Жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1451
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорған қаласындағы №5 және №13 мектептер күрделі жөндеуден өтеді. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар білім ордаларының бүгінгі жай-күйімен танысып қайтты. 

Осы жылдың жоспарына енген екі ғимараттың жөндеу жұмыстары мамыр айында басталмақ. Бүгінде мектеп ұжымы қызу дайындықта. Кітапханаларды көшіріп, сыныптардың ішін біртіндеп босатып жатыр. 
Алдымен Жақсылық Мұқашұлы №5 М. Ломоносов атындағы орта мектептің директоры Қарашаш Бақтыбаеваға жолығып, бірқатар міндеттер жүктеді.
– Бұл білім ордасының ескі екендігін жақсы білемін. Сондықтан облыс басшысына жөндеу қажет ететіндігін жеткізген болатынмын. Сіздер жөндеу жұмыстарының басы-қасында болуларыңыз шарт. Мердігер компанияларға сенуге болмайды. Оларды үнемі бақылауда ұстап отыру қажет. Себебі, ертең мектепке ие болып қалатын сіздерсіздер. Сондықтан қазірден бастап  құрылыс жұмыстарын қадағалау жайын қолға алыңыздар, – деп ескертті.
Одан кейін №13 орта мектепке барып, ұстаздармен жолықты. Бұл білім ордасында 1983 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған  арнайы сыныптар ашылған болатын. Алайда мерекелік шаралар мектептің екінші қабатында орналасқан үлкен залда өтеді. Оған көбінесе мүмкіндігі шектеулі балалар қатыса алмай қалады. Өйткені оларға жоғарыға көтерілу өте қиын. Мектеп ұжымы Жақсылық Омарға осы мәселелердің ескерілуін өтінді.
Қос нысанды аралап қайтқан өңір басшысының орынбасары алдағы уақытта құрылыс жұмыстары өзінің толықтай қадағалауында болатынын айтты.

М. КҮМІСБЕК