ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ҚАЛАЙ ӨТУДЕ?

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1616
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жазғы лагерьде демалу – әрбір балдырған мен ата-ана үшін арман екені даусыз. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалу қымбат, ата- ананың қалтасы көтере бермейді. Осыны ескерген мемлекет тұрмысы төмен отбасы балаларын жазғы демалыспен қамтуды қолға алған.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, Алматы және Жетісу облыстары бойынша 10993 оқушы жаз айларында тегін лагерьмен қамтылмақ. Мұнымен қатар екі облысқа қарасты 763 жалпы білім беретін мектеп пен 36 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылып тағы 155868 бала қамтылады. Сондай-ақ, 66460 оқушыны аудан, қала аумағындағы мәдени-тарихи орындарға экскурссияға апару, 91319 баланы ата-аналар мен демеушілер есебінен демалдыру, 1200 балдырғанды республикалық «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлеріне жіберу көзделген. Екі облыс бойынша жалпы 443312 оқушының 354650-ін, демек, 80 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған.

Алматы және Жетісу облыстарында оқушыларды жазғы демалыспен, сауықтырумен қамту мақсатында жұмыс істейтін 28 лагерь бар. Оның 8-і мемлекеттік,  20-сы жекеменшік. Биыл белгілі бір себептерге байланысты жекеменшік лагерьлердің 13-і ғана жұмыс істеуде. Оқушыларды жазғы сауықтырумен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 447,0 млн. теңге бөлінген. 
Әрбір балдырған үшін жазғы демалыстың қызықты әрі көңілді өтуін ұйымдастырып жатқан лагерь басшыларын сөзге тартқан едік.
Гүлнар Тайкенова, Алакөл ауданы, Көктұма ауылындағы «Шағала» сауықтыру лагерінің басшысы:
– «Шағала» сауықтыру лаге-  рі – айдынды Алакөлде орналасқан. Балалардың демалып, тынығуына қолайлы. Табиғаты өте жақсы, көлдің де шипалық қасиеті мол. Балалар жазда жақсы тынығып күш алса, қыс бойы суық тиіп ауырмайды. Осы ретте сауықтыру жаттығуларын жасатамыз. Түрлі ойындар ұйымдастырамыз. Құнарлы тамақтар беріп, денсаулығын қалыпқа келтіреміз. 
Ең бастысы, мұнда балалар ұялы телефон ұстамайды. Бұл балалардың ғаламтор шырмауынан бір мезгіл болса да алшақтап, тынығуына жол ашады. Мемлекеттік лагерь болғандықтан балалар тегін демалады.
Динара Қуатбекова, Қапшағай қаласындағы «Jellyfish Camp» лагерінің басшысы:
– Бұрын Алматы тауының етегінде жазғы демалыс ұйымдастырсақ, биыл Қапшағай жағалауынан демалыс аймағын жалға алып, жұмысымызды жүргізудеміз. Екі үлкен бассейн бар. Балалар сондашомылып, күнге қыздырынып,спортпен айналысады. Волейбол, футбол алаңдарында доп ойнап, бойларын да, ойларын да сергітуде. Оқушылардың осындағы әр күні қызықты өту үшін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Шығармашылықпен айналысып, сурет салады, актерлік шеберліктерін шыңдап, театрлық қойылымдар қояды. Бес мезгіл тамақ ішеді. Жеміс-жидекті тұрақты беріп, сүт ішу жағын қадағалап отырамыз.
«Jellyfish Camp» жекеменшік лагерь болғандықтан балалардың бір апталық демалысы – 56000, онкүндік демалысы – 80000 теңге. Жаз мезгілінде Алматы облысының 75 жеткіншегі мұнда тегін демалады. Жалпы  облыс бойынша лагерьлерде демалу құны 35 мыңнан басталып, 225 мың теңгеге дейін. Ол лагерьдің орналасу орнына, көрсететін қызметіне байланысты. Жазғы тілдік, туристік лагерьлер, дарынды оқушыларды олимпиадаға дайындау мақсатында ұйымдастырылатын лагерьлер де бар. Оқушылардың негізгі бөлігін жазғы демалыспен қамту үшін мектеп жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылыпты. Оқушылар мұнда аздаған уақытын өткізіп, ойын ойнап, өнерін ортаға салып, спорттық шараларға қатысып, үйіне қайтады. Бала күні  бойы табиғат аясында серуендеп, құмары қана ойнап, құнарлы тамақтанбаған соң, мұндай демалысты керемет деп айту қиын. 
Қазіргі жас жеткіншектердіңкөбінің әлжуаздығына қатысты Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы, «Айналайын» балалар үйінің әдіскері Жамал Баймадиева төмендігідей пікір білдірген еді.
– Қазір бойы ұзын, денесі мығым ұлдарды көрмейсің. Бәрі  жеген тамағына байланысты. Балалар бұрынғыдай ет, сары май жағып нан жемейді, айран, сүт ішпейді. Ең болмаса жаз мезгілінде денсаулықтарын нығайтып, табиғатта тынығып, жағажайға барып, күнге қыздырынбайды.
Биыл «Балалар жылы» жарияланды. Осы жыл аясында балаларға қандай игілікті іс жасап жатырмыз? Бір күн қыдыртып, қарнын тойдырғаннан мәселе шешіле ме? Одан да неге әрбір ауылға лагерь салып, үйірмелер, спорттық нысандар ашпасқа? Жазғы демалыста балалар лагерьге барудың орнына шалшық суға түсіп жүреді.  Жас ұрпақтың денсаулығын ойласақ, әр ауылдан бір-бір лагерь ашу керек. Ауыл балаларын толықтай жазғы демалыспен қамтуымыз қажет. Жетісудың табиғатына ешнәрсе жетпейді. Қаншама тамаша жерлері бар. Демеушілер тартып, сауықтыру лагерьлерін неге ашпасқа? Есесіне ертеңгі ел қорғаны болар балаларымыздың денсаулығы мықты болып өсер еді.

Шындығында «Балалар жылы» аясында балдырғандарға қандай қамқорлық жасап жатырмыз? Бұл жылды бір күндік шаралармен  жалаулатып жібермедік пе?

Алма ЕСЕНБАЙ