ЕЛБАСЫНЫҢ ОНЛАЙН ҚАТЫСУЫМЕН ҰЗЫНАҒАШТА ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 15.12.2020
Оқылды: 1169
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ» атты форум өтті. Форум аясында Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Форум қатысушыларына арнаған сөзінде Елбасы: «Жастар жылының аясында дарынды балаларды қолдау үшін «Ел үміті» бастамасын ұсынған болатынмын. Бұл жастардың қабілеті мен кәсіби біліктілігін дамытуға арналған жоба еді. Сонымен қатар, біз тағы бір маңызды бастаманы – «Қамқорлық» жобасын жүзеге асырдық. Бүгін біз осы бастамалардың нәтижелерімен танысып, істеген ісімізді халыққа паш етіп отырмыз», – деді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан жастары жаһандық өзгерістердің алғы шебінен көрінуге тиіс екенін, интеллектуалдық әлеуеті зор дәл осы жастар батыл идеялар мен бастамаларды іске асыруға жол бастайтынын атап өтті.

Форумда «Ел үміті» жобасы интеллектуалды және шығармашылық тұрғыда дамыған, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді терең түсінген және мұқтаж жандарға көмек көрсету жолындағы елдің белсенді жастарын біріктіргені айтылды. Тұңғыш Президент «Мың бала» ұлттық олимпиадасының нәтижелері мен өзгерістерді қадағалау бойынша сала менеджерлерін оқыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысына тоқталды. Ал «Қамқорлық» жобасы – инклюзивті қоғамды дамыту жөніндегі әлеуметтік бағыт. Оның мақсаты – барлық азаматтар үшін тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау. Ауруханалар жанынан ашылған орталықтар мен мектептердегі инклюзивті қолдау кабинеттері ең озық құралдарды қолдана отырып, жыл сайын бес мың бала үшін әлемдік әдістер бойынша ақысыз кешенді оңалтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Бұл бастаманы қолдағаны үшін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына, Үкіметке және әкімдіктерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар 2021 жылы өңірлерде тағы 7 орталықтың ашылуына және Алматы қаласында екі орталықтың қайта құрылуына қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Сондай-ақ мен барлық өңірлерді әр ауданда осындай орталықтар ашуға және бұрынғыларын жаңартуға шақырамын. Осы арқылы біз мүмкіндігі шектеулі балаларды және олардың отбасыларын қолдау аясын кеңейтеміз», – деді Елбасы.

Өңірлермен бейнебайланыс түрінде өткен жиынға аудандық орталық ауруханада облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, аудан әкімі Бағдат Әлиев және облыстық денсаулық сақтау, білім басқармаларының басшылары Өмірзақ Ниязбеков, Майгүл Омарова, аудандық орталық аурухана директоры Дамир Сұраужанов қатысты.

Онлайн-жиында Елбасы бастамаларымен жүзеге асырылған игілікті істер баяндалып, «Ел үміті» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Марапатты «Ел үміті» бастамасының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әсет Исекешев тапсырды. «Елбасы медалі» жобасының қола медаль иегерлері қатарында Алматы облысынан Әсемай Әділханқызы болды. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 3-курс студенті. Ал жалпы «Елбасы медалі» жобасының қола медалімен еліміздің әр өңіріндегі 300 белсенді қатысушы марапатталды. Форумда Әсемай жалпыұлттық бастамалардың белсенді өкілі ретінде өзінің ой-пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, 30 қатысушы «Ел мақтанышы» сыйлығына ие болды. Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының жүлдегерлері ретінде ауыл-аймақтардағы 1 мың оқушы жеңімпаз деп танылды. Бұл жоба ауыл мектептерінде білім алып жүрген балаларды қолдау және ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып, жеңімпаздарды дарынды балларға арналған мектептерде оқытуға мүмкіндік береді.

Тұңғыш Президент қоры «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, Үкіметтің және аймақтардағы әкімдіктердің қолдауымен ерекше күтімге зәру балаларды қолдауға арналған «Қамқорлық» бастамасын іске асыруда. Бұл бастама аясында биылғы жылдың аяғы мен 2021 жылдың басында облыстарда қажеттілігі жоғары өңірлік мектептерде 16 инклюзивті кабинет және ауруханалар жанынан 8 оңалту орталығы ашылмақ.

Оңалту орталықтары медициналық ғимараттардың аумағында орналасып, қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Әр оңалту орталығы 13-тен астам бөлмемен жабдықталған. Онда жаттығу терапиясы және механотерапия, балеонотерапия, кәсіптік терапия, физиотерапия, логопедия, дефектология, биокерібайланыс терапиясы, бос терапия, шомгит, тұз бөлмелері қарастырылған. Орталықтар отандық және шетелдік үздік қондырғылармен жабдықталып, ең озық цифрлық және проекциялық технологиялар қолданылған. Осылайша оңалту орталықтарының жаңа үлгісі құрылуда. Форум аясында ашылып отырған сегіз орталықтың әрқайсысы үшін 29 маманнан тұратын топ дайындалды. Бұл әр баламен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Орталықта балалар 30-дан астам қызметті ақысыз алады.

Соның бірі осы ауданда Ұзынағашта есігін ашты. Бейнебайланыста Ұзынағаш ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Жанат Жәнібекқызы Айтхан сөз алып, сал ауруына шалдыққан кенже ұлына шипа іздеп шарқ ұрғанын, енді сол ауыр күндер артта қалып, ауылдан өзі сияқтылар үшін су тегін оңалту орталығы ашылғанына шын жүректен ризашылығын білдірді. Өзі сияқты жағдайдағы ата-аналар атынан алғысын жеткізді.

Форум аясында Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында сегіз оңалту орталығының тұсауы кесілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің ең қастерлі мерекесіне орай орталықтардың іске қосылуымен құттықтады.

Ұзынағаштағы мекеменің лентасын қиған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов онлайн-жиыннан соң орталықтың мән-маңызын атап өтті. Бұл орталық қысқа мерзімде, екі айдың ішінде ұйымдастырылғанын, жылына 600 бала қабылдай алатынын жеткізді. Оның айтуынша, келешекте мұндай орталық әр ауданда іске қосылатын болады, себебі өңірде арнайы маманның көмегіне мұқтаж бала көп. Облыс әкімінің қолдауымен, меценаттардың атсалысуымен келесі жылы Алматы маңында және Талдықорғанда төрт орталық ашу жоспарда бар.

Білім бәйгесінде облыстан «Елбасы медалі» жобасына 631 бала қатысып, 105 бала жеңімпаз атанса, «Ел үміті» бастамасына 1150 бала қатысып, 107-сі жеңді. Бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш. Алматы облысының балалары сан жағынан көптеп жеңімпаз атанғанын тілге тиек еткен Батыржан Байжұманов бұл білім саласының жетістігі екенін атап өтіп, осында төрт балаға марапаттарын табыстады. «Елбасы» төсбелгісі және «Елбасы» қола медалін Талдықорған қаласындағы агротехникалық колледжінің 3-курс студенті Назерке Дәулетке, Абай атындағы Қазақ ұлттық  педагогикалық университетінің 1-курс студенті Ерасыл Шегеевке ұсынып, ауыл мектептерінің 5 және 6 сынып оқушылары арасында өткен «Мың бала» Ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары Айзара Жұмабек пен Марлен Адамбековқа арнайы сертификат пен нотбук тапсырды.

Аудандық аурухана жанындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының жалпы алаңы – 810 шаршы метр. Аталған аурухананың бұрынғы әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге жергілікті бюджеттен 72,1 миллион теңге қарастырылған.

Орталық меңгерушісі Әсел Саурықованың айтуынша, ауданда мүмкіндігі шектеулі 200-дей бала бар. Тұңғыш Президент қорының есебінен жабдықталған орталықта 30 қызметкер еңбек етеді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы