспары, жаңа шағынауданда салынатын көппәтерлі тұрғын үй, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруде қолға алынған шаралар, энергетика саласы жайлы толыққанды баяндады.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаев аудандық Мәдениет үйінде өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен барлық сала бойынша қол жеткізілген көрсеткіштер туралы сөз етті. Айталық, өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 6,5, ауылшаруашылығы – 2,2, сауда – 5,3, құрылыс – 5,4 пайызға ұлғайды. 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, облыс экономикасына 97 млрд.теңге инвестиция тартылды. Ал, жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 31 пайызға өсіп, 102 млрд. теңгені құрады. Аймақ басшсы Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстарына бөлу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыра келе, ауданның экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

- Аудан қант қызылшасы мен майлы дақылдарды негізгі өндірушілердің бірі болып табылады. Биылғы ауылшаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 98 мың гектарды құрады. Жыл сайын 20 мың тоннадан астам көкөніс, 7 мың тоннадан астам алма өсіріледі, ал көкөніс қоймалары жоқ. Мал шаруашылығында 30 мыңнан астам сиыр бар, жылына 40 мың тонна сүт өндіріледі. Алайда бірде-бір сүт-тауарлық ферма құрылмаған, – деген Қанат Алдбергенұлы аталмыш салаға жауапты орынбасары, ауыл шаруашылығы басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, қайта өңдеу өндірістерін, сүт-тауарлық фермалар мен көкөніс қоймаларын ашу үшін инвесторлар тарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, озық технологияларды қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін арттыру, істен шыққан ішкі ирригациялық желілердің жөнделуін ерекше бақылауға алуды міндеттеді.

Сарқан ауданы - балық шаруашылғын өркентеуде қолайлы өңір. Алайда балықпен айналысатын тек екі ғана шаруашылық тіркелген. Келешекте дәл осы салаға үлкен көңіл бөлініп, даму жоспары бекітілмек. Ауданда 21 кәсіпорын жұмыс істейді, олар 8,7 млрд теңгенің немесе облыс көлемінің 0,6 пайызын құрайтын өнім өндірді. Сол қатарда электр энергиясын өндіретін «Baskan power» ГЭС-1» ЖШС, дәрілік шөптер өңдейтін «Азия голд» ЖШС, «Ақбұлақ» сүт зауыты сияқты іргелі өнеркәсіп орындары бар. Дегенмен, облыстағы 134 мың шағын және орта бизнес субъектісінің әзірге 3 мыңы ғана Сарқан ауданына тиесілі. Өткен жылы Сарқан ауданында инвестиция тарту 20,6 пайызға артып, бұл көрсеткіш 13,6 млрд.теңгеге жеткен. Бұл ретте аудан әкіміне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде шағын кәсіп иелеріне қолдау көрсету тапсырылды.

Ауданның туризм саласына лайықты өңір екеніне ерекше тоқталған Қанат Бозымбаев:

- Мұнда тау туризмі мен Балқаш көлінің жағалауын дамытуға ерекше мән беріледі. Қазір «Балқаш» туристік-рекреациялық аймақ» жобасының егжей-тегжейлі жоспары дайын. Осы аймаққа жүргізілетін инженерлік коммуникация жүйелері құрылысының да жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Балқашқа апаратын жол жөнделіп жатыр. Осы шаралардың барлығы мұнда келетін туристер легін 5 есеге арттырады деп жоспарланып отыр. Балқаш жағалауында заманауи демалыс аймағын құрып, сервис сапасын көтеру үшін инвесторлар тартуды жандандыру керек, – деп ауызсу, газдандыру, білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және басқа да маңызды салалар жайлы жеке-жеке баяндады.

Кездесу барысында Сарқан қаласындағы ауызсу сапасына қатысты тұрғындардың сауалына облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «Бұл таулы аймақта орналасқан елді мекендердің бәріне ортақ мәселе. Басқа аудандарға барғанда да осы мәселе алдымыздан шықты. Биылғы жылы бас тоғанның құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары қыркүйекке дейін дайындалып бітсе, келесі жылға қаржы бөліп, жұмысты бастауға тырысамыз. Жалпы тұтас облыстағы ауызсу мәселесін 2-3 жыл көлемінде шешуге болады», – деп нақты жауап берді.

Жиынға қатысушылардың сұрақтары бойынша Қарабөгет ауылындағы әл-Фараби атындағы мектептің ағымдағы жөндеуіне қосымша 100 млн. теңге бөлінетін болды. Сонымен қатар, Алтынсу каналын, Сарқандағы Қабанбай батыр көшесін, Орталық стадионды жөндеу мәселелері қайта қаралады. 1993 жылы салынған аудандық мешіт 100 шаршы метрді құрайды. Яғни, 100-ден аса адам ғана сыяды. Оның үстіне күрделі жөндеу жүрмеген. «Мешітті күрделі жөндеуден өткізуге жәрдемдессеңіз әрі аудандағы ауылдардың ара қашықтығы алыс болуының себебінен мешітке қызметтік көлік берілсе», – деген сауалға Қанат Алдабергенұлы: «Бұл мәселе реттеледі. Алдымен қолайлы жер таңдап алып, жаңа мешіт салу қажет. Оның жобалық-сметалық құжатын дайындап, қаржысы анықталған соң демеушілердің көмегіне жүгініп, қоғам болып кірісу керек. Ал, екінші сұрақ бойынша бір айдың ішінде көлік беріледі», – деді.

Тұрғындармен кездесу барысында мұғалімдерге жасалатын әлеуметтік қолдаулар, аграрлық шаруашылықтарға жеңілдікпен берілетін жанар-жағар майдың сапасы, электр жарығының тарифі, жастар саясаты, тұрғын үй құрылысы жайлы да сұрақтар қойылып, толыққанды жауап берілді. Кейбір мәселелердің нақты шешу жолдары ұсынылып, барлық сауалдар бақылауға алынды. Келешекте тиісті шаралар қабылданып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын жобалар іске аспақ.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Сарқан ауданы

Алматы облысы