ҮЙІҢІЗ ӨРТЕНСЕ КІМ КІНӘЛІ? ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 17.08.2021
Оқылды: 1424
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жеке тұрғын үйлердегі өртке кім кінәлі? Әрине, бірінші кезекте адами фактордың ықпалы зор. Яғни, адамның өзінің салғырттығынан, жауапсыздығынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Мәселен, үйдегі электр сымдарын, газ және басқа да токпен істейтін жабдықтарды, пеш құбырларын соңғы рет қашан тексердіңіз? Тез жанғыш сұйықтықтарды, олардың қайда тұрғанын қадағалап қоясыз ба? Пеш түтіні шығатын мұржаны қашан тазарттыңыз? Электр бұйымдарында ақау жоқ па?

Осы сауалдардың аясында Алматы облысы аумағында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Арнайы шара 15 қазанға дейін созылады. Яғни, жылыту маусымы қарсаңында тұрғындарға өрттен сақтану шаралары түсіндіріледі.

Өрт қауіпсіздігі айлығының негізгі мақсаты - жеке және көппәтерлі тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Осыған байланысты Алматы облысының төтенше жағдай қызметкерлері бірінші кезекте үй-үйді аралап, халықтың әлеуметтік осал топтары мен қолайсыз отбасыларды назарға алады. Шараға азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлерінен басқа полиция бөлімінің қызметкерлері, электр мамандары, газ шаруашылығының қызметкерлері, пәтер иелері кооперативі және БАҚ өкілдері, үкіметтік емес волонтерлік ұйым мүшелері тартылады.

Азаматтық қорғаныс қызметкерлері барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып және міндетті түрде қызметтік куәлігін көрсетіп, арнайы қызметтік киіммен аралайды.

"Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Естеріңізде болсын, біз сіздердің үйдегі өрттің алдын алуға, сондай-ақ, улы газ қаупін барынша азайтуға күш саламыз. Мұны тек бірлесіп, өзара түсіністік танытқанда ғана нәтижелі атқарамыз! Сіздерден тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз", - дейді өрт сөндірушілер.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"