ЖҰМЫССЫЗ, БІРАҚ БИЗНЕС ИДЕЯСЫ БАР ЖАСТАРҒА 500 МЫҢНАН БЕРІЛДІ

Уақыты: 10.12.2020
Оқылды: 957
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сандуғаш Дүйсенова жетекшілік ететін облыстық "Қоғамдық келісім орталығы" ауыл жастарын қолдап, кәсіп ашуына жағдай туғызу мақсатында жаңа бастама көтерген болатын. Осы орайда жастардың ауыл өмірін жақсартып, өз кәсібін бастауына негіз болатын жобаларға байқау жарияланған.

"Jer Jannaty Jetisy" деп аталатын жобалар байқауының нәтижесі шығып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Жастарға қызмет көрсету орталығында өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысып, жүлдегерлерді құттықтады.

– «Қоғамдық келісім орталығының» бастамасымен жастардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік беретін игі істің куәсі болып отырмыз. Орталықтың келер жылға да ұсынып отырған біршама қызықты, тиімді жобалары бар. Оларды қолдауға дайынбыз. Бүгінгі байқау жеңімпаздарын құттықтап, істеріне сәттілік тілейміз, – деді ол.

Бұдан соң аудан-қалалардан жобаларын ұсынған 10 жасты марапаттап, 500 мың теңгелік сыйақы сертификаттарын табыстады. Жалпы байқауға облысымыз бойынша 80-нен астам бизнес идеялар ұсынылды. Соның ішінде нарықта өзекті болып табылатын жобаларға қолдау көрсетілді. Іріктеу комиссиясының құрамында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, Lider.Kz еріктілер клубының бизнес қоғамдастығы өкілдері, «Қоғамдық келісім орталығының» қызметкерлері болды. Ал қатысушыларға қойылған басты талап – облысымыздың 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғыны болуы тиіс. Жеке кәсіпкер және несиесі болмауы қажет.

Сандуғаш Елубайқызының айтуынша, ауылда өз кәсібін ашуды мақсат тұтатын, қолынан түрлі іс келетін шебер жандар баршылық. Солардың ішінде тігін, кондитер, дәнекерлеу цехтарын, полиграф салонын ашу, туристерге шаңғы жалға беру, кеңсе қызметтерін ұсыну, жиһаз жасау және есіктер орнату бойынша ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілген.

Осы сынды қолдауға тұрарлық көптеген жоба бар. Алдағы жылы жобаны қолдауға бөлінетін қаржы көлемін молайту көзделіп отыр. Өз ісін бастаймын деген жастар келер жылға өз жобаларын дайындап, қорғауға бүгіннен әзірлене бергені абзал.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы