ҚАЗАҚСТАН ШЕГАРАСЫН КӨЗДІҢ ҚАРАШЫҒЫНДАЙ ҚОРҒАУ - БҰЛЖЫМАС МІНДЕТІМІЗ!

Уақыты: 18.08.2021
Оқылды: 1098
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әрбір республиканың мемлекеттігін айқындайтын басты белгінің бірі – шегара. Көрші елдермен шектесетін таулы өлкенің, жазық пен сулы аймақтың тыныштығын күзету әрбір ер-азаматтың бұлжымас борышы, айнымас міндеті. Өйткені, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы шегара заставаларында қалыптасқан әскери тәртіптен басталатыны анық. Сондықтан шегараның беріктігін көздің қарашығындай сақтау керек.

Жалпы, ел шегарасының ұзындығы 13394 шақырымға тең. Оның 2000 шақырымынан астам тұсы Каспий теңізінде жатыр. Қазақстан шегарасының батыс, солтүстік-батыс және солтүстіктегі 7591 шақырымы  Ресей Федерациясымен шектессе, Алтай тауынан Хантәңірі шыңына дейінгі 1782 шақырымдық шығыс шегара Қытай Халық Республикасымен араны бөліп жатыр. Оңтүстігімізде түбі бір түркі жұртының бүгінгі ұрқы – ­ Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан сынды тәуелсіз мемлекеттер орналасқан. Олармен шектесетін аумақтың көлемі 4021 шақырымға тең. Осыншама ауқымды аймақты шегарашыларымыз күні-түні күзетіп, ел іргесінің берік әрі тыныш болғанын қадағалайды.

Бір қызығы, Каспий теңізінен Алтай тауына дейінгі, Хаңтәңірі шыңынан Ташкентке дейінгі аралықты алып жатқан кең-байтақ Қазақстанның тұмса табиғаты көрген жанды тамсандыра түседі. Басын мәңгілік мұз басқан биік таулары, жазда сағымы кілкіп, қыста дауылды бораны ұлыған жазық даласы, толқыны ақ көбіктене тасыған өзендері, тереңіне атты кісі бойламас көлдері батыр бабаларымыз аманатқа қалдырған мұра. Оны сол күйінде сақтап, келешек ұрпаққа аман-есен жеткізу – бізге міндет. Ондай асыл міндетті бұлжытпай атқарып отырған шегарашыларға сансыз алғыс.

Адамзаттың асыл тәжі саналатын пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.с) «Екі көз ақыретте тозақтың отына күймейді: біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап, шегара күзеткен көз»  деген асыл сөз қалған. Сол себепті жұртшылық қалың ұйқыға кеткен түн қараңғылығында ел іргесінің тыныштығын күзеткен ер-азаматтардың алар сыйы бар екенін ұғу қиын емес.

Ендеше, шегараны бойлай салынған темір қоршауды жағалап, ұшқан құс пен жүгірген аңның ізіне дейін назар аударатын 18 тамыз - Шегарашылар күні құтты болсын! Ел іргесі тыныш, шаңырағы биік болуына тілектеспіз!

Мәди ӘСЕТҰЛЫ

Сурет ғаламтордан алынды