Алдабергенов ауылына газ берілді

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 492
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ескелді ауданы Алдабергенов ауылына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып, бүгін елді мекенге көгілдір отын берілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Газ қосу рәсіміне арналған салтанатты шараға Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов, Жетісу облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Данияр Ысқақов, мердігер компания өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

Аудан басшысы өз сөзінде тұрғындарды құттықтап, қазіргі таңда халықтың бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелеріне, соның ішінде табиғи газбен қамту мәселесіне басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ескелді ауданында 33 елді мекен бар, оның 21-і газдандыруға жатады. Бүгінгі күні ауданда Алдабергенов ауылын қоса алғанда 5 елді мекен газдандырылған, Оларда жалпы саны 6200-ге жуық абонент бар. Келесі кезекте Бақтыбай ауылын газға қосу жоспарланған. Қазір ауданның 11 ауылында газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елді мекендерді газға қосу жыл соңына дейін кезең-кезеңмен іске асырылатын болады. Сонымен қатар 3 елді мекенді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Соның нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін ауданның 41 мың тұрғыны бар 21 елді мекені табиғи газға қол жеткізеді.

Төрт мыңнан астам тұрғыны бар Алдаберген ауылына тартылған газ желілердің ұзындығы - 107 км. Жобаның құны – 756,5 млн. теңге. Газ құбырының құрылысын «Компания ГазСтрой» ЖШС жүргізді.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, 2023 жылы жалпы сомасы 22,9 млрд.теңгеге газ тарату желілерін салудың 22 жобасы іске асырылып, соның нәтижесінде 1061 км газ желілері тартылған. Соның ішінде 11 жоба бойынша жұмыстар аяқталып, газ берілді, ал 11 жоба  2024 жылға ауыспалы. Оған қоса биыл облыстың тағы 22 елді мекенінде газдандыру жұмыстары басталды. Жалпы облыс көлемінде бүгінгі күні 319,0 мың адам газға қол жеткізді, яғни халықтың газбен қамтылу деңгейі - 45,6%.