Көктемнің бір күні жылға азық

Уақыты: 03.05.2023
Оқылды: 1924
Бөлім: ОН САУСАҚ

Сарқан ауданында иелігіндегі жер телімдерін тиімді игеріп, жаңа ауылшаруашылығы техникаларымен толық қамтамасыз етіліп, төрт түлігін өргізген, шаруасын шалқытып келе жатқан шаруашылықтың бірі – «Бекишов».

Алмалы ауылдық округінде орын тепкен қожалық басшысы, ел арасында қайырымдылық істерімен танымал Ерлан Бекішов. Ерлан Төлеубайұлы орта жастан асқан, өмірде көргені мен түйгені мол азамат. Іскерлігі мен ілкімділігінің арқасында ол шаруашылықтың ісін ілгерілетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып, қажетті жағдай жасап отыр.

Тоқырау жылдарында, дәлірек айтқанда 1997 жылдардың бастауында құрылған «Бекишов» шаруа қожалығы қазір аудандағы маңдайалды шаруашылықтардың қатарында саналады. Ерлан Төлеубайұлы басқаратын қожалық шаруаға қажетті техникалармен толық қамтамасыз етіліп, мемлекет қолдауын көріп отыр . Атап айтқанда 12-тракторы, 1-«Камаз» автокөлігі, басқа да қажетті техникалары бар.

Ендігі кезекте қызылша жинайтын комбайн алуды ойластырып жүрген қожалық басшысы ол мақсатына да жетері анық. Қызылша өсірумен 10 жылдан астам айналысып келе жатқан шаруашылық жетекшісі иелігіндегі – 50 гектар жерге тәтті түбір орналастырғандарын, келешекте техникаларын жетілдіріп көлемін 100 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап жүргенін де жеткізді.

Қарамағындағы жерге барлық ауылшаруашылық өнімдерін еккен қожалық басшысы суармалы алқаптың әрбір танабын тиімді пайдаланып биыл 200 гектар жерге жүгері де отырғызыпты.  Дақылдарды уақытында күтіп-баптап, баладай мәпелесе мол өнімге де қол жеткізуге болатынын, көктемнің бір күні жылға азық екенін жақсы білетін қожалық еңбеккерлері уақытпен санаспайды.

15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруашылық басшысы еңбек қызып, жұмыс күші жетіспейтін мезгілде қосымша маусымдық 5 жұмысшы алатынын да мәлімдеді. Жер өңдеп, одан мол өнім алуды көздеп жүрген шаруашылықтың шаруасы мығым, бағындырар белесі биік, демек еңбектері де жемісті болмақ.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы