Әйел мен бала қорланбасын

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 337
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Зорлық-зомбылық. Бұл термин қазір жасқа да, жасамысқа да етене таныс. Себебі, бүгінгі қоғамда асқынып тұрған мәселенің бірі осы. Бейресми деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түсетін өтініштер 3 есеге артқан. Демек, тұрмыстағы мұндай келеңсіз жайттар жыл сайын емес, күн сайын артып келеді деген сөз. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған. Себебі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан адам шығыны да орын алып жатқаны өкінішті. Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарды қайта қарады. Нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. 

Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ, отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Атап айтар болсақ, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Бұрынғы заң аясында қол көтерген күйеуі әкімшілік жазаға тартылып, 15 тәулікке қамалатын болса, жаңа заңда ондай мүмкіндік жоқ. Енді біреудің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендердің өзі 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал жарақаты ауыр болса 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Енді қол көтеру дегеніміз  әкімшілік емес, қылмыстық жаза болып өзгертілді. Жаңа заңның нормасына сәйкес әйел және бала құқығын қорғау үшін енді жергілікті жерлерде «Қолдау» орталықтары ашылады.

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары қарастырылды. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ, өзін-өзі өлтіруді насихаттау да қылмыстық жауапкершілікке жатты. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза күші қатайды. 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Қысқасын айтқанда, әйел мен баланың қорғаны күшейді. Енді әйел де, бала да заң аясында қатаң қорғалады.  

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: kz.kursiv.media