Біз соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін көріп отырмыз – Тоқаев

Уақыты: 19.04.2023
Оқылды: 1251
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік бағасының шарықтауын сынға алды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

“Біз соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін көріп отырмыз. Биыл қаңтар айында инфляция 21,3 пайызды құрады, шарықтау шегіне жетті”, – деді Президент. 

Тоқаев бұл ретте азаматтарға табыс әкелмейтін тұтыну несиелерінің көбейіп кеткенін де айтты. 

“Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы.Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін.Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осылайша жағдай реттелмесе банктерге де қауіп төндіретінін ескерткен Мемлекет басшысы несиені ең алдымен пайда әкелетін жобаларға құю керектігін ескертті. 

“Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады", - деді Мемлекет басшысы. 

Фото: ғаламтордан 

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ