ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ

Уақыты: 23.01.2024
Оқылды: 958
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазіргі таңда қазақ тілін пән ретінде оқыту түрлі бағытта жүргізіліп жатыр. Осы орайда қазақ тілін инклюзивті білім беру негізінде ерекше қажеттілігі бар балаларға оқыту мәселесі алдыңғы қатарға шыққанын баса атап өтуіміз қажет. Сондықтан көру, есту, сөйлеу, ақыл-ой бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы оқы бағдарламасын әзірлегенде қазақ тілін жете меңгерту міндеті бірінші орынға қойылуы қажет.

Себебі қазақ тілін жақсы білу ерекше қажеттіліктері бар балалардың толыққанды әлеуметтенуі, жеке дамуы және білім алуы үшін маңызды фактор болып табылады. Тілді игеру айналасындағылармен табысты және өнімді қарым-қатынаста болуына көмектеседі. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қазақ тілін оқытудың айрықша маңызға ие екендігінің бірнеше себептері бар. Атап айтсақ:

  1. коммуникация орнату. Тіл-қарым-қатынастың негізгі құралы. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар қарым-қатынас жасау барысында қиындықтарға тап болуы мүмкін, сондықтан ана тілін меңгеру әлеуметтенуді жақсартуға көмектеседі;
  2. когнитивті қабілеттерді дамыту. тілді меңгеру зейін, есте сақтау, ойлау және мәселелерді шеше білу сияқты когнитивті қабілеттердің дамуына ықпал етеді. Бұл балалардың интеллектуалды және когнитивті дамуы үшін маңызды ақпаратты талдау, салыстыру және синтездеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.
  3. еркіндік. Тілді түсіну және сөйлеу қабілеті балаларды тәуелсіз етеді. Олар өз қажеттіліктерін тіл арқылы білдіре алады, сұрақтар қоя алады және түрлі жағдаяттарға қатыса алады. Бұл өзін-өзі бағалауға ықпал етеді, себебі  балалар қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас жасай алады.

Тарихқа көз жүгіртсек, XVII ғасырда швейцариялық математик Я.Бернулли (1654-1705)  математикаға «интеграл» терминін енгізеді. Алдағы кезекті үш ғасырда «интеграциялау» термині философия, психология, әлеуметтану сияқты басқа ғылым салаларында да кеңінен қолданыла бастады. Бұл қатарға кейінірек педагогика да қосылды. «Интеграция» термині латын тілінен аударғанда integrare – толтыру, толықтыру, integer – біртұтас деген мағынаны білдіреді. Педагогикада «әлеуметтік интеграция» термині ХХ ғасырда пайда болды.  Алғашында бұл ұғым АҚШ-та нәсілдік, этникалық бөлінушілік мәселелерімен байланысты болса, кейінірек эмигранттардың балаларына қатысты қолданылды. Тек ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қана жоғарыда айтылған термин Еуропа халықтарының сөз қолданысында мүгедектігі бар жандардың мәселелері контексінде қарастырыла бастады. Педагогика тарихында ерекше білім беруді қажет ететін және дамуы қалыпты балалардың оқу әрекетіне бірлесе жұмылдырылуы жөніндегі еуропалық білім беру тәжірибесіне педагогикалық идеяларды енгізу И.Г. Песталоццидің (1746-1827) есімімен тығыз байлынысты. Ортақ білім беру идеясын, көру, есту, ақыл-ой даму бұзылыстары бар балаларды оқыту мәселесін XIX ғасырдың бірінші жартысындағы озық еуропалық мұғалімдер де (Франция, Германия, Австрия және т.б.) қолдады. Еуропа елдерінде XIX ғасырдың 40-50 жылдарынан бастап бастауыш мектептердің саны артты (1 сыныпта 80 бала) оқыды. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар мұндай жағдайда арнайы ашылған мектеп-интернаттарда оқыды немесе мүлде білім алмады. Кейін XIX ғасырдың екінші жартысынан XX ғасырдың екінші жартысына дейін инклюзивті білім беру жүйесі үзілді-кесілді екінші орынға қойылып, тіпті маңызды тақырып ретінде күн тәртібінде қозғалмады.  Ресейде 1806-1930 жылдары арнайы жабық мектеп-интернаттары болды. Бірақ балалар қоғамнан ажыратылған күйде білім алды. Кейін КСРО-да мүгедектер мүлде жоқ деп жарияланды, себебі ерекше адамдар көшеде көрінбейтін. Осылайша жалпы халық екі топқа бөлінді. Бұл жағдай қаншалықты парадоксальды болып көрінсе де, мүгедек жандарға белгілі бір деңгейде жағдай жасалды, дегенмен олардың құқықтары шектелді. Кейін әлемнің түкпір-түкпірінде наразылықтар бой көрсете бастады. Нәтижесінде әлемдегі алғашқы инклюзивті мектеп 1958 жылы Швецияда салынды. Школьгарден мектебі денсаулығында түрлі ақаулары бар балаларға қатарластарымен бірге білім беруді мақсат етті.  1970 жылы Швецияда Н.Бенк-Миккелсон және Б.Нирье «нормализация» тәртібін енгізеді. Бұл ұғымның негізгі қағидасы - мүмкіндігі шектеулі адамдардың білім алуға, жұмысқа орналасуға құқығы туралы ереже, сондай-ақ қалыпты жағдайға жақын өмір сүру. Сонымен қатар барлық бала дамуында қандай бұзылыс болса да, білім алуға құқылы әрі оны қоғам қабылдауы тиіс. БҰҰ-ның мүгедектердің мүдделері мен құқықтарын қорғау жөніндегі қызметінің нәтижесінде 1981 жыл «мүгедектер жылы» болып жарияланып, көмек көрсету бағдарламасы әзірленді. Сол бағдарламаның аясында инклюзивті білім беру жүйесінің ауқымы кеңейді. Демек, инклюзивті білім беру – барлық оқушыларды, олардың жеке ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру процесіне қосуға тырысатын білім беру тәжірибесі. Инклюзивті білім берудің мақсаты –  оқушыларға тең мүмкіндіктер сыйлау.     Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі 2000 жылдардан бастап айтыла бастады. 2011 жылдан бастап елде заңдар, заңға тәуелді нормативтік актілер қабылданды, олар әр баланың қандай да бір кемсітусіз білім алу құқығын бекітеді. 2022 жылы Білім министрлігі балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қағидаларын әзірледі.    Ерекше білім беруді қажет ететін, инклюзивті білім алатын балалардың кейбір түрлері:

  1.  интеллектуалды және даму кідірісі бар балалар: ақыл-ой кемістігі бар  немесе дамуында кідірісі бар балалар;
  2. физикалық шектеулері бар балалар: шектеулі қозғалғыштық, аяқ-қолдың болмауы;
  3. есту және көру қабілеті, сөйлеу бұзылыстары бар балалар: есту, көру,  қабілеті нашар, тілінде мүкістігі бар, сондай-ақ, зағип балаларды қамтиды;
  4. аутизм және аутизм спектрінің бұзылуы бар балалар: аутизм немесе аспергер синдромы;
  5. эмоционалды және мінез-құлық мәселелері бар балалар: агрессивтілік, депрессия және басқа эмоционалдық бұзылулары бар балаларды қамтиды.

Мүмкіндігі шектеулі бала үшін есте сақтауы мен ойлау қабілетінің мәні зор. Сол себепті балалармен психомоторлы және сенсорлы үдерістерді дамытуды сабақ барысында тіл оқытумен қатар қолға алу керек.  Жалпы, инклюзивті білім берудің негізгі принципі - әртүрлілікті тану. Инклюзивті білім беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне бірнеше өте маңызды талаптар бар. Cол талаптарға сәйкес бірнеше әдістерді ұсынуды жөн көреміз.    Біріншіден, мұғалім тек пәнді жете біліп қана қоймай, сонымен қатар сабақты ұйымдастырудың әртүрлі формалары мен әдістерін жақсы меңгеруі керек, бастысы: ақпаратты балаларға қолжетімді әрі қолайлы етіп беруге дайын болуы маңызды. Қазақ тілі сабақтарында практикалық жұмыстардың көпшілігі ақпараттық технологиялар көмегімен байланыстырылатынын, бұл материалды меңгеруді жеңілдететінін және керісінше жаңа міндеттерді тудыратынын есте сақтау қажет. Жеке оқушының да, бүкіл сыныптың да психофизикалық мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік, дағды құрылымын жеңілдету алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, ақпараттық технологияларды қолдану өте маңызды рөлге ие.  Daisy жүйесінің сөйлейтін кітаптары - электрондық қолжетімді ақпараттық жүйе. Көмекші технологияларға есту аппараттары, экранды оқу құрылғылары, арнайы функциялары бар пернетақталар және т.б. сияқты құрылғылар жатады. Мәселен, қарындаш ұстай алмайтын балалар дұрыс таңдалған көмекші технологияларды (техникалық жабдықтар, бағдарламалық қамтамасыз ету және тиісті білім беру технологиясы) пайдаланып, сурет салып, жаза алады. Сол сияқты сөйлей алмайтын балаларға компьютермен дауыстық байланыс орнатуға мүмкіндік беріледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытуда көмекші технологияларды қолданудың негізгі мақсаты – қарым-қатынас жасауға мүмкіндік беру (жазбаша немесе ауызша). Есту қабілеті нашар дамыған оқушыларға қойылған сұраққа визуалды немесе тактильді жауап беру тәсілін де сабақта қолдансақ болады. Яғни экраннан мәтінді көрсетіп,  ауызша сөйлесудің баламаларын ұсына аламыз. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ақпараттық технологияларды қолдану – өзін-өзі жүзеге асырудың тамаша мүмкіндігі.

Екіншіден, сабақ тек тәрбиелік, дамытушылық қана емес, сонымен қатар түзету-дамытушы болуы қажет. Сондай-ақ әрбір сабақта оқушыларға жеке-жеке сараланған көзқарас болуы керек екенін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар практикалық жұмысты дайындаған кезде бірден балалардың мүмкіндіктеріне сәйкес бірнеше нұсқаны ойластыру маңызды. Әсіресе, сөйлеу кемістігі бар балаларға және жазу жүйесінде қате жіберетін балаларға арналған әр түрлі фонетикалық, орфографиялық жаттығуларды жасатып отыру қажет.

Инклюзивті жалпы білім беруші мектебінің бастауыш сынып оқушыларының жұмыстарын талдау нәтижесінде әр түрлі қателердің жиі кездесетіні анықталды. Жазу жұмыстарының ішіндегі ең көп кездесетін: сөзде дыбыстарды шатастыру, яғни дыбыстық құрамның бұзылуы, соның ішінде әріпті акустикалық-артикуляциялық ұқсастығы (айтылуы) бойынша шатастыру сияқты қате түрлерін айтуға болады. Әсіресе оқушылардың к-қ, н-ң, з-с, б-п, д-т, г-к, і-ы әріптерді шатастыруы жиі болады. Мысалы бақдаршан - бағдаршам, таспақа -тасбақа, гөбелек - көбелек, бұгын - бүгін, дәпдер - дәптер, ілгіш - ілгіші, қариндапі-қарындаш (ы,і дыбыстарының түсіп қалған). Жоғарыда көрсетілген қателердің бірден-бір себебі – акустикалық-артикуляциялық ұқсастығы (айтылуы) бойынша фонемаларды жиі шатастыру балалардың фонематикалық естіп қабылдау, ажырату дағдыларының толық денгейде жетілмеуінен. Арнайы әдебиеттерде кинетикалық ұқсастығы бойынша әріптерді шатастыру сөйлеу тілінің орфоэпия заңдылығымен де, орфографиямен де байланысты емес деп қарастырады. Ондай қателер оқушыларда дыбыс пен әріп арасында байланыстың толық қалыптаспауынан болады. Яғни, бір жағынан фонема мен артикулеманың, екінші жағынан графема мен кинеманың байланыстарының жеткіліксіздігі болып саналады. Сонымен қатар балалардың жазуында әріптерді жазбай кетуі байқалады. Оқушылардың жұмыстарында сөздің соңғы әрпі немесе бірінші әрпі жиі жазылмай қалады. Мысалы, кемейтін - келмейтін, ұнады - ұнатады, таспқ - тасбақа, етк-етік, телдида-теледидар, қыыл – қызыл.

Көптеген авторлардың пікірі бойынша жоғарыда аталған қателердің жиі болу себебі – балалармен мектеп жасына дейін жазудың функционалды базисін (бейнелі-графомоторлы, сукцессивті, конструктивті және кеңістіктік түсініктерінің) дамытуға арналған арнайы жұмыстың ойдағыдай жүргізілмеуінен. Осы процестерді дамыту үшін жеке түзету бағдарламасы әзірленіп, сол бағдарламаға байланысты жазбаша және ауызша сөйлеу тілінде кездесетін қателерді түзетуге арналған көмекші құрал ретінде жұмыс дәптері қолданылуы қажет. Әрбір тақырып ережеден, жаттығу жұмыстарынан тұруы тиіс. Оқушының қызығушылығын арттыру мақсатында тапсырмалар түрлі-түсті болуы маңызды. Мысалы: дауысты дыбыстардың түрлері тақырыбына арналған ережедегі тапсырма оптикалық дисграфияны түзетуге бағытталған. Тапсырмада дауысты дыбыстар берілген, оқушылар сол әріптерді бояуы керек. Әріпті бояу арқылы көзбен қабылдауын, есте сақтауын (түсті, пішінді, өлшемін, көлемін) дамытуға болады. Бірінші тапсырманы орындау арқылы жуан дауысты дыбыстарды ажырата алуын анықтап, ұсақ қол моторикасын дамытамыз. Екінші тапсырма арқылы жіңішке дыбыстарды меңгеруін бекітуге болады. Үшінші тапсырма акустикалық дисграфияны түзетуге арналуы тиіс.

Үшіншіден, сабақ техникалық оқу құралдарымен, дидактикалық материалмен жабдықталуы қажет. Ұсынылған барлық материал баланың даму деңгейіне сәйкес, сабақтың логикасымен байланысты болуы негізгі міндет болып табылады. Егер компьютермен жұмыс болса, онда мұғалім балаларға экрандағы әрекеттердің барлық алгоритмін нақты көрсетіп, оқу әрекетіне жұмылдыруы маңызды. Сабақта өзіндік жұмысқа берілетін тапсырма толығымен ұқсас мысалдар талданғаннан кейін жасалуы қажет. Жаңа сабақты меңгеру әрқашан алдыңғы сабақтарда алынған ақпаратты қайталаудан басталғаны жөн.

Төртіншіден, мүмкіндігі шектеулі балалардың концептуалды аппаратының тар, ал логикасының аз дамуына байланысты болғандықтан практикалық әрекеттерге, оқушы тәжірибесіне, сондай-ақ баланың неғұрлым дамыған қабілеттеріне барынша сүйену қажет. Қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты барлық ұғымдар оған түсінікті ассоциацияларды тудыруы керек. Көптеген авторлардың еңбектерінде бастауыш мектеп оқушыларының сөздік қоры шектеулі екендігі баса айтылған. Балалардың осы тобына тән белгі (ерекше балалар) – әртүрлі патогенезге байланысты айтарлықтай жеке ерекшеліктерге ие болуы. Ерекше балаларда сөздік қордың нормадан аз болуы,  сын есімдер,есімдіктер, үстеулер сияқты сөйлеу бөліктерінің шектеулі қоры, осыған байланысты кеңейтілген мәлімдемелер жасай алмауы байқалады. 8 жаста сөйлеудің жалпы дамымауы бар балаларда синтагматикалық және парадигматикалық ассоциациялардың параллель түрде қатар өсуі байқалады, қалыпты сөйлеу қабілеті бар балаларда қарама-қарсы заңдылық айқындалған. 6 жастан кейін парадигматикалық ассоциациялар күрт өсіп, синтагматикалық ассоциациялар саны азаяды. Парадигматикалық және синтагматикалық ассоциация дегеніміз не?  Бұл – лингвистикалық негізде пайда болатын ассоциацияның түрі. Парадигматикалық ассоциация – сөздердің семантикалық байланысынан қалыптасқан ассоциация, мысалы, үстел-орындық, ұл-қыз, қара-ақ және т. б. Синтагматикалық ассоциация – сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыс принципі бойынша қалыптасады, мысалы, үстел-тұр, ұл-кішкентай, қара-көрпе және т. б.   Міне, осы мәселені жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешу қажет. Алғашында атаулы сөйлемдер, кейін жалаң сөйлемдер (бастауыш пен баяндауыштан тұруы қажет), одан соң жайылма сөйлемдерді құрау ең тиімді тәсіл болып табылады.

Қорыта айтқанда, инклюзивті білім беру жағдайында балаларға неғұрлым қолайлы  орта қалыптастыру маңызды. Сонда ғана ерекше білім беруді қажет ететін балалар әлеуметтенуге бейім болып, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Қазақ тілі пәнін ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқыту барысында А.Байтұрсынұлының оңайдан күрделіге әдісін пайдалану сөзсіз нәтиже берері анық.

 Шұғыла Айтқазы,
филолог

Фото: azattyq-ruhy.kz