Жетісу облысында зағип жандардың кітап оқуы жеңілдеді

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 688
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу  облысындағы «Қазақ зағиптар қоғамында» 544 адам тіркелсе, соның 373-і – С.Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың  оқырманы. Бұл ретте кітапхананың «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған» бөлімі  белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, бөлім қызметкерлері біраз уақыттан бері «Жанарым жүрегімде» жобасын қолға алған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кітапхананың «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған» бөлімі «Қазақ зағиптар қоғамының» ғимаратында орналасқан. Көз жанарындағы қиындықтарға қарамастан,  зағип жандардың оқуға деген құштарлығы ерекше. Кітапхананың бөлім меңгерушісі Гаухар Таукебаеваның айтуынша, бөлімде 4 қызметкер жұмыс істейді. Олар өз жұмысын барынша ыждаһатты атқаруға тырысады. «Мұндағы оқырмандар – ерекше қажеттілігі бар жандар. Түйсіктің сезімталдығы арқылы олар барлық іске икемділігін көрсете алады. Көбіне зағип оқырмандар үйде отырып-ақ телефон арқылы тапсырыс береді, ол кітаптар инватакси қызметі арқылы жөнелтіледі», - дейді мамандар.

Мұнда орнатылған сканерлеп және дауыстап оқитын құрал «Сара СЕ» машинкасы, сөйлейтін ноутбук, Л. Брайль жүйесі бойынша оқитын және жазатын компьютер, грифель шрифті, Брайль алфавитін тізетін тақтайша, үлкейтіп оқитын лупа сияқты құрал-жабдықтар – оқырман үшін үлкен көмекші. Белгілі болғандай, 2016 жылдан бері Мәскеу қаласындағы «Логос» онлайн-кітапханасы арқылы АV-3715 тіркеуіне тұрып, ондағы кітаптарды оқу мүмкіндіктері қарастырылған.

Бөлімде тифлоқұрылғалардың көмегі арқылы оқырмандарға «Жанарым жүрегімде» жобасы қолға алынғалы 5-ші жылға аяқ басты. Бұл жоба өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Жоба аясында зағип жандарды тифлокомпьютер сауаттылығына, яғни жеке компьютерді пайдалану негіздері мен интернет желісін пайдалана білуге үйретуде. Осы арқылы оқырмандар әр түрлі бағыттағы кітаптар, журналдар, аудиокассеталар тыңдай алады және өз көкейінде жүрген тақырыптары жайлы жазуға мүмкіншіліктері бар.

- Жобаның негізінде зағип жандарға арналған арнайы «Jaws for windows» бағдарламасының көмегімен ғаламторды қолдану арқылы қажетті ақпаратты іздеуді, оны «Ms word» тексті өңдеу бағдарламасына көшіруді үйретіп жатырмыз. Яғни оқырмандарымыз тексті компьютерде сканерлеп, ары қарай дыбысты бағдарламалардың көмегімен оқуға машықтануда. Сол сияқты бөлім қызметкерлері Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың 120 жылдығына орай Жетісу облысының көркемөнер галереясында «Бейнелеу өнерінің хас шебері» атты тақырыпта зағип жандарға арнап экскурсия сағатын ұйымдастырдық. Алдағы уақытта да оқырмандарымызға пайдалы болатын іс-шараларымыз бар, - дейді Г. Таукебаева.

Кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі Талдықорғандық Шырынгүл Смағұлова көру қабілетінің қиындығына мойымай, кітапты үзбей оқуға тырысады. «Адам қандай жағдайда да үздіксіз рухани өсіп-жетіліп отыруы керек. Ол үшін үнемі кітап оқуға тырысамын. Өзім Брайль қарпіндегі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», Сейітжан Омаровтың «Өмір тынысы», Шерхан Мұртазаның «Жұлдыз көпір», Софы Сматаевтың «Елім-ай» шығармаларын оқып шықтым. Кітапхананың бұл арнайы бөлімі – біздің рухани шаңырағымыз іспетті», - дейді Ш. Смағұлова.

Жалпы Жетісу облысының С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған бөлімінде  30 281 кітап қоры бар. Оның 6500-ге жуығы нүктелі бедерлі кітап, 3300-дейі дыбысталған әдеби кассета, 1098-і – электронды (аудиодиск) кітап.