ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДА ҚЫЗМЕТТІҢ 93 ПАЙЫЗЫ ОНЛАЙН ФОРМАТТА КӨРСЕТІЛЕДІ

Уақыты: 25.04.2022
Оқылды: 1461
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қысқа уақытта салымшылар мен алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, өз қызметтерінің көп бөлігін онлайнға ауыстырды. БЖЗҚ-ның қызметтерін дамытудың негізгі бағыттары Қордың 2017-2021 жылдарға арналған Корпоративтік даму стратегиясында жазылған болатын.

Зейнетақы қызметінің сапасын арттырудағы бағыттардың бірі – электрондық және қашықтан қызмет көрсету форматын дамыту. Бұл ретте БЖЗҚ сайты мен мобильді қосымша, e-gov порталы мен  мобильді қосымша, әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштерді орындауға электрондық форматта көрсетілетін зейнетақы қызметтерінің ауқымын кеңейтті.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ қызметтің 93 пайызын электрондық форматта көрсетеді. БЖЗҚ сайтында және мобильдік қосымшасында салымшылар кез келген уақытта және кез келген жерде жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алып, деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, сондай-ақ, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беріп, төлем алу туралы өтініштің мәртебесін қадағалай алады. Онлайн қызметтердің  шамамен 70 пайызы БЖЗҚ сайтында немесе мобильді қосымшасында көрсетіледі.

БЖЗҚ-ның электрондық қызметі мен қашықтан қызмет көрсету жүйесін дамыту мақсатында 2017-2021 жылдары ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, «Қазпошта» АҚ, екінші деңгейдегі банктер және басқа мемлекеттік органдардың деректер базасы мен ақпараттық жүйелері біріктірілді. Осылайша, жасына байланысты төлем алуға өтінішті алдын ала тексеру; ЭЦҚ тексеру және жеке басын сәйкестендіру; ақпараттандыру, қызмет көрсету үшін бір реттік құпиясөзді жіберу; жасына байланысты төлем алуға тірелген өтініштерді қабылдау; белгіленген мүгедектік бойынша деректерді тексеру; азаматтардың жеке деректерін, куәландырушы құжаттар мәртебесін, өмірлік мәртебесін тексеру; туыстық байланыс бойынша деректерді тексеру; трансфер-агенттік қызмет көрсетуді іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Деректер базасын біріктірудің арқасында БЖЗҚ қызметтерінің 20 пайыздан астамы өтінішсіз қызмет көрсету форматында көрсетіледі. Оған міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу кіреді.

Айта кетейік, салымшылар мен алушыларға қатысты мәселелерінің бір бөлігі қашықтан қызмет көрсету арқылы шешіледі. Қор мамандары: Call-орталық, "Chat2Desk" (WhatsApp, Telegram, Viber мессенджерлері және Facebook пен ВКонтакте әлеуметтік желілері), БЖЗҚ веб-сайты мен ұялы қосымшасы (кері байланыс қызметтері, онлайн-кеңесші, Басқарма төрағасының блогы) және т.б. байланыс арналары арқылы түрлі тақырып бойынша мәселелерді жылдам әрі оңай шешеді.

2021 жылдың басында ҚР «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Оған сәйкес, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейтін емделуге ақы төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқық берілді.    

Егер БЖЗҚ ережесіне сәйкес, өтініштерді орындауға 5 жұмыс күні берілсе де, іс жүзінде ол қысқа мерзімде (1-2 күн)  жасалады. Уәкілетті операторлармен бірлесе реттелген үдерістердің арқасында рәсімдердің басым бөлігі (тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге барлық қажетті құжаттарды ұсыну) уәкілетті оператор тарапынан «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылды. Инвестициялық портфельді басқаратын компаниялармен де үлкен жұмыстар атқарылды. БЖЗҚ сайтында басқарушы компаниялар туралы қажетті ақпараттан бөлек, ИПБ жинақтарын аудару қызметі де ұсынылды. Санаулы минуттың ішінде Қор салымшылары өз жинақтарын төрт ИПБ-ның біріне аудара алады.

Қорытындылай келе, соңғы бес жылда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы жинақтарын сенімді есепке алу және әрбір салымшыға қолжетімді сапалы зейнетақы қызметін көрсетуді негізгі мақсат пен міндет ретінде ұстанғанын атап өткен жөн. Қор қызметкерлерінің басты міндеті – діттеген мақсатқа жету мен қызметтер сапасын жақсарту. Қазіргі уақытта БЖЗҚ 2022-2026 жылдарға арналған жаңа Корпоративтік даму стратегиясын қабылдап, оның шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді автоматтандыруды әрі қарай жалғастырып, қызмет көрсетудің белсенді түрін дамытып, жетілдіре түсетін болады.

«БЖЗҚ» АҚ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ