ҮЗДІК ҮШТІКТІ ТҮЙІНДЕДІ

Уақыты: 24.01.2024
Оқылды: 894
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Астана қаласында жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша тұңғыш рет ауыл мектептерінің 9-11- сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасы өтті. Оған Жетісу облысынан 19 оқушы қатысты. 

Ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарынын анықтап, қабілетін білу және қолдау үшін оңтайлы жағдай жасау, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың зияткерлік дамуына қолдау білдіру мақсатында өткен олимпиадада Жетісу қоржынына қомақты жүлде түсті. Өңіріміздің намысын қорғаған команда 10 жүлделі орынға ие болды. Атап айтсақ, көксулық Жалғас Кульджақан (математика) мен алакөлдік Владислав Иванов (биология) I орынды иеленді. Ал  күреңбелдік Батыржан Жақатай, алакөлдік Нұрасыл Тұрарбек, көксулық Аяла Нұрлыбек химия, информатика, физика пәндері бойынша II орын алды. Ақсулық Ерасыл Тілебалды және Жансая Жексенбек, көксулық Жансерік Нұрланұлы, сарқандық Амина Каберова, қараталдық Ришат Жанат, математика, химия,  география, биология, информатика пәндері бойынша жүлделі III орын иегері деп саналды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының» жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін Жетісу облысы командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» аталымы бойынша ІІІ орынды иеленді.

АРДА БИ
Фото: gov.kz