ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ КОТТЕДЖДІ ҚАЛАШЫҚТАН 120 ОТБАСЫ ҮЙ АЛДЫ

Уақыты: 15.12.2020
Оқылды: 1096
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Талдықорғанда Тәуелсіздік мерекесіне орай коттеджді қалашықтан 120 үй берілді. Оның 30 баспанасы дәрігерлерге тиесілі. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Биыл жыл соңына дейін осы коттедж қалашығынан 24,8 мың шаршы метрлік 253 үй салынып бітеді. Аталмыш коттедж қалашығында барлығы 56,6 мың шаршы метрлік  620 жеке тұрғын үй тұрғызу жоспарланған.

Коттедж қалашығындағы салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов ашып, жүргізді.

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңадан салынған коттедж қалашығынан баспана алған тұрғындарды қуанышымен құттықтаймыз. Бұл тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынды. Қоныстарыңыз құтты болсын! Еліміз гүлдене берсін, – деді ол.

Бұл күні қаламыздың 30 дәрігеріне баспана берілді. Соңғы жылдары облыста дәрігерлерді қызметке шақыру үрдіс алды. Өйткені, облыс аумағында дәрігер мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Ол үшін медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы жасалуда. Осы орайда денсаулық сақтау саласының мамандарына баспана, жатақханалар көптеп берілуде. Сондай-ақ, студенттерді жатақханамен қамту да жақсы жолға қойылды. Биыл үш жатақхананың қолданысқа берілуі – соның дәлелі.

Жыл соңына дейін Қапшағай қаласындағы мектеп стадионы, Еңбекшіқазақ ауданында ауылдық дәрігерлік амбулатория, Сарқан ауданының Қарабөгет ауылында Мәдениет үйі қайта жөндеуден өткізіліп, Тасқұдық ауылында білім ордасы пайдалануға беріледі.

Талдықорғанда желтоқсан айында дәл осындай қоныстойлар жарасымды жалғасын табады.

Гүлжан ТҰРСЫН

Фото - Руслан ҚАДЫРОВ

Алматы облысы