Жүзу – бала денсаулығына пайдалы

Уақыты: 16.01.2024
Оқылды: 783
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жүзу – баланың денсаулығы мен үйлесімді дамуының кепілі. Сондай-ақ, ол физикалық және психикалық денсаулыққа жағымды әсер етеді. 

«AquaclubTomiris» сәбилерге арналған жүзу орталығы 2021 жылы 15 маусымда ашылды. Бала денсаулығына пайдасы бар орталықта сәбилер мен ата-анаға толық жағдай жасалған.  Айта кетелік, Талдықорғанда 3 айдан   7 жасқа дейінгі балалармен айналысқан жалғыз бассейн осы орталықта болды. Сондай-ақ, «AquaclubTomiris»-те ерекше балаларға арналған әдістеме және гидрореабилитация бар. Соның арқасында бүгінде көп бала жетістікке жетуде. Сондай ерекше балалардың бірі Бексұлтан Кенжебек.  

– Бексұлтан осы орталық ашылғалы бері, яғни, 3 жасынан бастап жаттығуға келеді. Дамуында ерекшелік болғандықтан оның қазіргі жағдайы алғаш келген жылға қарағанда өте жақсы. Аптасына 3 рет 30 минуттан бассейнге түсеміз. Қазірде балам өздігінен отыруды үйреніп, әріптерді айтып машықтануда. Осының бәрі гидрореабилитацияның арқасында, – дейді Бексұлтанның анасы Алтынай Манатқызы.

Бүгінде гидрооңалту орталығына 1000-ға жуық бала келіп, ем алған. Аптаның 6 күнінде жұмыс істейтін орталыққа күніне орта есеппен алғанда 30 шақты бала келеді. Ал бассейннің суы тәулік бойы сүзіліп тұрады. Орталықта, сонымен қатар, жуынатын және ойын бөлмесі мен арнайы сауна бар. 

– Бұл бассейнге мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларды қабылдаймыз. Жүзу барысында жеке жаттықтырушылар жұмыс істейді. Әр жылдың соңына қарай балалар өздері үйренген жаттығулары бойынша нормативтік емтихан тапсырады.  Мүмкіндігі шектеулі баланы жүзуге үйрету ғана емес, әлеуметтік ортаға бейімделуін де алға қоямыз, –  дейді гидрооңалту орталығының директоры Лаура Саниязова. 

Алдағы жылы кәсіпкер Лаура Серікқызы 2 айдан 14 жасқа дейінгі балалар айналысатын 300 орынды жаңа, үлкен бассейн ашуды жоспарлап отыр. 

Айғаным АЙТМҰХАН
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ