СУ КӨЛІКТЕРІ СОҚТЫҒЫСПАСЫН: АЛАКӨЛДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ

Уақыты: 10.08.2021
Оқылды: 1111
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының тәртіп сақшылары гидроцикл иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Алакөл ауданының тәртіп сақшылары көл жағасында қызмет көрсететін гидроцикл иелерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Соңғы жаңалықтардан қайғылы оқиғаның орын алғаны бәрімізге мәлім. Аталған оқиғаның қайталанбауы және оның алдын алу мақсатында біз көл жағасында қызмет көрсететін гидроцикл иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Су көлігін жүргізу кезінде қолданылатын қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау бойынша нұсқау бердік. Мұндай көлікті басқаруда кейбір абсолютті ережелер бар, оларды сақтау сіздің және өзге де азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады, – дейді Алакөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуат Оспанов.

Аталған іс-шараға тәртіп сақшыларымен қатар төтенше жағдай қызметі де тартылды. Іс-шара барысында көл жағасында қызмет көрсететін барлық гидроцикл иелері қамтылды.

Суға шомылу маусымында барлық азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Біз сақтық шараларын ұстансақ қана қайғылы оқиғалардың алдын аламыз, – деп толықтырды Қ.Оспанов.

Еске салайық, жуырда Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысына тиесілі жағында су көліктері соқтығысып, адам өлімі тіркелген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"