Жұмыссыздар жайы алаңдатады

Уақыты: 28.10.2023
Оқылды: 1572
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жастар – ел болашағы. Бұл сөз жаттанды, әркім үшін жауыр болған тіркестей көрінер. Үңілсеңіз үлкен үміт пен сенімді көресіз. Елдің келешегін гүлдендіретін де, түрлендіретін де азаматтарды бүгін тәрбиелеп жатқанымыз еске түсер. Ал олардың қазіргі жүрісі сізді алаңдата ма? Оқуын енді аяқтаған жастан жұмыстағы тәжірибе сұрайтынымыз, ал оқып жүріп жұмысқа араласамын дегеннен дипломды нұсқайтынымыз бар. Жұмыссыз жастар жөнінде әңгіме кейінгі кезде жиі қозғалып жүр. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы «Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының небары 4,9 пайызы жұмыссыз деген мәлімет береді. Анығында солай ма? Елімізде NEET санатындағы жастар саны – 422 000. Сонымен қатар,  400 000-нан астам өреніміз өзін-өзі жұмыспен қамтыса, жұмыссыз жастар саны 80 000-ды құрап отыр. Яғни, бас-аяғы 900 мыңнан астам жас азамат тұрақты жұмыспен қамтылмай отыр деген сөз. Құзырлы органдар статистиканы үшке бөліп, жұмыссыз жастардың нақты санын жасырып қалып жатыр. Бұған қоса, өз елінде екі қолға бір күрек таппай, шет ел асып, жұмыс іздеп кетіп жатқан жастар мәселесі тағы бар. Ресми статистикаға сәйкес былтыр Оңтүстік Корея мемлекетіне 9 600 жас азамат жұмыс іздеп барды дегенімізбен, анығында аталған елдегі жастарымыздың саны 20 мыңнан асып отыр. АҚШ-та, Еуропада мыңдаған жас азаматымыз жұмыс істеп жүр. Бір ғана мысал, Street Workout-тан жеті дүркін әлем чемпионы, ақтаулық Ильдар Ягьяев Ұлыбританияда қырыққабат, брокколи теріп жан бағуға мәжбүр.

Бұл – біз үшін ауыр сын. Жастар шетелге кетіп жатса, оны басы артық статистикаға бүркемелемей, мәселені шешу жолын табу керек», – деді «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысында. 

Рас, әлеуметтік желі арқылы жиі байланысқа шығып, шет мемлекеттегі жұмысын көрсетіп, табысын да жасырмайтын жастар бар. Олар айналдырған 2-3 айда қалтаға мол қаржының түсетіндігін айтып, көріп отырғандардың да ойын сан-саққа жіберетіндігі анық. Өз мамандығы бойынша жұмыс таппай, басқа салада еңбектеніп жүргендері де қаншама?! Білім саласындағы таңдауға келгенде көп жас өз еркін, ебін бағамдай келетіндей көрінеді.   

Білімді жастарды дамыған қоғамның қиян-қиясынан көріп, ел өркендеуіне септігін тигізгенін бақылаудан асқан шаттану бар ма?! Білім саласында жастарымызға ерекше көңіл бөлініп, қолдау да жыл сайын артып келеді. Білімдіге өрістің кеңдігі қашанда анық. «Серпін» жобасы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бағдарлама негізінде 25 жоғары оқу орнынан осыған дейін 14 мыңнан астам түлек қанаттанған. Педагогикалық, техникалық және ауылшаруашылығы мамандығы бойынша білім алған жастардың 42 пайызы өңірлерде тұрақтап қалды. Бірақ кей өңірлерде әлі де маман тапшылығы байқалады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында құрылған жобаның берген жемісі осы. 

Бүгінде техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігі басты назарда. Аймақтарда сұраныс бойынша оқуға тапсыратындар көбейген. Ал Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, еліміздегі колледждерді жыл сайын 130-140 мың студент бітіреді. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша, соның 77 пайызы жұмысқа орналасады. Ал қалған 17,6 пайызы жеке кәсібін ашса, 11 пайызы түрлі себеппен жұмысқа орналаспайды. 

Жұмыс мәселесі жастар арасында өзекті тақырып. Осыған дейін де жазылған, әлі де жазылары анық. Бүгінгі жастың білім көкжиегі кең, ойлау қабілеті жылдам. Соған сай сұранысқа ие мамандықтарға қолдау көрсетіп, жастардың жолын аша білейік.

Серік ҚАНТАЙ