ЖҮСІПБЕКТІҢ ӨЛЕҢІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 13.07.2023
Оқылды: 977
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, ғажайып жазушы, қазақ проза өнеріне алғашқылардың бірі болып қалам тартқан Жүсіпбек  Аймауытовтың еш жерде жарық көрмеген жыры табылды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ғалымдарының құпия құжаттарды зерттеу кезінде Жүсіпбек Аймауытов жазған делінген шығарманың табылғанын айтқан болатын.

Бұл орайда Жүсіпбек Аймауытовқа телініп отырған «Тез өлмен» өлеңінің ғалымдардың қолына қалай түскені жайында аз-кем ақпар берейік. Архив құжаттарында бұл туындыны Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған деп көрсетіледі. Ол ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы № 01093 ісінде сақталған. Бұл іс және басқа да көптеген құжат жақында Мемлекеттік комиссия аясында құпиясыздандырылған болатын.

Айта кетерлігі, шығарма төте жазумен жазылған. Сонымен қатар, орыс тіліндегі қысқаша түсіндірмесі де бар.

Туынды туралы Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты арнайы бөлімінің басшысы  Л. В. Кручинин жасаған тергеу хаттамасында да айтылады. Ол мұны алашордашыл азамат, Карлагта қамауда отырған Дамолла Битілеуовті тергеген кезінде анықтаған. Тергеу барысында Дамолла Битілеуов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да алашордашылармен қарым-қатынасы жайында айта отырып, Уайда Байбековпен екеуі Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі жайында әңгімелескенін тілге тиек еткен. 

Бұл шығарма үш бөліктен тұрады. Қазірдің өзінде ғалымдар өлеңнің мазмұны 20-шы жылдардағы дәстүрлі поэзияның стиліне жуықтайтынын айтып отыр.

Арда Би