ЗЕЙНЕТАҚЫ ТУРАЛЫ ЕҢ КӨП ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

Уақыты: 09.09.2019
Оқылды: 1139
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

БЖЗҚ қызметі, зейнетақы жинақтары және жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілдері жайында жиі қойылатын сұрақтарды назарларыңызға ұсынамыз.

– Менің жалақы мөлшерім аса көп емес, демек БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлемеуіме бола ма?

– Жоқ. ҚР барлық азаматтары ай сайынғы зейнетақы жарналарын төлеп, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға міндетті. Зейнетақы жарналарының жиілігі жинақ көлеміне ғана байланысты емес, сонымен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өтілге де байланысты. Жүйедегі өтіл базалық зейнетақыға тікелей әсер етеді. Зейнетке шығуға әлі уақыт бар болса да, банктерден несие алған кезде ай сайынғы зейнетақы жарналары маңызды көрсеткіш болып табылады. Бұл сіз үшін жүйеге белсенді қатысудың тағы бір ынталандырушы көрінісі.

Қазақстан Республикасның «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Занының 24 бабында тек белгілі санаттағы тұлғалардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылатыны туралы жазылған:

1) Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар (еркектер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58 жасқа толған кезде. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әйелдер 58,5 жасқа толғанда, одан әрі жыл сайын жарты жылға ұлғайып, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап - 63 жасқа толғанда);

2)  егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;

3) әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ, арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жойылған адамдар;

4)  еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар;

5) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар босатылады.

Бұл тізімге кірмейтіндердің барлығы зейнетақы жарналарын міндетті түрде төлейді, сол арқылы өзінің жеке зейнетақы капиталын қалыптастырады.

– Кенші болып жұмыс істеймін. Маған түсіндіргендей, жұмыс беруші ай сайын 10% міндетті зейнетақы жарналарымен қоса,  5% міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын өз есебінен аударуға тиіс екен. Салымдардың дер кезінде аударылғанын қалай қадағалуға болады? Жұмыс беруші салымдарды аудармай, уақытынан кешіктіріп жатса, оған қандай шара қолданылады?

– Әрине, зейнетақы шотының, міндетті және міндетті кәсіби зейнетақы жарналарының жай-күйін әркез тексеруге болады. Осыған орай, БЖЗҚ сізге барлық жағдайларды жасап отыр. Мысалы, БЖЗҚ-ның кез келген кеңсесіне баруыңызға болады. Онда шоттың жай-күйін біліп, сондай-ақ, ақпарат алу тәсілін таңдау туралы қосымша келісім жасауға болады: жылына бір рет әдеттегі пошта хаты арқылы немесе сіз таңдаған кезеңділікпен көрсетілген мекенжайға электрондық хат жіберу арқылы. Интернет арқылы ақпарат алу ең ыңғайлы болып табылады. Жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасы арқылы шотыңызды тексеруіңізге болады. Осы тәсілді пайдалану арқылы жеке шотыңызды кез келген ыңғайлы уақытта қадағалай аласыз. Егер сізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, онда үзінді көшірмеңізді тексеріп, Қорға бармай-ақ ақпарат алу тәсілін таңдай аласыз.

Енді міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) ұғымына түсініктеме бере кетейік. МКЗЖ жұмыс берушінің өз пайдасы есебінен жұмысшы пайдасына аударылатын 5% қосымша жарнасы болып табылады. Қосымша жарна аудару себебі, кеншілер қауіпті, денсаулыққа зиянды еңбек жағдайларында, өндірістік орындарда жұмыс істейтін мамандықтар тізіміне кіреді. Денсаулыққа зиянды, өмірге қауіпті ортада жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін қосымша зейнетақы жарналары аударылады.

Егер жұмыс беруші Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіпте және мерзімде арнаулы салық режимі қолданылатын шаруашылық субъектісі болмаса, табыстарды төлеу айынан кейінгі айдың 25-нен кешіктірілмей МКЗЖ төленіп отыруы тиіс. МКЗЖ уақытылы аударылуын салық органдары қадағалайды. Ал егер жұмыс беруші дер кезінде Сіздің зейнетақы шотыңызға қаражат аудармаса, салық органдары жұмыс берушіден әрбір кешіктірілген күн үшін есептелген сыйақы сомасымен бірге БЖЗҚ-ғы шотыңызға ай сайынғы салымды аудартады.

– Қазақстанда зейнетақы жарналарының сақталуына қандай кепілдіктер бар?

– Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында  көрсетілгендей мемлекет жинақталған зейнетақы қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді  2003 жылы қолға алды. Сол уақыттан бастап мемлекет жеке зейнетақы шоттарындағы қаражатты қорғауды өз міндеттемесіне алды. Бұл іс жүзінде жасалған жарналар көлемінде ғана емес, сонымен қатар инфляцияны ескере отырып жүзеге асырылады. Егер зейнеткерлік демалысқа шығу уақытында жинақ инфляцияға қарағанда төмен болса, онда бұл айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтеледі. Бұл механизм қаржы дағдарысы салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы төмендеген кезде 2009 жылдан бері белсенді түрде жұмыс істеп келеді.

Қаржы нарықтарындағы ахуалға байланысты зейнетақы активтерін инвестициялаудың кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты іс жүзінде жасалған жарналар мен нақты жинақ көлемі арасында айырмашылық бар. Демек, қызметкер зейнетке шықса, жинақталған зейнетақы жүйесіндегі барлық кезең үшін инфляция деңгейіне байланысты өзінің жинақталған зейнетақы қаражатының табыстылығын есептейді. Инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен асып кетсе, онда салымшыға мемлекеттік кепілдік төленбейді. Мемлекет тарапынан кепілдік табысы инфляция деңгейінен төмен болатын тұлғаларға ғана беріледі.

Мемлекеттік кепілдік зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар салымшыларға төленеді. Бұл құқыққа зейнеткерлік жасқа толған адамдар, мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған І және ІІ топтағы мүгедектер, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен азаматтар, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие болады. Мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар салымшы қайтыс болған жағдайда, қаражат мұрагерлерге аударылады. Бұл үшін өтініш пен жеке куәліктің көшірмесінен басқа мұрагерлерге қайтыс болу және мұраға құқық туралы нотариалды куәландырылған куәліктерді ұсынулары қажет.

– Мен 2-ші топтағы мүгедекпін. Өзімді қызықтыратын сұрақтар бойынша жеке кеңес алғым келеді. Осы ретте қызметкерлер үйге келіп, маған қызмет көрсете алады ма?

– Иә, әрине. 1 және 2-топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үйлерінде кеңес ала алады. Осы мақсатта Қорда «Мобильді агент» қызметі бар - ол денсаулығына байланысты кеңсеге өз бетімен бара алмайтын адамдарға баратын қызметкер. Осы қызмет түріне ие болу үшін сайтта өтінім қалдырып немесе 1418 нөміріне қоңырау шалу керек.

Сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету үшін Қор қызметкерлері алдын-ала қоңырау шалып, келетін күнін және уақытын хабарлайды. Сондай-ақ, әр қызметкерде қызметтік куәлігі болады, сондықтан күмән туындаса, сіз 1418 нөмірі арқылы Қордың байланыс орталығына хабарласып, осындай маманның шынымен БЖЗҚ-да қызмет жасайтынын біле аласыз.

«Мобильді агент» сапалы жұмыс істеу үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған: ноутбук, USB-модем, құжаттарды сканерлеуге, шығаруға арналған портативті көпсалалы құрылғы және т.б. Мұның бәрі салымшыларға БЖЗҚ-ның барлық қызметтер түрін алуға мүмкіндік береді: кеңседен тыс мамандар үзінді көшірме мен келісімшарт көшірмесін береді. Сондай-ақ, кеңес беріп, үзінді көшірме салынған конвертті күтпейтіндей, кез келген уақытта смартфон немесе компьютер арқылы өзінің жеке кабинетіне кіріп, барлық қажетті ақпаратты көре алатындай хабардар ету тәсілі туралы қосымша келісімдер жасайды.

– Біз БЖЗҚ кеңсесі жоқ шалғай ауданда тұрамыз. Енді барлық қызметтерді «Қазпошта» бөлімшелерінен алуға болатыны жайлы естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

– Дұрыс ақпарат. 2019 жылдың 15 сәуірінен бастап еліміздің шалғай елді мекендерін зейнетақы қызметтерімен қамту мақсатында «БЖЗҚ» АҚ және «Қазпошта» АҚ Қор салымшылары мен алушыларына қызмет көрсету бойынша бірлескен жобаны іске қосты. Бүгінгі күні 94 елді мекен тұрғындары Ұлттық пошта байланыс операторы арқылы келесі қызмет түрлерін ала алады:

– салымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің нөмірі, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту/толықтыру туралы өтініш беру).

– ақпараттандыру тәсілін өзгерту (анықтау) туралы келісімге қол қою (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу үшін).

«Қазпошта» АҚ арқылы қызмет көрсетуге Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының елді мекендері қосылған. Сіздің елді мекеніңіз біздің қызметтер көрсетілетін тізімде бар / жоғы жайлы Қор сайтынан (www.enpf.kz) біле аласыз.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Сурет ғаламтордан алынды