БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ БЕРЕКЕ, ӘДІЛДІК ЖӘНЕ ӨРКЕНДЕУ БАР - ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ

Уақыты: 02.05.2022
Оқылды: 1647
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Тыныштық пен бейбітшіліктің белгісі саналатын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Талдықорған тұрғындары «Жастар» мәдени-демалыс саябағына жиналды. Жұртшылықты мерекемен құттықтай келген Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ саябақта өтіп жатқан түрлі шараларды тамашалады.

Салауатты өмір салтын ұстанған жандар спорттық жарыстар: қолкүрес, арқан тартыс, күрес, асық ату, гір көтеруден сынға түссе, гимнастика және басқа да спорт түрлерінен бүлдіршіндер жаттығу үлгілерін көрсетті. Ұлттық тағам, қолөнер туындылары, музыкалық аспаптар қойылған этномәдени бірлестіктердің көрмелерінен келген қонақтар кәдесый сатып алуға мүмкіндік алды.

Жетісулықтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаған Қанат Алдабергенұлы: «Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлттар үшін бұл мерекенің маңызы өте жоғары. Бейбітшілік, тыныштықта күн кешіп, бала-шағамыз аман-есен өсе берсін. Елдің жағдайын жақсарту үшін еңбек ете берейік», – деп, этнос өкілдерімен естелік суретке түсті.

Ыстық ықыласын ақтарған «Арзу» ән-би ансамблінің әншісі Шахинам Құрбанова 60 жылдық тарихы бар ансамблінде өнер көрсетіп жүргенін мақтаныш етті. Керемет көңіл-күй сыйлаған осындай ауқымды шара ұйымдастырушыларына алғыс айтты.

Салтанаты мен сәні келіскен жиында немерелерін жетектеп жүрген ата-әже, ұл-қыздарын қыдыртқан ата-ана, құрбы-құрдастарымен қалжыңдасқан қыз-жігіттер назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, кәсіптік білім бағдары бойынша бос орындар жәрмеңкесі, оқу орындарының Ашық есік күні ұйымдастырылды.  Мерекелік шара түнге дейін жалғасып, кешкілік облыстағы өнер ұжымдары концерт қойды.

Алматы облысының әкімі 1 мамыр - Бірлік күніне орай БАҚ арқылы да өз лебізін білдірді. "Құрметті жерлестер! 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні баянды болсын! Бірлік бар жерде береке, әділдік және өркендеу бар. Кешегі ата-бабамыздан қалған қарапайым осы сөздің мәні бүгінгі күні де өте өзекті. Елім деген әр азамат ел бірлігінен артық, ел бірлігінен қымбат ештеңе жоқ екенін соңғы жағдайлардан кейін және түсінгендей.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру саясатының негізгі өзегі де ел бірлігін нығайтып, әділдікті үстем ету. Қазақстанда, соның ішінде, Жетісу өлкесінде тұратын этнос өкілдері қазақ халқының ұлттық құндылықтарын басты діңгек ете отырып, этномәдениеттерін дамытып келеді. Халқымыз «Ынтымақ түбі - игілік» деген. Бірлік пен достыққа, өркендеу мен өсуге бастайтын осындай игі байланыстарды одан әрі дамыта беруге баршамыз атсалысатын боламыз.

Баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс, ашық аспан, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін! Еліміз аман, жеріміз бүтін, заманымыз тыныш болсын!" - деді ол құттықтауында.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы