АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕҢ ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 27.08.2022
Оқылды: 889
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында Конституция күні аясында ұйымдастырылған шарада 38 жас мемлекеттік қызметші ант қабылдады.

Жиында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов сөз сөйлеп, биыл өткен референдум еліміз үшін елеулі оқиға екенін атап өтті.

"Сіздерді еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі мереке - бұл жас мемлекеттік қызметшілер үшін салтанатты ант қабылдайтын ұмытылмас күн. "Бірлігі бекем ел мықты" деген сөз бар, біз ортақ мүдде мен биік мақсаттармен бірге жаңа Қазақстанның дамуы мен құрылуына өзіміздің елеулі үлесімізді қосатынымызға сенімдімін", - деді ол.

Жалпы, өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда 2321 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Жыл басынан 108 жас мемлекеттік қызметке қайта қабылданған. Олар күн сайын халықтың игілігі үшін еңбек етіп, біліктіліктерін көрсетіп келеді.

«Алдымен баршаңызды Конституция күнімен құттықтаймын. Өйткені, бұл біз үшін ең маңызды мейрамдардың бірі. Бүгін мемлекеттік қызметші ретінде ант бердім. Бұл тарихи сәт мен үшін үлкен мәртебе. Мемлекеттік қызметші мамандығын саналы түрде таңдадым. Алдағы уақытта ел дамуына өз үлесімді қосатыныма сенемін», - деді Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әсел Қалмұханова.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"