Жас ғалымдарға жаңа мүмкіндік

Уақыты: 20.01.2024
Оқылды: 868
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бірнеше жыл бұрын І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жанынан биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты құрылып, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуына мүмкіндік ашылған еді. Институт содан бастап ауқымды ғылыми жобалармен айналысып, біліктілігі мен техникалық мүмкіндігі арта түсті. 

Заман талабына сай 2022 жылы институт  биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда ғылыми-зерттеу институтының молекулалық генетика және геномика, биотехнология, экология бағытында 3 зертхана бар. Баспасөз туры аясында институттың мүмкіндігімен толық танысып, оның алдағы болашағына көз жеткіздік.

Жалпы, Жетісу өңірі аграрлы аймақ болғандықтан зертхана қызметкерлері ауылшаруашылығына қажетті өнімдерді зерттеп, дәнді дақылдардың жаңа түрін ойлап табумен айналысып жатқанын көрдік.                                          

Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының молекулалық генетика және геномика зертхана меңгерушісі, PhD докторы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Қанат Ермекбаев:

– Ғылыми-зерттеу қызметі ДНҚ-ның соңғы технологияларын пайдалану негізінде өсімдіктердің күрделі белгілерінің генетикалық және физиологиялық механизмдерін зерттеу арқылы дақылдардың биотикалық және абиотикалық стресс факторларына төзімділігі мен икемділігін арттыруға бағытталған. Зертхана қазақстандық бидайдың өсуін бақылайтын гендерді анықтап, олардың экономикалық әсеріне генетикалық сандық бағалау жүргізеді. Сондай-ақ, «Қазақстандық астықты жақсарту үшін жаңа генетикалық ресурстарды әзірлеу» атты грант аясында астық шығымдылығының компоненттерімен байланысты гендердің экзотикалық аллельдерін іздеу үшін бір мезгілде төрт генетикалық картаны жасауға бағытталған, – дейді.

Бүгінде зертханадағы мамандар Қазақстанның генетиктері мен селекционерлеріне селекция циклін (алты есе) едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды бейімдеу бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатқанын көрдік. Зертхананың техникалық базасы да соңғы кездері жақсара түскен. Заманауи зертханалық құрылғылар олардың ойға алған нәтижеге жетуіне үлкен мүмкіндік береді. 

Әрине, бүгінде бидайдың сан түрлі тұқымы бар. Осы дақылдың тұқымын жетілдірумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары да жұмыс істейді. Дегенмен, олардың дені қазақстандық тұқымдарды бір-біріне шағылыстыру жолымен тұқым селекциясын дамытуды мақсат етсе, мұндағы мамандар қазақстандық бидай тұқымы мен еуропалық өнімділігі жоғары бидай тұқымын шағылыстыру арқылы жаңа түрлерді анықтауға бар күшін салуда. Тіпті, шетелдегі осы саланың ғалымдарымен тәжірибе алмасып, тығыз бірлесе отырып жұмыс істейді. Бірақ бір жаңа тұқым сортын дайындау ұзақ жылдық барысты басып өтеді дегені болмаса, осы зерттеу институтының өнімі уақыты келгенде жетісулық егіншілердің көптеген түйткілді мәселесін түбегейлі шешуге септігі тимек. 

Ал институт жанындағы биотехнология және экология зертханасының жұмысы да қарқынды екен.  Оған PhD докторанты, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Сағыман Жадыра жетекшілік етеді. Олар Жетісу өңірінің аграрлық дамуына ықпал ететін микробиологиялық зерттеулер жүргізуге бағытталған. Ең бастысы, ашытылған сүт өнімдерін өндіруге, сондай-ақ, ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи жобалары бар.

– Біздің басты мақсатымыз – тағамдық микробиология-жергілікті дәстүрлі ашытылған тағамдардың микробтық әртүрлілігін зерттеу арқылы жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп дәстүрлі ашытылған сүт өнімдері негізінде экологиялық таза, сапасы жақсы сүт сусындарын әзірлеу, – дейді Сағыман Жадыра.

Расында аймақта жыл сайын мал басы өсіп, өріс малға толып, сүт өнімдерін өндірудің көлемі де арта түскені анық. Сонымен қатар, базардағы дүкендерде сүт өнімдері толып тұр. Оның бірі отандық, енді бірі шетелден жеткізіледі. Демек, барлығы тұрғындардың ағзасына пайдалы, денсаулығына тиімді деп айту ерте. Себебі, оларды дайындаудың технологиясын қадағалау мүмкін емес. Ал аталған институт ғалымдарының зерттеу жұмысымен танысып шыққан соң олардың жетістігі облыста өндірілетін сүт өнімдерінің сапалы әрі қауіпсіз болатындығына көз жеткіздік. Мұнан өзге, Жетісу өңірінің аграрлық әлеуетін ескере отырып, топырақ микробиотасының өсімдіктермен өзара әрекеттесу механизмін зерттеу, микроорганизмдерді пайдалана отырып, қант қызылшасы, арпа, бұршақ сияқты дақылдардың өнімділігін арттыру бойынша қолға алынған жұмыстар, ауылшаруашылығы зиянкестері мен ауруларға қарсы биологиялық жаңа технологияларын жетілдіру барысындағы ұмтылыстары да аймақ халқының болашағы үшін жасалып жатқан серпінді жұмыстар деп білдік.

Университет ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыруға да баса назар аударатынын білдік. Осы арқылы жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына мол мүмкіндік беріп отыр. Қазір бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі  500 млн. теңгеден асқан.

– Университетте 2023 жылы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру шеңберінде жалпы сомасы 124 млн. теңгеге 7 жоба, 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективті жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде 164 млн. теңгеге 1 жоба орындалуда. Сонымен қатар, гранттық қаржыландырудан бөлек өткен жылы 60 млн. теңгеге университеттің ғылыми құрылымдық бөлімдерінің 4 жобасы және «Jas ǵalym – 2023» жобасы бойынша 12 млн. теңгеге ғылыми жобалар орындалып жатыр. Қаржыландырудың жалпы сомасы 500 млн. теңгеден асты, – дейді университеттің басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Алефтина Бахтаулова.

Несін жасырайық, осыған дейін жұрт назарында: «І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті тек гуманитарлық бағытта білімгерлерді даярлайды» деген түсініктің қалыптасқаны анық. Алайда биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институтының бүгінгі таңдағы қол жеткізген нәтижесі және алдағы ауқымды жоспарлары бұл түсінікті жоққа шығарды.

Қажет АНДАС