Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЙНҰР ТӨЛЕУ: "ЖЫЛАП ТҰРДЫ ҚАЛАМЫМНЫҢ ҰШЫНДА АЙ"

Уақыты: 18.01.2020
Оқылды: 1062

Аспанды аңсау

Төңкерілген қазан сынды теріс қып,
Аспанымды аңсадым.
Бал мен уын  жер бетінің бөлістік,
Ал мен бүгін у ішкеннен шаршадым.

Қызық екен, мекендестер, жер деген,
Неге бізге біржола
Өлетін у бермеген?!

Бұл мекенде күн де жоқ қой
Бірақ сенсің ең ыстық!
Саған қатты ұнайды,
Қол ұстасып жүре алмайтын кеңістік!

Ұнайды ғой,
Саған осы жер-мекен.
Алыс жақтан айға сырды
Отырасың ақтарып.
Мен жайында жерлесіңе 
Айта алмайсың шаттанып!

Ей, ғизатым!
Миллиардтардың бөлшегі!
Жалғыздығын жұлдыз 
санап жұбатқан
Түсініксіз сендер жақтың өлшемі.
Соның үшін, бәлкім, сені ұнатқам,
Соның үшін жақсы көрем мен сені!

Қауырсын қар

Аңсаулардың, шаршаулардың саны аздай,
Аспан тағы мұңайды.
Қардың бәрі хат жазылған қағаздай,
Алдыма кеп құлайды.

Тыныштыққа сіңіп кеткен сәттердей,
Көз тастадым ұлпадағы кескінге.
Қойған еді өзің жақтан хат келмей,
Мен де сәлем жолдамағам ешкімге!

Кезікпеген кездің бәрі керемет,
Өртеп болдым өзімді өкпе-ренішке.
Қауырсыны қар боп жерге себелеп
Бәлкім, көкте түлеп жатыр періште.

Көңілдегі кейіпкер ең –
Көзімдегі жарығым.
Сен қаласаң жер бетінен жиып берем,
Қанатыңның шашыраған мамығын!

Көрші кемпір терезеден қарайды,
Ақымақ қыз аязға әбден тоңды деп!
Келісімге келейікші, жарайды,
Бүгін сені сағынамын соңғы рет!

* * *

Құс жолында қанат қақты қыз-құса,
Шемен көңіл жерде оны сезбеді.
Ғасыр солай кірпік қақпай ызғыса,
Шер балқыр ма көздегі?
Ол жылауды ұмытқан.
Беріш болған көкіректе сан күдік!
Құсасына қарамастан,
Жұлдыз болып көз қысқан
Аспан қандай әңгүдік?..

Таң атқанда,
Жаратқанға жұлдыз біткен 
шулайды.
Беріш – жүрек бүлк ете алмай,
Мендік жүрек тулайды.
Шулай берсін сансыз жарық,
Тулай берсін қамсыз ғаріп,
Енді Арзыгүл мендей қызды тумайды.

Ай астында
Дәуір көшіп барады!
Өңсіз тірлік өкпе қойдай жөтеліп,
Маған маңғаз қарады.
Ал тірілер мүлгіпті,
Күні бойы кеудесімен,
Бір-бір көрді көтеріп...

Қар жауған күні

Қомсынып беймаза мекенді,
Қонады қалаға қар әрең.
Қызғанып қызбаған шекемді,
Тынысын тартады қала әрең!
Мен қазір ұйықтаған бақытты әйелге,
Ақындық арқамды 
арқандай салар ем...
Көнер ме ең сен соған
Тысы кең, іші тым тар  әлем?

Түн еді...
Қала әрең мың шамын сөндірді...
Сөнбеген мыңдықтар тағы бар.
Терезе алдына телмірген,
Мендей сан мұңлықтар табылар...
Бұл мұңлық жер беті 
Мәңгілік дей салған
Көрмеген кеңдікті сағынар!
Ей, қала, 
Түнегі, шамы бар!
Сенің де сыздай ма жүрегің?
Дәл қазір Аспантек мейманды,
Әлімше қарсы алып тұр едім...    

Кездесу 

Таныдың ба?
Таныдың ғой, білемін!
Кеше ғана өрттен қалған Күл едім.
Гүл боп қайта түледім,
Енді өзіңді өртеу – менің тілегім.

Ынтығасың...
Жұпар жұтқың келеді!
Есіңде жоқ өртегенің, себебі!
Түсінбеп ем, – тұрған жерім қай алап?
Мезет сонда таң ба, әлде кеш пе еді?
Мөлдір-мөлдір көз жасымды
алақаныммен аялап,
Өртке сепкем...
Өшпеді!

Сыныққанат Жаныңды алып,
Желмен ұшып келдің бе?
Жалаңдаған жалынды
Алып
Санамаймын мен мүлде!
Күйкі әлемге қабағымды бір 
шытпай,
Күйдірейін,
Көзіңнен жас ыршытпай!
Күліп тұрып  өртен, егер, өр болсаң,
Біліп тұрып түтін жұттым 
тұншықпай...
Сол баяғы өлеңді оқы таң қылып,
Бірінші рет естігендей паң күліп.
Тұра берем,
Ту сыртыңнан
Сені шала жандырып!..

Сөзтүкпір

Сөз еді...
Жанымның өзегі!
Ол жайлы сүйкімді естелік
Есімді кезеді.

Өтірік сезімдер,
Көшеде жалған күз.
Сөзі жоқ үн естіп,
Үрпиіп қалғанбыз,
Себебі, біз кеше,
Сөз дейтін тұлпарды
үркітіп алғанбыз.

Жұп-жұмыр жүрегім,
Сөзсіз сан түңілді.
Ол барда сәуле едім,
Күн едім.
Сөз кеше тулады,
Содан соң сүрінді.
Жеткізбек болған ем,
Жетімек сырымды,
Ешкімге керексіз шынымды.
Сөзім жоқ болған соң
Естімей қойды әлем
Меңіреу мұңымды.

Кие сөз көшіпті,
Тұқымы қалмастан.
Біз жақта сөзсіздер,
Ұйықтатып ұятты,
Біреудің сөзінің,
Жалына жармасқан.

Бетімнен шығарып отымды,
Тұлпар – сөз осы деп,
О, неткен қасірет!
Сөзсіздер
Мәстекті мәпелеп отырды!

Алло!

Сенің жаның дірілдейді тамағыңда,
Тірісің!
Маңызды емес кім үшін,
Тірлік кешіп жүргенің!
Күллі әлемнің тыңдағандай 
тынысын,
Менің мынау тұрысым!
«Алло» дейсің,
Дір-дір етіп дыбысың.
Кім екенін білгің келіп,
Қашты ма екен тынышың!
Тамағыңда дірдектеген жан 
дыбысын естіген
Менің күйім құрысын!
Жүрегімді аяймын,
Қозғалыссыз саған қарай жүгірген,
Дауа іздеген сенің қоңыр үніңнен.
Танымадың бейшараны сен қалай,
Аяқсыз-ақ алдыңа кеп сүрінген!

Алматы

Көшесінде темір көші,
Тыншымайды бұл қала!
Шамдарымен жымиып,
Оған қымбат,
құн сұрайды бұлдана!
Бұл қала ма –
Көктемімді қымыз қылып сіміріп,
Жастығымды жұтып жатқан құлғана!

Маңғаз қала кір етегін жасырмай,
Жымияды жұлдыз сынды жанармен,
Басынан сөз асырмай.
Аузын ашып әлемде жоқ аранмен.

Сан қиялдың қырқып тастап қанатын.
Жұлдыз жайлы ойламайды қала тым.
Аспан оған не керек,
Әз оты бар өз ішінде жанатын!

Ұры – уақыт оның ізгі досындай,
Қалған оған тағдырымыз арбалып.
Екеуміздің жүрегіміз жылағанда қосылмай,
Қала тұрған қызыл-жасыл шам жағып.
Жасырмаймын, 
жиі көрем жирен күзді түсімде,
Көмейіме көміледі көп ойлар.
Біз адастық осы қала ішінде,
Осы күзде
адасады біздей тағы талайлар!

Жұлдыздың көлеңкесі

Сал дәуреннің салбыраған Әз басын,
Албыратып көтеруден қысылмай.
Сүрттім түнде бір дәуірдің 
көз жасын,
Жылап тұрды қаламымның 
ұшында Ай!

Жұлдыздарды сөз қып тізіп аспанға,
Өлең жаздым жарықтардың 
тілінде.
Қонып жатты көлеңкесі жасқанбай,
Ақ қағазға жазу болып күбірлеп.

Көз жасымның көлеңкесін таныдым,
Жұлдыз етіп бір кездері орнатқам.
Мөлт ете қап мейірімді жарығым,
Өлең болып тамып тұрды 
ол  жақтан!

Хат

Біздің ғасыр бұрынғыдай,
Сөз тізбейді параққа.
Хат келеді,
Хат өледі заматта!

Алаңдамай,
Маған қарай,
Сөз ұшады құлшынып,
Содан кейін сөніп кетер,
Уақытқа тұншығып.

Саған ұшты жанымның бір парасы,
Сөзге сіңіп мендегі мұң, сабыр, дем!
Жатырқамай жазғаныма қарашы...
Хат келмейді қабірден!

Сәуле сынды кеңістікте көсілген,
Жүйрік сөздер – жүректердің сыбыры.
Өшкен ойды дәл өзімдей кешіргем,
Дәл өзіңді кешіргендей бұрынғы.

Айнұр ТӨЛЕУ