"ҚАЙТАРЫМСЫЗ ҚАРЖЫ БЕРІЛЕДІ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӘЙЕЛДЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Уақыты: 05.07.2019
Оқылды: 1596
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Салтанат сарайында Алматы облысы әкімдігінің, «Жасыл экономика» G-Global дамыту Коалициясы мен «EXPO&WOMEN» ХҰ» ЗТБ-ның, "Coca-Cola" халықаралық компаниясының, сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылдағы өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру» тақырыбында іскер әйелдер форумы өтті.

Шара жұмысына «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры Іле ауданы «Прогресс» жекеменшік политехникалық колледжі, Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастық қоры, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы да өз деңгейінде қолдау көрсетті.

Шараны облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуалиев жүргізіп, алдымен облыстағы кәсіпкерлікті қолдау мен іскер әйелдерге көрсетілген қолдау барысын сөз етті.

– Елбасы өткен жылғы халыққа Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Бұл бастаманың мақсаты – ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ондағы сан саланы өркендету. Демек, ауылды өркендету елімізді дамытудың басты шарты. Жоба аясында ауыл кәсіпкерлерінің біліктілігін арттыру, сан саланы дамыту бойынша бірқатар шара көзделген. Олар ретімен іске асуда. Атап айтқанда, облыстағы әйелдердің үлес салмағы денсаулық сақтау саласында 81, білім беруде 71,2, қаржы саласында 70,7, мәдениет саласында 62, ауылшаруашылығында 33,6, өнеркәсіпте 32,9, құрылыс саласында 10,3 пайызды құрап отыр. Ағымдағы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 3,5 мың адам жұмыспен қамтылып, көпбалалы отбасы мүшелерінің үйде жұмыс істеуіне жағдай жасалып, 150 грант пен шағын несие бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақыттада жалғасын табады, – деді ол.

Жиында өз ойымен бөліскен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қаракөз Сүлеймен:

–  Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікпен айналысатындардың тең жартысы нәзік жандылар. Қазақ әйелі қай заманда да өзінің еңбегімен еленген. Бұдан кейін де солай бола береді. Қазір елімізде іскер әйелдер 500 мыңға жуық орта және шағын кәсіпорынды басқарып, 1 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Халықтың демографиясын арттырып отырған алтын құрсақ аналар саны 500 мыңнан асады. Оларға мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік көмек көрсетілуде, көрсетіледі, көрсетіле бермек. Демек, ауыл әйелдерінің кәсіби деңгейін өсіру Ұлттық комиссияның негізгі мақсатының бірі, – деді ол.

Іскер әйелдердің тәжірибесін жинақтап, қоғамның өркендеуі үшін пайдалану - алда тұрған міндет. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды «Жасыл экономика және G-Global дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова айтып берді.

– Коалиция бастамасымен облыстарда ауыл әйелдерінің форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірінші рет Жетісу жерінде ұйымдастырып отырмыз. Сол үшін аймақ басшылығына алғысымызды білдіреміз. Негізгі мақсатымыз – ауылдағы әйел кісілерге бизнес ашудың мүмкіндігін айту. Өздеріңізге белгілі, 7 жылдан бері елімізде "Coca-Cola" белестері" атты үлкен бағдарлама жүріп жатыр. Осы арқылы ауыл әйелдерін оқуға шақырамыз, бизнес жобасын жүзеге асыруға көмектесеміз және озық идеяларға 4 мың долларға дейінгі көлемде қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетіледі. Сондықтан, бизнес ашамын деген ауыл әйелдері өз жобасын тамыз айының 20-на дейін бізге тапсыруы керек. Жеңімпаздарға қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ІІ республикалық ауыл әйелдерінің форумында қаржылай көмек тапсырылады, – деді ол.

Облысымызда "Соса-Соlа" белестері" бағдарламасы бойынша қаржылай көмек алып, өз жобасын жүргізіп отырған бірқатар кәсіпкер бар. Олар да бүгінгі форумға шақырылып, көпшілікке өз тәжірибелерін таныстырды. Сол қатарда «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры Елана Ожго аталмыш әлеуметтік жобаның жүзеге асуы туралы айтып берді.

Пленарлық мәжілістен кейін «Менің жетістігімнің тарихы» шеруі ұйымдастырылып, Іле ауданындағы «Прогресс» жекеменшік политехникалық колледжінің директоры, «Менің жетістігімнің тарихы – 2018 жыл» номинациясының лауреаты Жанна Телпекбаева өз тәжірибесімен таныстырды. Сондай-ақ, қараша айында өтетін Қазақстанның ауыл әйелдерінің екінші форумына делегат ретінде қатысатын лауреаттар жетістіктерімен бөлісті. Осыдан кейін "Соca-Cola" белестері" жобасының 2013-2018 жылдардағы жеңімпаздары және "Пекин: ЕХРО-2019" іс-шарасына қатысушылардың диалог алаңы құрылып, Денис Теннің «Экоферма» Жасыл технологиялар орталығының тәжірибесі» атты шеберлік сабағы өтті. Сол қатарда Жанна Телпекбаеваның «Қызметкерлерді тарту мен ынталандырудың жолдары» және  Бақытгүл Елшібаеваның «Қазіргі заманғы бизнес басқару дағдылары» атты тренингі көрсетілді. «Ауылда жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға арналған қолжетімді бағдарлама» (Отбасылық фермерлік шаруашылықтарды дамыту қоры және «Investment Consulting Agency» ЖШС) жобасының тұсаукесері өтті.

Қажет АНДАС

Алматы облысы